Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бұл «кеңес одағы ыдырап, азаттық алған көптеген этнос өкілдерінің өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тарихи отандарына жаппай қайтып оралу үдерісі басталғанының салдары еді.
Ал жуырда жарияланған 2021 жылғы Ұлттық санақ мәліметтері тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің демографиялық жағдайында, тіл саясатында көңіл сүйінерліктей оң өзгерістерге қол жеткізілгенімен, ойланарлықтай олқылықтарға да жол берілгенін көрсетті. Әйтеуір, ең бастысы – өткен отыз жыл ішінде елімізде жекелеген қасіретті оқиғалар болғанымен, тұтастай алғанда, қоғамда саяси тұрақтылық пен азаматтық келісім сақталғандығының нәтижесінде халқымыздың ғана емес, оның ішінде мемлекет құраушы ұлтымыздың да саны өсіп, 1989 жылғы 6,5 млн адамнан 2021 жылы 13,5 млн адамға дейін көбейді. Қазағымыздың республика халқының құрамындағы үлес салмағы 39,7 пайыздан 70,4 пайызға дейін артты. Халқымыздың саны қазір 20 млн адамға жеткендіктен, пропорциялы түрде есептегенде, ұлтымыздың саны 14 млн адамға жетті деуге болады.
Саны бойынша титулды ұлтымыздан кейінгі екінші орынды еншілеп отырған этнос – орыстардың саны 1989 жылғы 6 млн 227 мыңнан 2021 жылы 2 млн 981 мыңға дейін, халық құрамындағы үлес салмағы 37,8 пайыздан 15,5 пайызға дейін азайды. Ал өзге ірі этностар қатарының қалыңдау үрдісі байқалады. Оның ішінде өзбектердің саны 2009 жылғы 457 мыңнан 2021 жылы 614 мыңға дейін артып, үлес салмағы 2,9 пайыздан 3,2 пайызға дейін көтерілді. Украиндардың саны 330 мыңнан 387,3 мыңға дейін көбейді, бірақ үлес салмағы 2,1 пайыздан 2 пайызға дейін төмендеді. Ұйғырлардың саны 224,7 мыңнан 290,3 мыңға дейін ұлғайып, үлес салмағы 1,4 пайыздан 1,5 пайызға дейін артты. Немістердің саны 178,4 мыңнан 226 мыңға дейін, үлес салмағы 1,1 пайыздан 1,2 пайызға дейін көбейді. Татарлардың саны 204,2 мыңнан 218,6 мыңға дейін артқанымен, үлес салмағы 1,3 пайыздан 1,1 пайызға дейін кеміді.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Өзге этнос өкілдерінің халықтың ұлттық құрамындағы үлес салмағы 1 пайызға жетпейді. Тек әзербайжандар осы межеге жақындап келеді: саны 2009 жылғы 85,3 мыңнан 2021 жылы 145,6 мыңға дейін, үлес салмағы 0,5 пайыздан 0,8 пайызға дейін артты. Түріктердің саны 97 мыңнан 85,5 мыңға дейін, сондай-ақ үлес салмағы 0,6 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендеді. Қырғыздардың саны 23,3 мыңнан 34,1 мыңға дейін өсті, ал үлес салмағы бұрынғы 0,2 пайыз деңгейінде қалды.
Тұтастай алғанда, қазақтарды қоса алғанда, еліміздегі түбі бір түркі тілдес этностардың жалпы саны 14 млн 886,2 мыңға жетіп, халықтың ұлттық құрамындағы үлес салмағы 77,6 пайызды құрады. Түркі мемлекеттері ұйымы құрылып, олардың экономикалық және мәдени ықпалдастығы нығайтыла бастағаны еліміздегі түркі тілдес этностардың да ынтымақ-бірлігін күшейте түсетіні кәміл.
