Қоғам • 22 Қараша, 2023

Оқушылар торуылдап жүр. Депутат лотерея терминалдарын тасымалдауға тыйым салуды талап етті

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Лотерея терминалдары да казиноның, құмар ойынның бір түрі. Мектептен 15-20 метр қашықтықтағы дүкен кіре берістеріндегі жасыл-сары түсті ойын автоматтары оқушыларды құмар ойынға құмартумен қатар, түрлі қылмысқа итермелейді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев біздің елде өндірілмейтін ойын автоматтарын импорттауға тыйым салып, барлық терминалдарды тексеруді талап етті, деп жазады Egemen.kz.

Оқушылар торуылдап жүр. Депутат лотерея терминалдарын тасымалдауға тыйым салуды талап етті

фото: tengrinews.kz

Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалын Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына қарата жолдады.

«Қазіргі таңда елімізде лудомания, яғни ойынқұмарлықтың өршіп бара жатқаны жасырын емес. Ол – қоғамның үлкен дертіне айналды. Дегенмен, азаматтарымыздың ойынқұмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы алғышарт қалыптастырып отыр. Мәселен, елімізде «LOTOMatic», «LOTOclub» сияқты атаулармен жұмыс істейтін «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір. Біреуі ақылы арнайы лотерея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Лотоклубтың мәселесін заңмен қатаң шектейтініміз анық. Өйткені бұл да казиноның, құмар ойынның бір түрі. Ал, жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек қана ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс істеп жатқан «тажалойын» жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді», деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат ойын терминалдарынан оңай ақша табамыз деп опық жеп отырған азаматтардың көбеюі мемлекеттік органдардың салғырттығы деп бағалады. Ол бақылаусыз орнатылған жасыл-сары түсті терминалдардың бюджетке салық төлемейтінін де сынады.

«Оған қоса, аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық. Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп, өз тағдырын қиратқан жас балаларымыз отбасыларын да сан соқтырып жатыр емес пе?! Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстардың көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, көлеңкелі бизнес және тағы басқаларының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді. Ең қызығы, осы ойын автоматтары мен оларға қажет жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шетелдерден тасымалданады. Бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолдармен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс әрекетіне жатады», деді депутат.