Руханият • 21 Қараша, 2023

Сұхбат сұңғыласы

509 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мың тоғыз жүз тоқсан алтыншы жылдың мамыражай жазы болатын. Ол кезде әлеуметтік желі деген атымен жоқ. Бар қазақ республикалық бірнеше басылымның бетіне қараймыз. Және қай газетте қандай тілші еңбек етіп жатқанын, оның қалам сілтесі қалай екенін назардан тыс қалдырмаймыз. Осы жылдары қазақ баспасөзінің қасқа нары – Марат Қабанбаев еді. Өз басым бұл қаламгердің жазған-сызғанын қалдырмай оқушы едім.

Сұхбат сұңғыласы

Сонау ит арқасы қиянда жатсам да, «Ана тілі» газетінің сү­лейі, жазғанын күллі жұрт тамсана оқитын Маратпен хат жазысып тұрдым. Бірде Мәкең: «Ей, бала, андағы Тарбағатай сен отыратындай оба емес, шамаң келсе ұш», депті. Қалай ұшам, қайда қонам, ол жағын ашып айтпаған. Сөйтіп, ұшар бағытымды анықтап алайын деп, Алматыға тарттым. «Ана тілі» газетінің редакциясын тауып бардым. Мәкең отыр. Үстелі жылан жалағандай тап-таза, үстінде аппақ қос парақ жатыр. Кабинетінен кітап атаулыны көрмейсіз. Тегі барлық ақпарды бұрынғы қазақтар тәрізді жадында сақтайды-ау деймін...

Осы сапарымда редакция қыз­меткерлері арасынан газет тіл­шісі Раушан Төленқызын көр­дім. Қызметтестеріне дастарқан жайған екен, содан дәм таттық. Раушанның жазған-сызғанда­рын бұған дейін-ақ оқып-тоқып алғанбыз. Көбінде ақпарат сти­ліндегі дүниелер, қысқа-нұс­қа жа­зады, сөз саптасы жатық, баян­­­дау қисыны тобылғы сапты қам­шының өріміндей сыпты­ғыр, арасына ине өтпейді. Байқай­мын қалам сипатында тектілік бар, жылы аяңмен жіктеп-жілік­теп жазады, сөз-сөйлемі қазақы «тілге жеңіл, жүрекке жылы, теп-тегіс жұмыр келген айналасы». Ол кезде Раушан таудың тағы аңындай далада жүрген біз пақырға кәдімгідей – үлгі.

«Ана тілі» газетінде қызмет атқарған һәм ауыздық басып шапқан кезде бәйгенің алдын бермейтін көсемсөзші марқұм Сабыржан Шүкірұлы былай депті: «Раушан Төленқызы – ша­ғын ақпарат жанрын газетке ойнатып беруімен өзіндік қол­таңбасын қалыптастырды. Нақ­тырақ айтар болсам, ресми мәліметті қазақы тілмен ойнатып беру стилін қазақ баспасөзіне енгізді». Бұған ешқандай алып-қосар жоқ, шындық осы.

Кейін білдім, Раушан қазақ жур­налистикасына мына біз сияқ­ты көлденеңнен қосылған­дар со­йынан емес екен. Алғаш­қы қадамын 1980-жылдар­дың басында «Социалистік Қа­зақстан» және «Лениншіл жас» га­зет­терінде қатардағы коррек­тор болып бас­тапты. Яғни сөз бен сөй­лемнің, үтір мен нүктенің, төл сөз бен төлеу сөздің қолданыс аясын керемет білетіні содан екен. Бәсе деймін: Жазуы өте сауатты, тым жинақы әрі тиянақты, сондай әдепті, атам қазақ көп айтатын «қыздың жиған жүгіндей».

Әріптесі һәм танымал жур­налист Қали Сәрсенбай: «Рау­шан Төленқызы – журналис­ти­каға екпіндеп, елпілдеп емес, әдеп­пен келді» дегеніндей, бұл кісі бы­лайғы өмірде, тіпті жур­­на­листік алас-күлес «қан май­дан­ның» өзінде Абай атамыз айт­­қандай, «Жүректен қозғайды, әдеп­­тен озбайды». Жалпы, әдеп дегеніміз – адамгершіліктің ұс­тыны еке­ні анық. Осы әдеп Рау­шанға от­басылық тәлімнен да­ры­ғаны хақ. Бұл қасиеті бар бол­мысында менмұндалап тұ­рады. Оны қалай аңғардың де­сеңіз, 2006-2009 жылдары Рау­шан Төленқызымен «Астана ақ­­шамы» газетінде бірге қызмет істедік. Бұл кез – елорда бой көтеріп, ұлттың әлсіреген рухына жан бітіп жатқан тұс.

