Қоғам • 22 Қараша, 2023

Бір миллиардқа жуық теңгеге салынған музей бір аптадан кейін жабылып қалған

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауалын жолдаған  Мәжіліс  депутаты  Мұқаш Ескендіров  Тараз қаласында мемлекеттің қыруар  қаржысына салынған музейдің  ғимараты қаңырап бос тұрғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бір миллиардқа жуық теңгеге  салынған музей бір аптадан кейін жабылып қалған

Фото: parlam.kz

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің дамуына бағытталған жаңғырту саясатына сәйкес құлақ асатын үкімет қағидасының орындалуына айырықша мән беріп отыр. Бұл әр азаматтың қолдауына ие болып, жер-жерде өзекті мәселелердің тиімді шешілуіне  ықпал етуде. Оған өңірлерде  сайлаушылармен кездесуде өзіміз де куә болып, жұртшылықтың жылы пікірін естіп жүрміз.  Десе де кейбір қордаланып қалған мәселелердің  түйінін шұғыл шешуге сұранып тұрған жағдайлар да бар.  Бұған Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Көне Тараз» музей ғимаратының  жай-күйін айтуға болады.  Бұл  ғимарат 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына орай әрі көне қаланың көркіне көрік қосып, халықаралық туризмді дамыту мақсатында салынған еді. Жаңа құрылысқа мемлекеттік бюджеттен 950 миллион теңге  қаржы жұмсалғаны  бұқаралық ақпарат көздерінде де, облыстық мәслихат жиынында да ашық айтылды. Мереке аясында республикалық деңгейдегі мәртебелі басшылар мен   қонақтардың қатысуымен «Көне Тараз»  ғимараты салтанатты түрде ашылғанда көпшіліктің қуанышында шек болмады.  Сол кезде мәдениет министрлігі ең бағалы тарихи экспонаттарды  осы музейге әкеп қойды.  Алайда бұл көз алдау ғана болды. Атағы дүркіреген музей бір апта өтер-өтпестен есігін тарс жауып тастады.  Себебі ғимарат жарамсыз, жаңбыр суы өтіп электр жарықтары мүлдем істен шықты. Жергілікті әкімдік қосымша қаржы жұмсап жөндегеннен түк өнбеді.  Содан бері сегіз жыл өтті. Осы аралықта  облыс әкімі мен салалық министрлікте бірнеше мәрте ауыс-түйіс болды.  Музей ғимараты босқа қаңырап тұр», деді Мәжіліс депутаты.

Осы мәселені көтеріп талай рет дабыл да қағылғанымен нақты шешім  қабылданбағанын айтты.  Әлдеқандай жобалық, қаржылық жоба әзірленуде дегенмен де еш  қайран   болмай тұрғанын жеткізді. Осы көзбояу жоба үшін мемлекет қазынасынан  жұмсалған 1 миллиард теңгеге жуық қаражат құмға сіңген судай болғанына қынжылды.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы  заңда жергілікті атқарушы органдарға  тарихи-мәдени мұраны  пайдалану,  күтіп ұстау, қорғау және  қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру жүктелген.  Алайда заңда көрсетілген құзірет  пен талаптар сонымен қатар  мұражай орналасқан ғимараттың қазіргі күнгі жағдайы қатты қынжылтады.  Бұл санаттағы ғимарат негізінен мәдениет министрлігінің қарауында болуы керек еді. Бірақ жарамсыз қалпындағы ғимаратты қабылдай алмаса да іс-шара қолдануға мүдделілік танытуға тиісті емес пе?  Премьер-министрдің орынбасарынан кезінде осы музей ғимаратын қабылдап алған Жамбыл облыстық әкімдігінің әрекетіне әділ, құқықтық баға беру,  лауазымды және тиісті өкілеттілігі болған қызметкерлердің  жауапкершілігі нақтылануына, мұражай ғимаратының мәселесі оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын. Лауазымды және тиісті өкілеттілігі болған қызметкерлердің  жауапкершілігі нақты қаралуына, мұражай мәртебесінің айқындалуына, ғимараттың тағдырын оң шешуге ықпал етуді сұраймын», деген депутат бұны жүзеге асыру  әділетті Қазақстан құрудың мақсат-мүддесі екенін  жеткізді.