Аймақтар • 20 Қараша, 2023

Қараталға қарайласпай болмас...

325 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Меңдіқара ауданындағы Қарақоға ауылдық округі ресми түрде осылай аталғанымен, халық жадына Қаратал деген атаумен мықтап бекіген. Қаратал өңірі Ресейдің Қорған облысымен шектеседі. Екі аралықты Тобыл өзені бөліп жатыр. Бұл өңірдегі 7 елді мекенде кезінде 5 мыңнан астам халық бар еді. Қазір содан қалған 4 ауылда 900-ге жетер-жетпес адам отыр. Бұл үрдіске тоқтау болмаса, ұлт ғылымына Манаш Қозыбаев, Оразақ Смағұлұлы сынды мықтыларды берген құйқалы өңір Қараталдағы бірнеше қазақы ауылда он шақты жылдан кейін адам қалмауы мүмкін.

Қараталға қарайласпай болмас...

Бүгінде төрт ауылда тұрып жат­қан аз ағайынның тұрмысы жақ­сы. Көбі қаладан бір-бір үй алып қой­ған. Оған қартайған әке-шешесі мен бала-шағасын кіргізіп, өздері мал ба­ғып отыр. Көшесі құм астында қал­ған, көрші үйлердің арасы алшақ­тап, шашырап кеткен ауылдың жүдеу кейпі, тіпті жүрек ауыртады. Кіндік қаны осында тамған бір адам дүние салса, Қостанай мен Астананың арасына шашырап кеткен ағайын жол азабына қарамастан марқұмды туған жерге апарып қоюға күш салады. Ауылдан кеткен туыстар, көрші-қолаң, құда-жекжат осындай қаралы жиындарда ғана бас қосқаны болмаса, Қараталда ақ түйенің қар­ны жарылып, тойдың қазаны көтеріл­мегелі көп болған.

Шекара түбінде халықтың селді­реп қалуының басты себебі – жол қатына­сының қиындығы. Қаратал облыс орталығынан 145 шақырым қашықта жатыр. Қостанайдан шыққан соң, Теңізге кететін бұрылысқа дейін қиналмай жетуге болады. Бірақ одан әрі қарай Ұзынағашқа дейінгі 30 шақырым кеңес заманынан бері күтім көрмей, әбден тозып кеткен. Биыл бұл жолдың Қараталдан бері қарай шығатын 8 шақырымы жөнделіп, үстіне асфальт төселген. Бірақ қалған 20 шақырымның өзі түзу жолға жеткенше  әбден титықтатып жібереді.   

ва

Ұзынағаштан әрі жатқан Байғожа, Төлеңгіт, Құлшықай ауылдарына жету, тіпті, қиын. «Мұндай жолда кім тұрады? Адам ауырып қалса, ауруханаға жеткізе алмайсың. Аудан орталығынан ауылға дейін 3 сағат жүреміз», дейді жол азабын тартып отырған жергілікті тұрғындар. 

Төрт ауылдың бірі Төлеңгітте кезінде 60-қа жуық үй түтін түтеткен. Бүгінде содан қалған 20 шақты үйдің жартысына жуығы бос тұр. Мұнда отырған азын-аулақ ағайынды осыдан жарты ғасыр бұрын салынған қазақ мектебі ұстап тұр еді. Биыл ол да жабылып тынды. Бұл ауылдағы бір-екі бала Қараталға қатынап оқып жүр.

«Ауылда бос үй көп, қалада бір жер үй босаса, осы ауылдан бір отбасы көшіп кетеді. Үйлер бос тұр. Адам тұрмағаннан кейін, қанша дегенмен, тозып кетеді. Бір жылдан соң төбесі түсіп кетеді, еденін ұрлап әкетеді. Қақырайып-қақырайып тұр. Бұл жақта халықтың тұрмысы жаман емес. Байғожа, Төлеңгіт тұрғындарының әрқайсының қалада үйі бар. Мына жақта береке болмағаннан кейін, түбі бәрі көшетін сыңайлы. Мұнда қазір зейнеткерлер, мұғалімдер ғана ғой. Бір-екі серіктестік бар. Олар жұмысшыны көбіне сырттан әкеледі», дейді Қарақоға ауылдық округінің әкімі  Тілеуқабыл Дүйсенов.

Округ аумағындағы 3 жауапкерші­лігі шектеулі серіктестіктің  әрқайсы 5-10 мың гектар жерге егін егіп, мал өсіріп отыр. Аудан әкімдігінің сұрағанын та­уып беріп, мешіт, мектепке көмектес­кені болмаса, бұл шаруашылықтар­дың тұрғылықты халықпен байланысы аз. Көктемгі егіс егу, күзгі жиын-терім науқанына қажет жұмыс күшін негізінен сырттан жалдап отыр. Сондықтан олар уақытша сырттан келетін жалдамалы жұмысшылары жататын жатақхана, асхана салумен ғана шектелген. Ал азып-тозып бара жатқан ауылдың бір шетін бүтіндеп, тұрғын үй салсақ деген ойлары жоқ. 

