Елге оралған қазақ файтері отандық «Найза» промоушені ұйымдастыратын турнирлерінде күш сынасуға бел буды. 6 желтоқсанда Астанада Жалғас Яго «Питбуль» Рибейромен айқасуға тиіс еді. Бірақ өткен аптаның соңында Бразилия спортшысының көзіне операция жасатқан екен. Сол себепті де ол елордадағы жарысқа қатыспайды. Жоғарыдағы жағдайдан құлағдар болған бетте ұйымдастырушылар Рибейроны дереу жапониялық Масата Накамурамен алмастырды. 26 жастағы Күншығыс елі өкілінің аралас жекпе-жекті серік еткелі бес жылдан асты. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, 9 рет жеңіске жетті. Соның үшеуінде ғана Накмура айқын басымдық танытты. Негізінен ол Жапониядағы ең белді ұйымдардың бірі – DEEP-те өнер көрсетті.
35 жастағы Жұмағұлов 2014 жылдан бері 23 жекпе-жек өткізіп, 14 рет мерейі үстем болды. Сегіз сайысты қазақ файтері мерзімінен бұрын аяқтады. Бір өкініштісі, соңғы төрт бәсекеде ол қарсыластарына жол берді.