Спорт • 21 Қараша, 2023

«Ұлттық құрамада жүргендердің көбі қаланың ақсаусақ баласы» – бокстан бас бапкер

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада  бокстан  VI  жазғы Спартакиада мәресіне жетті. Боксшылардың әлеуеті сынға түскен додаға әлем чемпиондары, әлем біріншілігінің  жүлдегері, Азия чемпионы, жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегері  атанған саңлақтар да сынға түсті.  Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтан Спартакиадаға қатысты пайымын сұрадық.

«Ұлттық құрамада жүргендердің көбі қаланың ақсаусақ баласы» – бокстан бас бапкер

iba.sport

– Өзіңіз  де тамашаладыңыз, бәсекелестік қалай өрбіді? Жастардың тегеуріні қаншалықты екен?

–Жазғы Спартакиада додасында жастар өзінің әлеуетін көрсетті. Әр салмақта  жүлде алған боксшылар ұлттық құраманың сапын нығайтып, келер күннің еншісіндегі додаларға әзірлікті күшейтеміз. Алда болар аламанның басты  бәйгесі әрине Париж жазғы Олимпиадасы. Соған жолдама олжалау, одан кейін медаль иеленуге әзірлік жүргізу, Олимпиада рингінде не бел кеткенше, не белбеу үзілгенше айқасу. Мақсат осы.

– Апта бойы Астана төрінде айқасқа түскен боксшылардың арасында Солтүстік Қазақстан облысының  атынан бірде-бір спортшының болмауы, яғни бұл  облыстың команда әкелмеуі, өзге өңірлердің кейбірі тіпті толық құрамда қатыспауы жайында не айтасыз? Жазғы Спартакиада ойындары 4 жылда бір айналып келеді ғой өзі.

арасына

– Әрине, қынжыласың, елімізде бұқаралық сипат алған спорт түрі бокс дейміз. Соған қарамастан  Солтүстік Қазақстан облысынан  спортшы қатыспауы осы салаға жауапты мамандардың да жұмысына атүсті қарауының кесірі дер едім. Бір облыстың команда әкелмеуі, өзің айтпақшы, өзге өңірлердің де кейбірі толық құрамда келмеуі қадіріңді қашырады екен. Түркістан, Жамбыл  облыстары мен Алматы қаласы ғана толық құрамда қатысып,  әр салмақта боксшы қосты. Өзге өңірлер мен Шымкент, Астана сынды мегаполистердің де командасы төрт көзі түгел болған  жоқ. 4-5 боксшымен ғана келген облыстың командасы бар. Әр нәрсенің қайыры бар дейміз өзімізді жұбатып. Қатысушылардың саны жағынан ұятты болғанымызбен де сапаны салмақтайтын болсақ, көңіл тояды. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, әлем чемпиондары, әлем біріншілігінің финалына шығып күміс медаль олжалаған, Азия чемпионатында топ жарған, тіпті кәсіпқой боксқа кетіп,  әлеуетін байқап жүрген боксшылар да биылғы Спартакиадаға қосылды.

– Әлем чемпионы демекші, олимпиадалық салмақта 5 бірдей әлем біріншілігінен алтын медаль олжалаған боксшы қатысты. Олардың төртеуі өзара финалда тоқайласты.

– Жанкүйерлердің көз алдында, көрермендер  телеарнадан тікелей  эфирден  тамашалады. Төрешілік те әділ болды, бұра тартса, обал-сауабы өздеріне тиетінін сезінді деп пайымдаймын. Әр салмақтағы чемпион атанған боксшылар өздерінің әлеуетін көрсетті.

– Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарына аттанарда кемінде 4 жолдама еншілейміз деп едіңіз. Бірақ бұйырғаны 1 лицензия ғана.

– Бұйырмаған екен,  олжалы оралмағанымыз үшін айыпты өзіміз арқалаймыз, кінәні біреуге арта салу жөн емес, кем тұсыңды алдымен өзіңнен іздеуге тиістісің. Келесі жылы Италия елінде, содан кейін Таиландта лицензиялық турнир ұйымдастырылады, сол додада барымызды саламыз.

– Осы екі аламанға кімдердің баратыны Спартакиаданың қорытындысы бойынша саралана ма? Чемпион атанған боксшыларға басымдық беріле ме?

– Әрине олар барын салып, өзінің мықтылығын мойындатып Спартакиаданың алтынын  иеленіп отыр. Неге басымдық берілмеуі керек? Сондықтан чемпион атанған боксшылар өздерін дәлелдеді. Жаңа да айттым, жүлдеге ілінген боксшылардың барлығы да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына шақырылады. Ал лицензиялық турнирге кімнің баратыны жарысқа жақын қалғанда ғана нақтыланады. Өйткені жаман айтпай жақсы жоқ, жарақат алып қалуы мүмкін, басқа да себептері бар.

– Жуырда  Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өздеріңіздің есепті тыңдады. Нәтижеге қатысты сын да айтылды. Боксшылардың 3-раундта алқынып қалатынына қынжылды. Басқа-басқа өзі де бокспен шұғылданып, КСРО спорт шебері атағын алған министр бекер сынамайды ғой. 

– «Сын түзелмей, мін түзелмейді».  Боксшылардың физикалық дене қуатын шыңдау үшін шетелдік маман да шақыртып, жұмысты күшейттік.  Ханчжоуда өткен Азия чемпионатынан кейін бұл маманның жұмысына қатысты да аз сөз ерген жоқ. Бірақ біз алдымен өзімізден есеп алып үйренсек екен. Өзбекстан боксы неге қуатты? Олардың да әзірлік жүргізуі, оқу-жаттығу жиынын бізден гөрі өзгеше тәсілде өтеді демеймін. Бірақ ұлттық құрамада ауызбіршілік, ынтымақ зор. Қай боксшысы да әлем чемпионы едім, Олимпиада ойындарында алтын алдым деп шіренбейді, үйіне барса, қара жұмысты да істейді, оған арланбайды да.   Ал бізде қазір ұлттық құраманың сапында жүргендердің көбі қаланың ақсаусақ баласы. Кейде қалжыңға сүйеп «байдың балалары» деп те айтып қоямын. Сондықтан да ата-аналарға айтарым баланы жасөспірім шағынан жұмсап, үйдің шаруасына үйретіп еңбекпен есейту керек. Сонда ғана шымыр, қайсар болып, күші  қатаяды.  Алдымен еңбек, екінші тәртіп болған жерде ғана нәтиже орнайды. Мен бұған дейін де ұлттық құраманың бас бапкері лауазымын атқардым. Тағы да  бас бапкерлік лауазымды ұсынды. Осы жылдың қаңтар айынан бастап ұлттық құраманы қабылдап алдым. Рас, мойынымызда үлкен жүктеме, ауыр аманат тұр, соны орындауға барымызды саламыз.