Қараталдық кәсіпкерлер іргеде, шекара түбінде жатқан Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылын гүлдендіріп отырған «Мираш» шаруашылығын үлгі етсе игі. Шаруашылық басшысы Болат Қарабаев соңғы екі жылдың ішінде ауыл тұрғындарына 15 жаңа үй салып берді. Тұрғын үйлердің бәрі автономды газ құрылғысымен жылиды. Ыстық суы мен суық суы үй ішінде. Жылы едені, жуынатын бөлмесі мен дәретханасы, төсек-орны, автоматты кіржуғышы, ыдыс-аяғына дейін бар. Шаруашылықта жұмыс істейтіндердің де дені – жергілікті тұрғындар. Мұның сыртында, «Мираш» шаруа қожалығы ауылға медпункт салған. Жыл аяғына дейін жалпы көпшілік жуынатын кең монша ел игілігіне берілмек. Обағандағы  әлеуметтік нысандардың барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Тіпті шағын ауылда рестобар да ашылған. Ауыл жастары жұмыстан бос уақытта осы тойханада бас қосып, ішімдіксіз демалып, ойын-сауық құрады. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» демекші, елге жанашыр бір кәсіпкердің осындай игі істерінің нәтижесінде, Шалғайда, шекара түбінде жатқан ауыл дамып, гүлденіп жатыр. Жұрт ауылдан көшпесін, сыртқа кетпесін деп жанын салып жұмыс істеп жүрген абзал азамат Болат Жұмашұлы ауылдың үлкен-кішісіне бірдей бүкіл жағдайды жасап беріп отыр. Көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға да қайырымы мол. Ауылдың орталық саябағына 7 млн теңгеге субұрқақ, үлкен гүлзар, шағын футбол алаңын салды. Ауылды абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

рол

Ал Ұзынағаштың жағдайы қиын, округ орталығы саналатын ауылдың бір­де-бір көшесі отыз жыл бойы жөндеу көр­мей, батпаққа батып отыр. Болаттай береген азаматы болмағандықтан, бұл ауыл гүлдену, даму, өркендеу, абаттандыру деген ұғымдардан мүлде алшақ жатыр.  

«Келесі жылы үш көшені жөндейміз бе деп отырмыз. Сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Амандық болса, оған тағы бір көше қосамын ба деп отырмын. Жол, көше жөнделіп, ауыл сәніне келсе, жақсы болар еді. Бұған дейін өз күшімізбен шамалап балалар алаңын жасадық, соғыстан қайтпаған аталарымызға арналған ескерткішті жөндедік. Шағын саябағымыз бар. Жағ­дайға қарай ақырындап қимылда­ғымыз келеді. Шамалап ақша да бөлінеді, дегенмен демеушілер жақсы болу керек қой. Сол жағы өте қиын», дейді ауыл әкімі Тілеуқабыл Дүйсенов.   

Басқаны қойып, күнкөрісі тек төрт түлік малға ғана қарап отырған Қаратал өңіріндегі ауылдар жайылымнан да таршылық көріп отыр. Бұл өңірдегі егістік алқаптары Байғожа, Төлеңгіт ауылдарының іргесіне кіріп кеткен. Тұрғындардың айтуынша, қайта кейінгі 4-5 жылдан бері Тобыл тасымай тұр. Өзен тасыса, екі аралықтағы алапты су алып кетеді де, халық малға тұяқ басар жер таппай қалады. Екі ауылды жан-жақтан егістік алқабы қысып тастаған. Сондықтан елдің малы көбіне өзен бойындағы жыра-сайларға жайылады. Ауыл тұрғындары жылда су тар­тыл­ғанша маусым айына дейін осындай қиыншылық көреді.

«Жалпы, округ бойынша мал басына шаққанда біздің жайылым жеткілікті десе болады. Мысалы, ауылдық округ орталығында мал жаятын жер кеңірек. Бірақ Байғожа мен Төлеңгіт, Құлшықай жағы жайылым тапшылығын тартып отыр. Олар малын Ұзынағашқа әкеп бақпайды ғой.  Сондықтан әр ауылдың өз жайылымы болуы керек», дейді ауылдық округ әкімі. 

Меңдіқара ауданында қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектеп бар. Соның бірі – Қараталдағы О. Қозыбаев атындағы қара шаңырақ, кезінде мың бес жүзге дейін бала оқытқан білім ұясы. Бұл мектепке 2006 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Іштегі дәретхананың кәрізі бітеліп қалған. Сондықтан балалар қыстай сыртқа жүгіріп шығады. Мектеп директоры Аманболат Сәдуовтің айтуынша, бұл мектепке Құлшықай мен Төлеңгіттен 4-5 бала қатынап оқиды. «Ауданға 4 автобус бөлінген. Бірақ біздің мектепте бала саны аз. Сондықтан жаңа автобус алған бір мектептің ескі ГАЗелін берді. Ол қазірше жүрмей тұр. Қосалқы бөлшегі келсе, өзіміз оңдап аламыз», дейді мектеп басшысы.

Қаратал өңірінде интернет байланысы да жоқтың қасы. Ұялы теле­фо­ныңыздың нөмірі «Билайн» опера­торына тиесілі болса, бұл жақта байланыс аясынан тыс қаласыз. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық  құрыл­тайда сөйлеген сөзінде шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кеткенін тілге тиек ете келіп, «Шекаралық аймақтарды да­мы­ту – еліміз үшін стратегиялық ма­ңы­зы бар үлкен мәселе. Шекара ма­ңын­дағы елді мекендердің ахуалы жері­міздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді», деген еді. Президенттің осы сөзінен кейін кәдімгідей еңсеміз көтеріліп, кеудемізде көмескі тартып бара жатқан үміт оты қайта маздағандай болды», дейді ауыл тұрғындары.   

Жол жөнделетін болса, Жарсуат пен Төлеңгітте тұратын біраз азамат Қостанайда ата-әжелерінің қолында оқып жатқан балаларын кері қайтарып алуды көздеп отыр. Мұның сыртында, ауылдық округтің шетінен  жаңа шекара бекеті салынып жатыр. Бекет салынып болған соң, шекарашылар да көбейіп қалуы мүмкін. Бұл да көңілге сеп.

 

Қостанай облысы