Раушан бұған дейін үлкен мектептен өтіп, күлдің астынан феникс құстай түлеп шыққан, нағыз бұқаралық басылым, ХХ ғасырдағы ұлттық газет­тің үлгі­сі «Ана тілінде» он жылдан ас­а еңбек етіп, ғасыр басын­дағы алаштаным идеясын іс жүзін­де тірілткен тұлға, жасампаз ре­дактор Жарылқап Бей­сенбайұлының шыңдауынан өткен болатын. Яғни суы қанған қанжардай лыпып тұрған-тын.

Есімде қалғаны, бірде қала­лық Тілдер басқармасының бас­тығы Оразкүл Асанғазы әлемде шашырап жүрген талантты қа­зақ­тарды жинап, зор мәжіліс өт­кізді. Оған Ресейден тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Моңғолиядан тұң­ғыш Олимпиадаға қатысқан қазақ қызы Алданыш Рамазан және Мәскеуден кино режис­сер­лік оқу бітірген сол кездің өзінде қытай кинематографиясы саласынан ойып орын алған талантты режиссер Жанар Сағатқызы қатарлы тұлғалар бас қосты.

Әлі күнге таңмын. Күн жам­бас­қа ауып кеткен кез. Бас­қосу өтіп жатқан залдың бір бұры­шында Раушан қолына диктофонын ұстап, Жанармен сөйле­сіп отырған. Таң атты. Жұмысқа кел­дік. Раушан газеттің айқар­ма қос бетін жабатын көлемді сұх­батты солқ еткізіп бас редактор Амантай Шәріптің алдына тас­тады. Әбекең шап беріп оқып жатыр. Соңғы бетін жапты. – Міне, сұхбатты осылай жа­­сау керек, сұрағы қандай жү­йелі, баяндау стиліне қараңыз: бей­­нелі характер де бар, тіпті детек­тив­ті сюжеттерді керемет сәтті қол­данған, бір түнде бұндай шедевр жасап шығу мүмкін емес сияқты, бірақ Раушан жасады, – деп телегей теңіз тебіренгені есімде.

Көпшілік айтады: «Раушан қа­зақ баспасөзінде сұхбат жанрын кемелдендірді» деп. Ол рас. Көпшілік ойлайды: сұхбат деген ол сұрақ қойып, айтқан жауабын жаза салу деп. Олай емес. Әрқилы мамандық иелеріне (фи­лолог, соғыс ардагері, әнші, мү­сінші, этнограф, жазушы т.б.) сұрақ қою үшін де кемел білімің болуға тиіс. Әйтпесе, сұхбат жан­ры саған жалын ұстатпайды. Қа­жет болса, қақ маңдайдан те­уіп жібереді. Расын айтсам, осы сұхбат жанрының жалынан жасқанбай ұстаған журналшы Раушан. Сөйтіп, өзінің жолын, өзінің мектебін, өзінің стилін, өзінің тұлғасын қалыптастырды. Жуықта «Мәдениет» атты пор­тал­да шағын мақала жарық көріп­ті. Онда: «Раушан Төленқызы – қазақ журналистикасында сұх­бат жанрының виртуозы» деген теңеу жүрсе, танымал журналист-қаламгер, қазіргі белді сенатор Нұртөре Жүсіп: «Раушанның ұлт журналистикасына қосқан үле­сі ер-азаматтардан кем емес. Ол сұхбаттасқанда адамның ішкі әле­міне үңіледі, жан дүниесін қоз­ғайды» деп бағалауы кіл он­дыққа дәл тиген дөп пайым.

