Аймақтар • 20 Қараша, 2023

Делдал тыйылса, баға да айылын жияды

155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет әлеуметтік маңызы бар деп белгілеген 19 түрлі азық-түлік тауары арасында Сырда өндірілетіні – күріш пен тұз ғана. Өңірдегі базарлар мен сауда орындары қалған тауар түрлерін сырттан алдырып отыр. Мысалы, облыс орталығындағы «SMALL» супермаркеті сөресінде белгіленген азық-түліктің тек бесеуі ғана бар. Сауда желісіндегілер осы 19 түрдің бәрін де қою­ға ынталы.

Делдал тыйылса, баға да айылын жияды

– Бізге Алматыдағы орталық қоймадан келетін күріш бағасы 520 теңге болса, «Байқоңыр» ӘКК арқылы жеткізілетін күріш құны 400 теңге. Біз осы өнімді көбірек алғымыз келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын алдын ала ұсыныспен бекітілген құннан көтермейміз. Алда дүкен арқылы ұнды да осындай бағамен саудалаудың жайын «Байқоңыр» ӘКК өкілдерімен ақылдасып отырмыз. Реті келсе, алдағы уақытта өнімдерді өзімізден алып, саудаға шығарғымыз келеді, – дейді сауда желісінің өкілі Еркежан Тұрсынбай.

Сауда желісі қазір сиыр мен тауық етін көрші облыстардан алдырып отыр. Аймақтағы азық-түлік тауар­ларына баға белгілеу тізбегіндегі дел­­дал­дық схемаларды тексеру ко­мис­­­сиясы өкілдері жақында ғана ашыл­­ған Қармақшыдағы құс фабри­касы алғашқы өнімін шығаруға дайын екен­дігін айтады. Алыстан ар­­бала­ған­ша, жақыннан дорбалау жер­­гілікті сауда орындары үшін де тиімді.

«Қызылорда» сауда желісін де аралап, ондағы бағаларды сараптаған комиссия отырыс­ты енді аптасына 2 мәрте өткізіп тұратын болды. Жыл басында облыс әкімі өкімімен құрылған комиссияның 91 отырысы өткізіліп, пияз, тұз бен күріш бағаларын жөнсіз қымбаттаудың 11 дерегін анықтапты.

Күріш бағасына байланысты 6 кәсіпорынға Қызылорда облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті айып­пұл салса, бес дерек бойынша баға төмендетіліп, Сауда және тұты­ну­шылардың құқығын қор­­ғау департаменті негізсіз делдалдар­ды қыс­қартыпты. Бағаның өсуін тежеп, инфля­циялық қысымды төмендету мақсатында облыстағы 183 сауда нысанымен сауда үсте­месін 10 па­йыздан асырмау туралы екіжақты меморандумдар жасалыпты.

Сауда нысандарының өкілдері­мен кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласты пайдаланып дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қымбаттатуға болмайтынын қатаң ескертті.

Осы күні облыстағы тұрақтан­дыру қо­рын­да 2092,5 тонна өнім мен 291,6 мың дана жұ­мыртқа бар. Облыс тұрғындарын 5901,5 тон­на әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету ба­ғытында 11 кәсіпкерлік субъек­тісіне міндеттеме белгіленген. Биылғы күзгі өнімнен 4 952 тонна көкөніске форвардтық келісім жасалып, бүгінде оның 1032 тоннасы тұрақтандыру қорына жеткізіліп, арзан бағада әлеуметтік дүкен­дер мен сауда үйлерінде саты­лымға шығарыла бастады.

Әлеуметтік нан бағасын тұрақ­тан­дыру үшін жыл басынан бері 7 480 тонна ұн сатып алынып, облыстағы наубайханаларға таратылып келеді. Бұл өңірде әлеуметтік нан бағасын 90 теңге көлемінде тұрақты ұстауға мүмкіндік беріп отыр.

Жыл басында 571 мың дана тауық жұмырт­қасы сатып алынып, облыста осы өнім бағасы тұ­рақ­талып тұр. Осы күні өңірлік тұ­рақ­тандыру қорына тағы да 500 мың жұмыртқа сатып алу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен «Ақкөл құс» ЖШС-ның ресми дистрибьютері «Береке Трейд КЗ» ЖШС арасында келісім шарт жасалып, әлеуметтік дүкендерде 43 теңгеден саудаланып жатыр.

Жыл басынан ауыл шаруашылығы өнім­дерін арзан бағада саудалаған 271 жәрмеңке ұйым­дас­тырылып, облыс тұрғындарына 10,3 мың тонна өнім ұсынылды.

Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғында­рының бау-бақша егуіне жағдай жасап, жерін дайындап, суын жеткізіп берудің арқасында қазір елде өз-өзін қамтамасыз еткендер қатары көбейгенін айтады. Бұл тәжірибе алда да жалғасады.

Аптасына екі рет өтетін комиссия отырысында аймақтағы азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеру нәтижелері талқыланып отырады.

Бастысы – негізсіз делдал тыйылса, баға айы­лы жиылады.

 

Қызылорда