Сенат • 21 Қараша, 2023

Жақып Асанов Финляндияның Әділет канцлерімен кездесті

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Финляндияның Әділет канцлері Туомас Пойстимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақып Асанов Финляндияның Әділет канцлерімен кездесті

Төраға орынбасары өз сөзінде Финляндия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтті және біздің елдеріміздің халықаралық негізгі мәселелер бойынша көзқарастары ортақ екенін айта келіп, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтастық жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан мен Финляндия арасындағы парламентаралық байланыстарды дамыту екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып табылады. Сонымен қатар бізге алдағы кезеңде Комитеттер делегацияларының жұмыс байланыстарын тереңдету және парламенттік қызмет тәжірибесін, оның ішінде заңнамалық актілерді әзірлеу және қабылдау тәжірибесін зерделеу үшін сапар алмасуға болады. Бұл біздің екіжақты өзара іс-қимылымызға жаңа серпін әкелетініне сенімдімін», деді Жақып Асанов.

Тараптар кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларға қатысты мәселелерді талқылады. Төраға орынбасары канцлерге елімізде жүзеге асып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы туралы айтты. Оның мақсаты саяси жүйені трансформациялау және барлық салаларда әділеттілік қағидатын енгізу, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық қамтамасыз етудегі Парламенттің маңызды рөлін белгілеу болып табылады.

Туомас Пойсти өз кезегінде екі ел ынтымақтастығының маңызын жоғары бағалады және олардың тарапы Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты нығайту мен дамытуға дайын екенін атап өтті.