Раушан Төленқызы «Аста­на ақшамы» газетінде жұ­мыс ат­­­қарған жылдары басы­лым ре­дак­­торы Амантай Жарыл­қа­сын­­­ұлы­ның бастамасымен көзі тірі қай­раткердің бәрінен сұх­бат алып, ол жазбаларды газет ар­қы­лы болашаққа аманаттау ісі қолға алдынды. Бұндай рухани-тарихи жобаны атқарып шығу біздің кейіпкерге жүк­тел­ді. Нәти­жесін мынау: «Ақселеу Сей­дім­бек: «Ресейдiң ақпарат­тық экс­пансиясына шырмалған бiрден-бiр ел Қазақстан» («Аста­на ақ­ша­мы», 2008), «Сәуле Қаб­долова (З.Қабдоловтың жары): «Нар­дай адам еді – қардай еріп кете барды» («Астана ақшамы», 2008), «Әзілхан Нұрша­йы­қов: «Мен – армансыз адаммын» («Астана ақшамы», 2008), «Әмина Міржүсіпқызы (өткір жур­налшы Жұматай Са­быр­жан­ның жары): «Жігіт еді тас­қай­рақтай шағылмаған» («Астана ақ­шамы», 2008), «Дәрі­гер – ға­­лым Мұхамбедия Ахмет-төре: «Тілді де «емдеу» ке­рек» («Астана ақшамы», 2008), «Бе­рік Әдбіғани: «Мақсатымыз – ұлт­­тық иммунитеті көтеру» («Ас­тана ақшамы», 2008), «Рама­зан Стамғазиев: «Хас әншінің мін­деті – халық сүйген әнді өл­тір­­меу» («Астана ақшамы», 2009), «Қуаныш Жиенбай: «Шы­­ғар­­машылық адамның ра­хат­қа ке­нелгенін көрген жоқ­пын» («Астана ақшамы», 2010), «Тұр­сын­бек Кәкішев: «Сын әдебиетке абы­­ройлы дүние әкелгенде өр­кен­дейді» («Астана ақшамы», 2010), «Бағыбек Құндақбайұлы: «Кімнің режиссері талантты бол­­са, соның театры мықты» («Астана ақшамы», 2010 ж.), «Ба­­уыр­жан Ибрагимов: «Сахна сайқы­мазақтардың төрі емес» («Астана ақшамы», 2010), «Роза Бағ­ланова: «Әнді ауызбен емес жү­рекпен айту керек», «Қадыр Мыр­за­­әли: «Жақсы сөздің бәрі най­­зағай сияқты. Жарқ ете тү­седі» («Астана ақшамы», 2011) және Кеңес одағының екі дүр­кін Батыры Талғат Бигел­ди­нов туралы «Аспаннан екі жұл­дыз алып түскен ер қазақ» («Аста­на ақшамы», 2010) және бас­қа сұхбаттары қазір қазақ бас­па­сө­зінің қорында жатыр. Күндер­дің күнінде бұл дүниелер тари­хи дереккөзіне айналары хақ. Өйт­кені филолог-ғалым Амантай Шә­ріп айтқандай, Раушанның жоға­рыдағы бір-бірінен өткен сырлы сұхбаттары біраз кейіпкердің соң­ғы сұхбаты болып шықты.

Раушан Төленқызының ел біле бермейтін тағы бір қыры – нағыз қаймағы бұзылмаған қазақылығы. «Қоңыр өмір, қоңыр дала, қоңыр үн, Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім» деп ақын Ж.Нәжімеденов айтқандай, Рау­шанның табиғаты қарапайым, бол­мысы «қоңыр» адам. Бұндай қоңыр қасиет отбасынан, ата-ана тәрбиесінен дарығаны анық. Раушан өз әріптестерінен, соңы­нан келе жатқан журналшы қыз-жігіттерден өз болмысында бар «қоңыр» сипатты іздейді. Ол – қан­дай сипат? Яғни Раушан әр қазақтың бойынан: тұнық ой, бұла сезім, жылы жүрек, кемел ақыл, ойлы парасат, көркем мінез, мәрт болмыс, мұқалмас жі­гер, қажымас қайрат іздейді. Осы­лардың сәл ұшқынын көрсе, жа­нары жайнап қуанады кеп. Бұл тек­ті тұлғаларға тән қасиет.

Сөзімізді түйіндеп айтар бол­сам, биыл даталы алпыс жас­қа толып отырған Раушан Төлен­қы­зы­ның «Қазақстан пионерінен» басталған журналистік жолы «Жас алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас»), «Ана тілі», «Қазақпарат» агенттігі, «Қазақстан РТРК» АҚ, «Астана» журналы, «Ас­та­на ақшамы» сияқты басы­лым­­дарда жалғасты. Ерен еңбе­гі­нің арқасында Қазақстан Жур­на­листер одағының сыйлығы және Президенттің грантына ие болды. Ең бастысы, қазақ баспа­сө­зінде айтарлықтай ізі бар.