Ұлттық санақ отандастарымыздың мемлекеттік тілге көзқарасын да анықтап берді. 5 жастан асқан 17 млн 194,7 мың азаматтың 13 млн 768,4 мыңы (80%) қазақ тілін білетіндігін, оның ішінде 8 млн 472,6 мың адам (61%) мемлекеттік тілді күнделікті қолданатынын білдіріпті. Осы жастағы 11 млн 906,9 мың қазақтың 11 861,7 мыңы (99,6%) өз ана тілін меңгергенін, сондай-ақ 7 млн 550,5 мыңы (63,4%) оны күнделікті қолданатынын мәлімдеген. Бір қайран қаларлығы, басқа тілді ана тілі деп санайтын 117,8 мың қазақтың (ұлтымыздың жалпы санының 0,87 пайызы) 72,6 мыңы қазақ тілін меңгерген көрінеді. Шынтуайтында, өз ұлтының тілін ана тілі санамайтын адамдар басқа этностардың ішінде де бар болып шықты. Нақты айтсақ, 310 мың украин (80%), 148,8 мың неміс (65,8%), 128,7 мың орыс (4,3%), 89,3 мың татар (40,9%), 69,2 мың корей (58,4%), 43 мың ұйғыр (14,8%), 37 мың әзербайжан (25,5%), 34,2 мың белорус (44,7%), 30,5 мың өзбек (5%), 27,6 мың поляк (78%), 13,5 мың түрік (15,8%), 7,9 мың қырғыз (23,1%), 7,1 мың чешен (21,2%), 4,7 мың дүнген (5,9%), 3,9 мың тәжік (7,7%) басқа тілді өз ана тілі ретінде көрсетіпті.
Бес жастан асқан орыстардың 708 мыңы (25,1%), өзбектердің 383,3 мыңы (72%), ұйғырлардың 186,7 мыңы (71,7%), татарлардың 103,5 мыңы (50,5%), украиндардың 87,7 мыңы (23,7%), әзербайжандардың 77,4 мыңы (58,5%), немістердің 53,1 мыңы (25,2%), корейлердің 40,8 мыңы (36,5%), түріктердің 46,8 мыңы (61%) қазақ тілін білетінін білдіріпті. Бұған қоса 602,3 мың орыс (21,3%), 62,2 мың украин (16,8%), 60,5 мың өзбек (11,4%), 52 мың неміс (24,7%), 29,6 мың татар (14,5%), 22,6 мың корей (20,2%), 19,9 мың әзербайжан (15%) қазақ тілін үйреніп жүр. Өзге этностардың да мемлекеттік тілді меңгеру және үйрену деңгейлері әртүрлі болғанымен, оны білуге ықыластары айтарлықтай. Демек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» алғашқы Жолдауында айтқандай, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, этносаралық қатынас тіліне айналатын кезі келе жатыр. Ұлттық санақ қорытындысы осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлердегі құрылымдары орталық және жергілікті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстарын күшейте түсуі қажеттігін аңғартқандай.
Ұлттық санақ елімізде урбандалу үдерісі, әсіресе кейінгі он екі жылда қарқынды жүргендігін көрсетті: қала халқының үлес салмағы 1999 жылы – 56,4, 2009 жылы 56,1 пайыз болса, 2021 жылы 61,2 пайызға жетті. Тиісінше ауыл халқының саны азайып, бұдан екі жыл бұрынғы үлес салмағы 38,8 пайыз болды. Биылғы 28 наурызда Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында 6295 ауылдық елді мекеннің алдағы уақытта 5900-і ғана қалады деп болжанғандығын ескерсек, урбандалу одан әрі жалғасып, болашағы бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмеген жүздеген ауылдың түтіні өшетін тәрізді.
