Іріктеу турнирінде Астананың «Номады» да қатысқан еді. Олар барлық кездесуде жеңіске жетіп, Е тобында көш бастады. Осы көрсеткіш арқылы мықтылармен күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Елордалық хоккейшілер енді финалдық турнирде Ұлыбританияның «Кардифф Девилз», Польшаның «Катовице» және Данияның «Хернинг Блю Фокс» клубтарымен күш сынасады. Әзірге бұл матчтардың қайда өтетіні әлі анықталған жоқ.
Осы орайда Республикалық шайбалы хоккей федерациясының басшылары жарысты Қазақстанда ұйымдастыруға ниет білдіріп отырғанын айта кеткен жөн. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, онда Құрлықтық кубоктің шешуші ойындарын «Барыс Аренадан» тамашалаймыз.