Әр істің өз жанашыр адамдары болады. Ортақ іске жаны күйіп, көлді қорыған қызғыштай шырылдап жүреді. Сарыағашта арасан суын халыққа ұсынып отырған “Курорт-Барыс-2030” ЖШС президенті Молдәлі Қолдасов осындай жан.
Әйгілі Арасан суымен даңқы Қазақстаннан асқан Сарыағаш күніне мың қауға салсаң кенеуі кетілмейтін түпсіз теңіздің үстінде отырған жоқ. Сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары тәулігіне төрт мың текше метрдей су алынып келсе, ендігі пайдаланып отырғаны 3-4 есеге артқан.
“Курорт-Барыс” серіктестігі бұрындары құбырынан секөнтіне 5 текше метрден су алып келсе, қазір 1,7 литр ғана шығады. Бұл судың үштен екісі жоғалғандығын байқатқандай. Арасан суын жауапсыз пайдалану жалғаса берсе ондаған жылдардан соң мақтаулы курорттар жабылып, алып ғимараттары мал қамайтын қора-қопсыға айналуы мүмкін.
Бұл – Молдекеңнің қаупі. Алайда, гидролог мамандар олай демейді. Теңіз құрғаған жоқ, гәп басқада. Сарыағаш Өзбекстанмен шектес аудан. Арасан көлі ортақ. Су бассейінінің 70 пайызы Қазақстан жағында болғанымен уақытында қаржы шығарып, барлау жұмыстарын жүргізген, курорт, профилактикаларды көбейтіп алған Өзбекстан жағы көбірек тұтынады екен. Кезінде мән берілмегендіктен су құбырларының аузында отырғандар жан алқымға таянғанда ғана ес жиған сыңайлары бар.
Жақында олардың қатысуымен алқалы жиын өтті. Екі мәселе қойылды. Су құбырлары барлар су қорын барлау, сараптау жұмыстары үшін ортадан қаржы шығаруы қажет. Уақытында гидролог, геолог мамандар дайындауға Қазақстанның мойны жар бермегенге ұқсайды. Бұрынғы кәсіби мамандардың дені өмірден өткен, біразы басқа мемлекеттерге қоныс аударған. Сондықтан Өзбекстанның осы саладағы атақты ғалымдары бірлесе жұмыс жасауға шақырылған.
Бүгінде Сарыағаш ауданында 44 ұңғыма бар. Оның 10-ында бас ие жоқ. Яғни, ауыл-ауылдарда күндіз-түні сарылдап ағып тұр. Мәселен, Қарақалпақ ауылында аз ғана түтін бар. Тұтынып отырған суы секөнтіне 12 литр. Ал, үлкен кеңшарларға уақытында секөнтіне 5 литр су мейлінше жеткенін ескерсек, есіл арасан су аяғы құрдым болғаны емей немене?! Ошақты ауылы секөнтіне 10 литр су алады. Мұндай ауылдардан барлау, сараптама жасату жұмыстары үшін ақша алу мүмкін емес, ортақ қожайын жоқ. Төлем төлеуге сиырының үмесіне қарап отырған отбасылардың жағдайы да жоқ. Осындайдан арасан құдығынан пайда айырып отырған ағайынға салмақ түседі. Және аз емес. Әр құбырдың барлау жұмыстарына 25 мың доллар жұмсалады. Бұл бір мезеттік жұмыс. Толық жасатқаннан кейін 25-26 жылға дейін тоқтаусыз пайдалануға бола беретіндігін есептесек, көп те ақша емес. Айналып келгенде 44 құбырдың 25-і төлем төлеуге қабілетті екендігі байқалды. Бірақ, олардың да дауысы біркелкі емес.
Жиында “мен құбырдан айына 100 мың теңге табамын, біреу 1 млн. теңге табады. Неге бірдей төлеуіміз керек” деп кеңірдек жыртып шыққандар да болды. “Алекс” ЖШС-інің атқарушы директоры Серғазы Қанат өздеріндегі екі құбыр үшін 50 мың доллар қазір төлеуге дайын екендігін айтты. “Егер табыс таппайтын болсаңыздар скважинаңызды үкіметке қайтарып беріңіз” дегенді және айтты.
Әу баста осы істеліп жатқан жұмыстарға күмәнданып, бәлкім, пендешілігі де тартқан шығар құбыр иелерінің бірі осы жұмыстарды атқару үшін алматылық фирмаға өтініш айтқан екен. “Мақұл” депті. “Әр құбыр үшін тоғыз миллион теңгеден төлесеңіздер жасап береміз”. Бұл, әрине, аса қымбат қызметақы. Жиын барысында әрі тарт пен бері тарт байқалғанымен несібесін арасан суынан айырып отырғандар келісті. Ал, әліптің артын бағып, кейін төлеймін дегендердің қулығы іске аспайды. Министрлікке нақты құжат өткізілгеннен кейін барлау жасатпағандармен келісім-шарт үзіледі. Өйткені, бұл қызметті келісім-шартта көрсетілгендей фирманың өзі қаржысына жасатуы керек.
