Есірткі • 22 Қараша, 2023

Интернетте жорғалаған жұлынқұрт

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақпараттық технологиялардың дамуы адамзат баласының орасан игілігі болғанымен, оның кесірлі қырлары байқалып отыр­ғаны өкінішті. Мәселен, ақпараттық технологиялармен ілесе кел­ген лудомания дейтін осы заманға ғана тән дерт бар. Ал одан да қасірет­­­тісі – интернеттің көмегімен саудасы жүріп жатқан, ғаламтордың өзегіне түскен сұм өрмекшідей есірткі бизнесі. Жастықтың жұлынқұрты – өрімдей ұл-қыздар­ды қыршынынан қиып жатқан нашақорлықты тізгіндеудің за­ма­­науи әдісі бар ма?

Интернетте жорғалаған жұлынқұрт

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сонымен «Сынаны сына қағып шығарады» дейтін идиоматикалық сөз өрнегіне салсақ, ендігі жерде құзырлы меке­мелер интернеттегі лаң­мен сол әдіске салып күресуге кірісті. Қысқасы, бұдан былай интернеттегі есірткі жарнамасымен киберволонтерлер айналысады.

Бұл қалай жүзеге асады дейтін болсақ, «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жақыпов кибер­волон­тердің міндеті – тыйым салын­ған препараттарды жарнамалайтын­ белгілері бар сілтемелер мен хабар­ландыруларды анықтап, тиісті мәліметтерді құқық қор­ғау органдарына беру екен­ді­гін айтады.

«Дамыған технологиялар дәуі­рінде есірткінің таралуы әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асып жатыр. Тіпті бізге Facebook желісінде есірткі сататын дүкеннің жарнамасы бар скриншоттар келіп түсті. Қазір түрлі сайт арқылы жастарды есірткі таратуға тарту оқиғалары жиі кездеседі. Бұл қалай жүзеге асады? Алдымен айлығы жоғары курьерлік жұмыс орны бар екендігі туралы хабарландыру ілінеді. Әдетте мұндай «бос жұмыс орындары» студенттер үшін қолайлы. Жұмыс берушімен байланыс орнаған соң, есірткі дүкендерінің делдалдары бұл жұмыстың мәні курьердің әдет­тегі қызметінен аздап өзгеше екенін, яғни есірткі таратумен байланысты екендігін жасырмайды. Оқиға мәлім болған жағдайда бұл іске полиция араласып, тиісті тергеу амалдарын жүргізіп, құқық бұзушыларды жауапқа тартады», дейді «Наркостоп» жобасының жетекшісі.

Ал киберволонтерлер да­йын­­­­­­­­­дауға арналған курстарды­ әзір­леу­шілердің айтуынша, бұл үшін ар­найы машық, дағ­ды­ қажет емес. Қарапайым тіл­мен түсін­дір­ген­де, киберволон­тер болу үшін «Нар­кос­топ» жоба­сы­ның әлеу­меттік желі­де­гі @narkostopkz парақ­ша­сына жа­зы­л­у­ға болады.

Құзырлы мекеменің өкіл­дері курстан өту мерзімі қыс­қа екенін және бұл жұмыс арнайы уақыт бөлуді талап­ етпейтінін, адам белгілі бір сілтемелерді бақылап, анықтауға 5-10 минут немесе 2-3 сағат бөле алатындығын айтады. Ал жоба қызметкерлері өз міндеттеріне сай алынған ақпаратты әрі қарай тергеу үшін құқық қорғау органдарына жібереді.

Айтқандай, «Наркостоп» жоба­сы­ның волонтерлері Алматы полициясымен бірге жастар арасын­да есірткі қылмысының алды­н алуға қатысты басқа да амал­дарға барып отыр. Олар қала қабырғаларындағы жасырын есірткі жарнамаларын бояу­­мен қатар, мектеп оқушылары, кол­ледж және университет сту­дент­те­рі мен олардың ата-аналары үшін арнайы дәрістер жүргізеді. Ең бас­ты­сы, бұл іске 3 мыңнан астам адам атса­лысып отырғаны қуантады.

«Биыл полиция депар­та­мен­тімен бірлесе отырып, қабырғалардағы 100 мыңнан астам есірткі жарнамасын боядық. Осыған ұқсас 200-ден астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар біз интернет пен­ теледидарда есірткіге қар­сы контент дайындадық. Қазақ тілі­нде есірткінің зия­ны­ туралы ақ­па­­рат­тар­дың­ азды­ғын ескере келе, осы мәсе­ле­ге де көңіл бөлдік», дейді «Нар­ко­стоп» жобасының жетекшісі.

Сол сияқты Алматы қаласы Поли­­ция департаментінің Есірт­­кі­ қылмысына қарсы іс-қи­мыл бас­­қармасының аға жедел уәкілі, по­ли­ция майоры Дәурен Көбеев қа­ла­да ақша үшін ардан безген фар­­мацевтер арасында іздестіру ша­ра­­лары жүргізіліп жатқанын мәлім­деді.

Әзірге бізге белгілісі, Алма­ты­да осы аптада меди­циналық, есірт­кі­лік, пси­хо­троптық заттар мен пре­­кур­­сорлардың таралуын ауыз­дық­тауға бағытталған «Дәрмек» оқу-өндірістік іс-шара­лары өтіп жатыр. Жедел іздестіру шара­ла­ры­ фармацевтикалық бақы­лау қыз­метімен бірлесе жүр­гі­зіледі. Еске сала кету керек, биыл нау­рыз айында «тра­мадол» есірт­кі­лік заттардың жиын­тық кес­те­сіне енгізілді. Яғни оны ер­кін саудада, тіпті дәрі­гер­дің та­ғайындауымен де сатуға бол­­майды.

 

АЛМАТЫ