Тағзым • 20 Қараша, 2023

Қазақтың ардақ тұтқан арысы еді

283 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Ресейдің Кемер өңірінен жеткен суық хабар иісі қазақтың қабырғасын қайыстырғаны кәміл. Тарихи Отаны­нан жырақта жүрсе де, ұлтының атын шығарып, халқымыздың ыстық ықы­ласына ие болған арыс азамат Амангелді Молдағазыұлы Төлеев келместің кеме­сіне мінгеніне көңіл сенер емес.

Қазақтың ардақ тұтқан арысы еді

Тұрғындарының саны 2,6 млн-ға жуық, оның 90 пайыздайын орыс ұлтының өкілдері құрап отырған ірі облысты 20 жыл абыроймен басқарып, ар-намысына дақ түсірмей, шынайы даңққа бөленіп өткен Амангелді ағамыздың өмірі мен қызметі – өсер елдің болам деген баласы үшін өшпес өнеге. Кешегі кеңес одағы халқын ғана емес, азшылық ұлттардың құқықтары аяққа басылып жататын коммунистік режімге сынай қараған күллі әлемнің көзі ашық жұртшылығын да қайран қалдырған Төлеев феномені, шынында да, таңғаларлық құбылыс болғаны даусыз. Біздіңше, оның басты сыры – Амангелді ағамыздың өмір бойы адалдық пен әділдікті, ар мен намысты ту етіп ұстанып өткенінде болса керек. «Тегінде бар тегі озар» демекші, оның тегі де осал болмағаны, Қалнияз ақын дастан арнаған атақты Балуанияз батырдың ұрпағы екендігі белгілі.

«Тұлғаны уақыт туғызады» деген сөз рас. Амангелді Төлеев – өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарында кеңес одағы күйреп, экономикалық дағдарыс тереңдеген сын кезеңде тарих сахнасына шыққан қайраткер тұлға. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan»-ға берген бір сұхбатында: «1997 жылғы Кузбасс қайнап жатқан қара қазанға көбірек ұқсайтын. 43 шахта жұмысын тоқтатты. 150 мың шахтер жұмыссыз қалып, күнкөріс нәпақасынан айырылды. Шахтерлар атақты «Транссібірдің» жолын бөгеп, аштық жариялады. Қылмыс деңгейі күрт өсіп, облыс тұрғындары шарасыздықтан тентіреп, Кузбасс жерін үмітсіздік елесі кезіп жүрді. Бүкіл мүмкіндікті, ақыл-ойдың жиынтығын жағдайды түбірінен өзгертуге бағыттауға тырыстым. Соның нәтижесінде экономиканың күретамырына қан жүгірді. Қираған шахталар қалпына келтіріліп, тұрғындар атамекеніне оралды. Тұрғындары теміржол рельстерін бөгеп, қираған үйіндіге айналған Кузбасс он шақты жылдың ішінде алып мемлекеттің индустриялы тірегіне айналды», деген екен Амангелді Молдағазыұлы.

Газет тілшісінің: «Ормандай орыстың ортасы бойыңыздағы қазаққа тән тектілігіңізді ұмыттырып жіберген жоқ па?» деген сауалына Амангелді ағамыз: «Мен өскен отбасының менің ұлтыма деген құрметі ерекше болды. Анам қазақ, татар әдебиетін ықылас қоя оқы­ды. Қазақ ұлтының өкілі екенімді ұмыт­пауымды ес білгеннен қаперіме салып отырды. Есімімнің қазақтың атақты батыры Амангелді Имановтың құрметіне қойылғанын бала жастан білдім. «Амангелді» сөзінің шыққан тегі аман-есен оралсын деген ізгі ниеттен туғанын да білемін...

Кәмелет жасына жетіп, төлқұжат алған кезім де естен кетпейді. Өгей әкем Иннокентий Иванович Власов (оны өгей деп айтуға аузы­м бармайды) орысқа тән кеңпейілділікпен: «Кәне, ұлым менің аты-жөнімді қабылдайсың ба? Аман Иннокентийұлы Власов боласың. Тіпті жарасып-ақ тұрған жоқ па, жақсылап ойлан», деп кеңес берді. Мен сол сәтте әкемнің айтқанына келістім. Бірақ бала жүрегім: «Егер келіссең, азғындыққа және өзіңді өзің сатып жүре беретін қадамға аяқ басқаның», деп кеу­деме сыймай, тыпырлап тұрды. Арада екі күн өткен соң: «Әке, тегім мен аты-жөнім бұрынғы қалпында қала берсін. Мен – қазақпын ғой», дедім. Шыққан тегіңді өзгертуге, тіпті төлқұжатқа тегіңді, Құдайдан берілген тегіңді өзгертіп жаз деп кеңес беруге ешкімнің құқы жоқ. Бұл – Құдай алдында кешірілмейтін күнә... Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Осы сөзге балама болар анықтаманы мен өзге халықтан таба алмадым. Ата-бабаңның аруағына құрметпен қарамасаң, шыққан тегіңнің жалауын желбірете алмасаң, нағыз адам, нағыз саясаткер бола алмайсың», деп жауап берген екен.

Амангелді ағамыз жүрекжұтқан батыр адам еді. Қарапайым кісілерді кепілге алған талай қылмыскермен тікелей келіссөз жүргізіп, арашалап қалғаны үшін оған Кемерово облыстық халық дептутаттары кеңесі 2014 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен «Кемерово батыры» атағын берген.

Уикипедия Амангелді Төлеев Ресей Феде­ра­циясы президенттігіне үш рет кандидат болғанын, ал Кемерово облысында басқа үміткерлерден басым дауыс алғанын мәлім етіпті. Кемерово облысының 2011 жылғы 27 желтоқсандағы заңымен оған «Халық губернаторы» атағы берілген. Ал 2015 жылы 71 жасында баламалы губернатор сай­лауында кемеровтық сайлаушылардың 96,76 пайызының дауысын алып, айқын басымдықпен жеңіске жеткені де – таңғаларлық жайт. Оның губернатор қызметінен кетуі де тағылымды: 2018 жылы 25 наурызда Кемерово қаласындағы бір сауда орталығында шыққан өрттен 60 адам қаза болған соң өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазды...

Амангелді ағамыз тарихи Отанымен байланысын үзген емес. Түркістан облысының Шардара ауданындағы «Мүлік ата» қорымында жерленген ата-бабаларының басына бірнеше рет барып, Құран оқытқан. 2003 жылы Жамбыл облысында жер сілкінісі болғанда алғашқылардың бірі болып, көмек қорына жүз мың доллар аударған. Маңғыстау облысындағы Ақтау орталық мешітіне, «Адай ата-Отпан тау» кешенін салуына да қаржылай көмектескен.

Аты аңызға айналған айбынды азаматтың жаны жәннатта, топырағы торқа болғай.