Осы орайда Ұлттық санақ мәліметтері көптен бері биік мінберлерден айтылып жүрген ел өңірлерін біркелкі дамыту міндеті орындалмай келе жатқандығын айғақтады. Мәселен, халық саны үш мегаполисте – Астанада 2009 жылғы 613 мыңнан 2021 жылы 1 млн 234 мыңға (201%) дейін, Шымкентте 730,8 мыңнан 1,1 млн-ға (152,2%) дейін, Алматыда 1 млн 449,7 мыңнан 2 млн 30,3 мыңға (140%) дейін көбейді. Сондай-ақ он екі жылда тұрғындар қатары Маңғыстау облысында 485,3 мыңнан 735 мыңға (151,4%) дейін, Атырау облысында 510,3 мыңнан 673,6 мыңға (132%) дейін артты. Керісінше, 2009-2021 жылдар аралығында тұрғындар саны Солтүстік Қазақстанда 596,5 мыңнан 540,8 мыңға (96%) дейін, Шығыс Қазақстанда 1 396,5 мыңнан 1 341,2 мыңға (96%) дейін, Қостанай облысында 885,5 мыңнан 833,6 мыңға (94,1%) дейін азайды. Бұл деректер – Үкіметтің осыған дейін өңірлердің теңдестіріле дамуына жете көңіл бөлмегендігінің дәлелі. Соның салдарынан тәуелсіздік жылдары шет мемлекеттерден атажұртқа оралған 1 млн 123,2 мың қандастың көпшілігі еліміздің оңтүстігі мен батыс өңірлеріне қоныстанды. Бұған қоса, Үкімет бөлген квотамен демографиялық жағдайы төмен солтүстік және шығыс облыстарға орналастырылған қандастардың көбі ол жақтарды жерсінбей, орталық және оңтүстік өңірлерге қайта көшіп кетті. Сонымен қатар кейінгі жылдары іске асырылып жатқан жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті түрде солтүстік және шығыс өңірлерге қоныстандыру бағдарламасының нәтижесі де шамалы. Аталған шаралар солтүстік және шығыс облыстардан басқа жақтарға, соның ішінде Ресейге көшіп кетушілердің орнын толтыра алар емес. Мысалы, осы жылдың үш тоқсанындағы көші-қонның теріс сальдосы Абай облысында – 5172, Шығыс Қазақстанда – 2994, Қостанай облысында – 2892, Солтүстік Қазақстанда – 2605, Павлодар облысында 2343 адамды құрады. Бұл ретте Үкімет оңтүстік және шығыс өңірлердің климатының қатаңдығына және тілдік ортасына байланысты ерекшеліктерін жете ескермей келгендігін айтқан жөн. Осы орайда Парламент Мәжілісі депутаттарының Солтүстік Қазақстан облысының еңбеккерлеріне кеңес одағы кезінде болған және Ресей Федерациясының көршілес облыстарында әлі күнге сақталып отырған «солтүстік коэффициентін» – жалақыға 15 пайыз үстемені қайтару туралы депутаттық сауалдарынан да еш нәтиже шықпады. Тек Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округтеріндегі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінің жалақысына 50 пайыз үстемеақы төлеу мәселесін қарастыру көзделіпті. Бұл шара, әсіресе тұрғындарының саны тым аз әрі жыл сайын талай ауылы жабылып жатқан Солтүстік Қазақстан үшін жеткіліксіз деп білеміз. Ресейдің Қорған, Омбы және Түмен сияқты үш бірдей облысымен көршілес орналасқан, аумағын Ресей теміржолы басып өтетін Қызылжар өңіріне – еліміздің стратегиялық маңызы бар «солтүстік қақпасына» ерекше көңіл бөліп, оның демографиялық жағдайын жақсартуға бағытталған тың тәсіл қолдану қажет сияқты. Солтүстік Қазақстан – титулды ұлт өкілдерінің өңір тұрғындары құрамындағы үлес салмағы (37,6 %) орыс этносынан (44,5 %) аз болып отырған жалғыз облыс екендігін де ескерген жөн.
Ұлттық санақ ел ішінде айтылып жататын «Қытайлар қаптап барады» деген қаңқу сөздің анық-қанығын да біліп берді. 2009 жылы елімізде 3424 қытай этносының өкілі тұрған болса, олардың саны 2021 жылы 3077-ге дейін азайған. Ал он екі жыл ішінде тілі де, ділі де ұқсас, түбі бір қарақалпақ ағайындар саны 2828-ден 20007-ге дейін көбейіпті.