Іссапар барысында министр өмірі мен шығармашылығы Қазақстанмен тікелей байланысты отандық және ресейлік мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесті. Іс-шараға музыканттар, әншілер, режиссерлер, актерлер, әдебиет қайраткерлері, мүсіншілер мен суретшілер қатысты. Жиында Аида Балаева әнші Әлия Кикеноваға «Шапағат» медалін табыстады.
«Мен үшін бұл жоғары марапатты алу өте маңызды. Әрдайым, барлық жерде қазақ мәдениетін талмай насихаттап келемін. Сол еңбегімнің еліміз тарапынан ескерілуі маған жұмысымды жүйелі жалғастыруға соны серпін береді», деді Ә.Кикенова.
Жүздесуде мәдениетті дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру және мәдениет қайраткерлерін қолдау мәселелері сөз болды. Қатысушылар еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің түрлі форматтағы ынтымақтастық қадамына үлкен қызығушылық танытты. А.Балаева Ресейдегі қандастарымыздың еліміздің сахналарында өнер көрсетуіне, олардың шығармаларын қазақ оқырмандары мен өнер жанашырларының арасында кеңінен насихаттауға дайын екенін жеткізді. Министр суретшілер мен мүсіншілердің шеберлік сабақтарын, семинарларын, көрмелерін өткізу жобаларына ерекше ықылас танытты.
Іс-шара аясында А.Балаева Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимовамен жүздесті. Тараптар екі елдің мәдениет саласындағы ынтымақтастығы турасында әңгіме өрбітті. Сөз арасында ресейлік министр Қазақстан мен Ресейдің өзара жұмыс, тәжірибе алмасу бағытында әлеуеті зор екенін атап өтті. Өз кезегінде А.Балаева: «Достық қарым-қатынастың арқасында мәдени-гуманитарлық байланыстар жоғары деңгейде дамып, екі халықты байланыстырушы көпір болып келеді» деп, өзара іс-қимылды нығайтуды ілгерілететін бірқатар басым бағытқа тоқталды.
«Мұражай саласындағы ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ерекше қызығушылық тудырады. Қазақстанға тарихи жәдігерлер мен мәдени құндылықтарды қайтару мәселесі өзекті. Бұл Мемлекеттік қордың кино мұрағаттарына да қатысты», деді ол. О.Любимова мәселені зерделеп, қолдан келгенше көмек көрсетуге уәде берді. Әрі «Қазақфильмге» қатысты Ресей Федерациясының Мемлекеттік кино қорының мұрағаттарын тапсырудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Бұл – Қазақстан үшін ерекше мәнге ие тамаша мұра. Біз мұны жақсы түсінеміз және ұзаққа созылған мәселені шешеміз», деп атап өтті РФ Мәдениет министрі. Бұған қоса ол биыл 125 жылдығын атап өткен Чехов атындағы Мәскеу көркем театрының гастрольдік сапарын ұйымдастыру арқылы театр саласын дамыту бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселесін қарастыруды ұсынды. Тараптар Қазақстан – Ресей балалар шығармашылығын дамыту, балалар орталықтары мен мұражайларын құру, кітапхана ісі, шығармашылық индустрия саласында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін пысықтады. Сондай-ақ Еуразиялық кинематография өнері академиясына қатысты мәселелерді қарастырды.
«Қазақстанда бірегей 12 мұражай-қорық бар. Бұл – әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғана емес, халқымыздың мәдени мұрасының басқа да құнды нысандары. Біз ресейлік жас ғалымдарды осы тақырыпта оқуға, жұмыс жүргізуге және ғылыми мақалалар жазуға шақырып, ғылыми волонтерлік жобаларды ұйымдастыруға мүдделіміз», деді А.Балаева.
Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрінің барлық ұсынысына ресейлік әріптесі ықылас пен қолдау білдірді. Жалпы, сапа басшыларының кездесуінде елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюы мен дамуына үлес қосатын ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығы сөз болды.
Форум аясында 56 ресми делегация басшының қатысуымен «Мәдени егемендік – мемлекеттік бірегейліктің негізі» атты басқосу өтті.
«Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деген басты қағидатын ұстанады. Біз бүгінде осы диалог алаңында отырған көптеген мемлекетпен ортақ тарихымыз барын мақтан тұтамыз, осы бай мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтауға, дамытуға ұмтыламыз. Ғасырлар бойы рухани әрі тығыз байланыста өмір сүру арқылы ұлтымыз мәдениеттің өзіндік ерекшелігін жинақтауға және дамытуға, мәдени кодты анықтауға, сақтауға, басқа халықтардан ең жақсысын алуға мүмкіндік алды», деді А.Балаева.
Министр мәдениет саласы мемлекетаралық диалогті дамытуға, екіжақты қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатынын айтты. Оған Қазақстанның Ресей Федерациясымен ынтымақтастығы айқын мысал бола алады. Мұнда мәдени-гуманитарлық сала – халықтар арасындағы негізгі байланыстырушы көпірдің бірі. Өзара қарым-қатынас бірқатар мазмұнды әрі табысты жобаға негізделген. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі және Ресейдің Қазақстандағы күндері аясында «Орыс маусымдары», «Абай әлемі» тағы басқа бастамалар арқылы тығыз мәдени қарым-қатынас орнады.
«Мұндай жобалар үлкен сұранысқа ие бола отырып, әлеуметтік, іскерлік бастамаларды, ақпараттық және мәдени байланыстарды арттыруға жол ашады, екіжақты байланыстың тереңдей түсуіне ықпал етеді, деп түйіндеді министр.
Кездесуде делегация басшылары арасында сындарлы диалог өтті. Қатысушылар мәдениетті дамыту, мәдени бірлікті сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.