Туризм • 22 Қараша, 2023

Қазақстан-Қытай: туристік байланыс екі жаққа да тиімді

317 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режім күшіне енді. Қоғамда бұған қатысты кереғар пікірлер айтылғанымен, мұның туризм саласына тиімді екенін алға тартатындар да бар. Мәселен, биылдың өзінде елімізге Қытайдан 84 мыңнан аса турист келіп кеткен. Ал бұл көрсеткіш бұдан да әрі өседі дейді сала мамандары.

Қазақстан-Қытай: туристік байланыс екі жаққа да тиімді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қытайдағы «Қазақстан туризмі» жылы

Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жат­қан COTTM (China outbound Travel&­Tourism) халық­аралық көрме­сіне отандық делегация қатысып, шетелдіктерге елі­міздің туристік әлеуетін кеңінен таныс­тырып жатыр. Жалпы көлемі 96 шаршы метр болатын отандық стенді Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Алматы қаласы мен Алматы облысының туризм басқармалары ұйым­дастырды.

– «Kazakh Tourism» және Алматы қаласы және Алматы облысының біріккен стенді қытай­лық туркомпаниялардың ерекше ықыласына ие болды. Өзара ви­засыз режімнің енгізілуіне және 2024 жылдың Қытайдағы Қазақ­стан туризмі жылына орай біз екі елдің туристік нарығы тарапынан белсенділік артқанын байқап отырмыз, – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Еліміздің ұлттық стенді көр­меге келуші­лерді ерекше қы­зық­тырған. Әсі­ресе қазақ батыр­ларының бейнесі, домбыра мен қобызда орындалған ұлттық күйлер туристерді баурап алған көрінеді. Сондай-ақ стендке келушілер ұлттық тағамда­рымыздан да дәм татып, мәдени мәзіріміздің мәйегіне ерекше мән беріпті.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес пандемиядан кейін елімізге саяхаттайтын Қытай туристерінің ағыны қалпына келе бастаған. Мәселен, өткен жылы еліміздегі қонақүйлерге 45 мыңға жуық қытайлық турист қонған болса, биыл олардың саны екі есе өскен. Сонымен қатар «eQonaq» ақпа­раттық жүйесінің деректерінше, 10 айдың қорытындысы бойынша Қытай елінен 84 мыңнан аса турист келгені нақтыланған.

Ал Қытай елінде болып жат­қан іс-шараға еліміздің турис­тік индустриясының 25 өкілі барған. Атап айтсақ, онда 18 тур­о­ператор, 5 қонақүй иесі, 1 сауда ор­талығы және «Global blue Tax free» қызметкерлері бар. Көрмеге жыл сайын Қытай елінен 5 мың туризм мамандары қатысады екен.

Қазақстан-Қытай арасындағы өзара визасыз режім биылғы 10 қарашада кү­шіне енді. Туризм және спорт министр­лігінің мәлі­метінше, «Қытайдағы Қа­зақстан туризмі жылы» аясында қытай­лық туристерді елімізге тарту үшін іс-шаралар кешенін өткізуді жоспарлап отыр.

 

Іргелі ұйым аясындағы ынтымақтастық

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының (ШЫҰ) ұйымдасты­руымен өтетін «Туризм жылы – 2023» форумы 23-26 қараша ара­лығында Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Үрім­жі қаласында өтеді. Бұл туралы ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин мәлімдеді. Оның сөзінше, форумға мүше елдерден туризм саласының басшылары, ШЫҰ-ның ба­қылаушылары мен диалогтік серік­тестері, халық­аралық ұйымдар, ұлт­тық туристік компаниялардың басшылары, бизнес-қауымдастық пен БАҚ өкіл­дері қатысады.

– Пандемия тек ШЫҰ кеңіс­тігінде ғана емес, бүкіл әлемде туризм сала­сына үлкен зиян кел­тіргені сөзсіз. Сон­дықтан бү­гінде біздің алдымызда әлемдік туризмді жаң­ғырту міндеті тұр. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына мүше елдер 2023 жылды Туризм жылы деп жариялады. Алдағы форумда біз ШЫҰ кеңістігінде туризм саласындағы шараларды жақсартуға қатысты мәселелерді көтереміз, – деді бас хатшы.

Ол Алматы қаласына ШЫҰ-ның 2023-2024 жылдарға арналған мәдени және туристік астанасы мәртебесі берілгенін ерекше айтып өтті.

– Қазақстан ШЫҰ-ға төр­аға­лық ету аясында ШЫҰ кеңіс­тігінде туризмді дамыту бойынша нақты жоспарларды қарастырды. Жақында Ақтауда халықаралық туристік форумы өтті. Бір сөз­бен айтқанда, біз ту­ризм­нің жандануына сеніммен және үміт­пен қараймыз, – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жыл­дың шілдесінде Қазақстан Шанхай ынты­мақтастық ұйымына төрағалық ету эстафетасын қа­былдаған еді.

