Спорт • 22 Қараша, 2023

Техастан төрт жүлдемен оралды

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Техас штатына қарасты Даллас қаласында ушудан ерлер мен әйелдер арасындағы ХVI әлем чемпионаты аяқталды. Бұл бәсекелерде 80 мемлекеттен келген 800-ден аса спортшы бақ сынады.

Техастан төрт жүлдемен оралды

Қазақстан құрамасы аталған жарысты төрт жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, +90 кг салмақта күш сынасқан Нұрсұлтан Тұрсынқұлов ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста қытайлық Ли Ксиангке есе жіберіп, күміс медальды иеленді. Жартылай финалда қарсыластарына жол берген Ақниет Марат (75 кг), Бексұлтан Көскенов (65 кг) және Ислам Кәрімов (56 кг) қола жүлдені еншіледі. Осының алдындағы дүниежүзілік додамен салыстырғанда бұл – әлдеқайда жақсы нәтиже. 2019 жылы Шанхайда өткен жарыста жерлестеріміз бір ғана қоланы қанағат тұтқан еді.

Жалпыесепте Қытай қарсылас шақ кел­тірмеді. Қытай елінің өкілдері 15 жүлде жеңіп алды. Оның барлығы да – алтын. Екінші және үшінші орындарды Вьетнам (5 алтын+3 күміс+3 қола) мен Макао (5+2+4) өзара бөлісті.