Гидролог Нұрмұхамет Байзақовты сөзге тарттық. Оңтүстікте осы салада оның алдына түсетін маман жоқ болғандықтан жауапкершіліктің үлкен жүгін арқалап отырған азамат “шығасыға иесі басшы” болғандығын айтады.
Арасан суы қорын қайта есептеу әлі шешілмей келеді. Қайта есептеу ғылыми тұрғыда негізделеді. Ертеңгі ұрпаққа қалдыратын мұраның инженерлік есебі қамтамасыз етілуі қажет. Бүгіндері дала жұмыстары толық жасалған, ендігісі нақты ғылыми тұрғыда жүргізіледі. Байзақов су қоры түгесіліп барады дегенге келіспейді. Мәселе, құбырдан насоспен су тартып отырған иелерінің біліксіздігінде.
Сарыағашта алғашқы бұрғылау 1947 жылы басталыпты. Одан кейін 1950-70 жылдары бұрғыланған. Дұрыс пайдаланбау әсерінен жер асты суы көтерілгенде құм пайда болады, су сорғының шлангаларының қапталдарына беріш болып қатып қалады. Маман жоқ болғаннан кейін су таусылуға айналды деген ойбайдың шығу төркіні осы.
Құбырлардың өзі барлау және пайдалану деп бөлінеді. Шипажай барлау кезінде қазылған құбырды пайдаланып отыр екен. Негізгісіне тапсырыс бермеген. Ал, арасан суының есепсіз пайдаланылып жатқаны жүрек ауыртатын жағдай. Мәселен, секөнтіне 128-129 текше метр су алатын болса, соның 15-20 пайызы ғана кәдеге асады да, қалғаны босқа ағады. Гидролог жер астынан қайнап шығатын суды ысырап қылмай түрлі мақсаттарға жұмсаудың жөнін айтады. Үй жылыт, жылыжайға пайдалан. Су қоры мол болса балық өсіретін бөгет жаса.
Сарыағаш суы – қасиетті су. Асханалық. Үнемі ішуге болады. Макрокомпонентті. Құрамында гидрокорбонат, хлорид, сульфат бар. Минералы жағынан натрий, калий, кальций, магний бар. Яғни, бір литр суға жарты ас қасық сода және бір шөкім тұз салған сияқты. Мөлшері осындай. Сарыағашта 18-20 метрден су шыға береді. Бұл –тұзды су, әжетке жарамайды. Ал, арасан суының тереңдігі 1 мың метрден әрі басталады. Жер астынан қайнап шығып жатқан арасанды алтыннан артық дейтіні осы.
Байзақов “біздің қазаққа ауылының іргесінен асау өзен арқырап ағып жатса да су жетпейді” деп еді. Құрсай елді мекеніне келгенде осыған көзіміз жетті. Арасан құбырынан ақтарылған суда тоқтау жоқ, жіңішке жылға тауып далаға ағып жатыр. Шағын ауыл. Есек арбамен келген балалар бөшкемен су әкетіп барады. Ауылдың малы осы жерден су ішеді. Облыста “Таза су” бағдарламасы жүріп жатыр. Әр үй бір-бір қойын қиса, әр үйге құбыр тартып, әр отбасы рахаттанып отырар еді.
Бес-алты малын өріске айдап салып, ауылға сырттан бөтен кісілер келсе таяғын беліне қыстырып “не әңгіме айтар екен” деп бүкшеңдеп жетер қариялар басқа өңірдің адамдары бір кесесін ішсе зәмзәм суын ішкендей рахаттанып қалатын арасанға обал жасадық-ау дегенді ойламайды. “Кедейдің күні кіжінумен өтеді” дегендей, құны алтыннан артық судың қадірін білмеген осылай болар.
Тағы да бірер ауылға, құбыр ұстап отырғандарға жолымыз түсті. Бірі монша ашқан, бірі дәрігері жоқ болса да қонақ үй салып, ваннаға кісі қабылдап жатыр.
Құдайдың қазаққа келгенде пейілі кең. Құнттай алмай отырған өзіміз. Арасан сулары тек Сарыағашта ғана емес, Мақтаарал, Арыс, Түркістан, Бәйдібек, Ордабасы аудандарында да бар. Көбісі монша ашып, содан түскен ақшаға қанағат етіп отыр. Неміс пен еврей ұлтының қолына тисе осы арасанның суын алтын бұлаққа айналдырып жіберер еді. Судың орны толады деп дәтке қуат еткенімізбен арасан түпсіз көл емес.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш ауданы.