 

ADS – жақсы әдіс

БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйы­мының (UNWTO) есебінше, жаһандық ту­ризм пандемияға дейінгі деңгейден 63% қалпына келген. Әйткенмен халық­аралық туристер санының өсуі әр елде әртүрлі. Ұйым экономикалық қи­ындықтар мен геосаяси жағдайға қа­рамастан, халықаралық ту­ризмді қалпына келтіру 2023 жылда жалғасады деп болжаған. UNWTO бұл салада көп мәселе қытайлық туристердің саяхатын қалпына келтіруге байланысты болатынын мәлімдепті. Өйткені Қытай елі 2020 жылға дейін әлем бойынша туризм нарығындағы ең ірі ел саналған. Атап айтқанда, ондағы туризмнің қалпына келуі әлемдегі, әсіресе Азия-Тынық мұ­хи­ты аймағындағы туризм секторының қалпына келуіне оң әсер етеді дейді ұйым сарапшылары.

Қытайда біраз жылдан бері «Approved Destination Status» деп аталатын, яғни туристерді сыртқа шығару саясаты қалып­тасқан. Бұл – Қытай туристері шетелдерге саяхаттап баруына рұқсат беру және топпен саяхаттауға мүмкіндік жасауға құрылған бағдарлама. Яғни екі мемлекет арасында келісім жасалып, туристер тобының қозғалысы екі тараптан бірдей бақыланады. Екі жақтың талапқа толымды туристік операторлары өзара келісімшарт жасап, Қытай тарапынан туристерді ж­іберсе, Қазақстан тарапы сол туристерді қар­сы алады.

– Қазір Қытай әлемдегі туризм нары­ғында жетекші мемлекет саналады. Қа­зақстан Ұлттық экономика министр­лігінің статистика жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстанға – 117 465, 2017 жылы 94 800 қытайлық турист келген. Жалпы, бүгінде Қытай сая­хатшылары әлем туризмінің тренді саналады. Оларды тартуға талпынатын, қызығушылығын тудырғысы келетін мемлекеттер көп. Себебі Қытай сырт елдерге шығатындар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып қана қомай, сапар барысында ең көп қаржы жұмсайтын туристердің санатына кіреді, – дейді Еуразиялық Туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева.

Қазақстан мен Қытай ADS келісіміне 2015 жылдың 14 жел­тоқсанында қол қойған еді. Құ­жатқа сай Қазақстан мен Қытай тарапы туроператорлар тізімін белгілейді және осыдан кейін туристерге топтық виза беріледі, операторлар өз кезегінде саяхатшыларды қатаң түрде алдын ала берілген тізім бойынша кіргізіп, қайта шығарып салуға тиіс.

2024 жыл Қытайда ресми түрде «Қа­зақстан туризмі жылы» деп жарияланды. Осы ретте елімізге шығыстан саяхатшылар көптеп келеді деген болжам бар. Жыл сайы­н 150 млн-нан аса Қытай азаматы шет- елдерде қыдырып, 250 млрд доллар жаратады екен. Біз де Қытай саяхатшыларының қаржысын қақшып қалсақ, несі айып? Бұл – отандық туризм үшін үлкен мүмкіндік. Бұл ретте саяхатшыларды елге тарту үшін инфрақұрылымды жақсартып, әуе рейстерін көбейту керек дейді сарапшылар. Визасыз тәртіптің енгізілуі де ба­рыс-келістің артуына ықпал етпек. Қа­зір­дің өзінде еліміздің көрікті жерлерін тама­шалауға «қытайлық қонақтар» келіп жатыр.

 

Визасыз, бірақ ризасыз...

Қытайдың Шанхай қаласында қар­жы саласын оқып келген, экономист Дос­бол Нұрахмет визасыз режімнен үрке қараудың қажет жоқ екенін айтады.

– Бұл мәселенің әртүрлі жақтары бар. Тиімді, тиімсізі де жоқ емес. Эконо­мик­алық тұрғыдан айтқанда, мұның Қазақ еліне пайдалы тұстары да бар. Біріншіден, теңге мен юанның арасында біраз айырмашылық бар, яғни юан – құнды валюта. Мысалы, біздің елдің азаматтары Қытайға көптеген себеппен қатынап жатады. Оқу, саяхат, емделу, сауда-саттық және туысшылап баратындар бар. Олар Қытайдың визасын алуға біраз шығындалады. Ал экономикасы өскен Қытай азаматтарына Қазақстан визасын алу қиын емес. Екі елдің де бір-біріне мүдделі тұстары көп. Біздің шикізат оларға қажет, ал біздің олардан алатын затымыз одан да көп. Сондықтан мұны да байқап көрген дұрыс, – дейді ол.