Займның максималды сомасы 1 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін қарастырылса, несие бойынша мөлшерлеме 0,01 пайызға тең (ЖТСМ 0,01% бастап). «Отбасы банк» өкілдерінің айтуынша, азаматтардың уақытын үнемдеу және мемлекеттік қолдауды алу үдерісін жеделдету мақсатында бағдарлама толықтай цифрлы форматқа көшірілді. Бұл үдерісті мейлінше ашық етіп, бюрократияны жойып, несие алу жылдамдығын күшейтеді дейді. Бұрын осы шаруаға 18 күн уақыт кетсе, қазір 8 күнде ғана жұмсалады. Өйткені банк базасы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған.
Бағдарламаға кез келген жастағы ел азаматы қатыса алады. Басты талап – сұранысқа ие мамандық бойынша дипломы және жұмыс өтілі болуға тиіс. Бағдарламаға сай келетін салалар қатарында денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамту, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік қызмет бар. Қазірге дейін берілген займдардың 57 пайызы – білім, 30 пайызы денсаулық сақтау саласына тиесілі болған. Әрине, бұл аталған мамандықты меңгерген азаматтарға деген сұраныстың жоғары екенін байқатады.
Аудандық әкімдік пен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдігі жыл сайын ауылдық жерлерге қажетті мамандықтар тізбесін қалыптастырып, сол бойынша мамандар тартумен айналысады. Маман өзі жұмыс істейтін ауылдан үй сатып алуға немесе сол жерде үй салып алуға құқылы. Несиенің максималды мерзімі – 15 жыл.
Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мемлекеттік мекемесінің маманы Айна Ешбанова ережеде үй құрылысына да қаржы бөлінеді дегенге қарамастан мамандардың көбі үйді сатып алып жатыр дейді. Бұл олар үшін тамаша мүмкіндік, баспана мәселесінің шешілуі жастардың алаңсыз жұмыс істеуіне жол ашады. Білікті қызметкердің осы мекемеде қызмет атқарып келе жатқанына биыл 24 жыл екен. Ал «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысты 2020 жылдың қаңтар айынан бастаған. Ісіне адал маман жастардың ауылдық елді мекендерден өз мамандығына сай жұмыс тауып кетуіне мейлінше жағдай жасап жүр. Оның сөзінше, көбіне дәрігер, дефектолог, сурдопедагог, хореографтарға деген сұраныс өте жоғары.
«Орта мектептерде химия және биология пәндері мұғалімдерінің тапшылығы байқалады. Бағдарламаға іріктеу кезінде мұны да ескереміз. Мемлекеттік қызмет бойынша биыл біздің ауданда бір маманға үй берілді. Ол маман 2020 жылдың 20 қарашасынан кейін жұмысқа қабылданған, қазір кент әкімдігінде жұмыс істейді. Көбі бұл салада біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, бағдарлама талабына сай болмады. 2022 жылы 42 маманға үй берілсе, биыл аудан көлемінде 139 млн 725 мың теңге қаржы бөлініп, 27 адам «Дипломмен – ауылға» көмегімен үйлі болды. Осыдан бірер күн бұрын ғана қаржыны толық игеріп, шаруаны аяқтадық. Үй 15 жыл бойы Үкіметте кепілде тұрады. Егер несиені мерзімінен бұрын жауып тастау ниеті болса, онда ол ойын тек үш жылдан кейін ғана іске асыра алады», дейді маман.
Айна Ешбанованың сөзінше, жас мамандар көбіне Бұқарбай, Таң және Мәдениет ауылдарына барып жатыр. Өйткені аталған елді мекендерде халық саны көп, тиісінше маманға деген сұраныс та жоғары.
«Бағдарламаға қатысты алты саланың басшысына арнайы хат жолдап, қай ауылға, қандай маман иелері қажет екенін анықтаймыз. Сосын жастар тәжірибесі аясында тіркелген азаматтардың мамандығын, еңбек жолын қарап, деректерін қажетті ауылдарға, мекемелерге жіберіп отырамыз. Жастар практикасы бойынша ауданға қандай мамандардың келіп жатқанын Әлеуметтік мансап мекемесінен сұраймыз. Бағдарламада мамандардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды деп айтылған. Бірақ солай екен деп барлығына бірдей беріле бермейді. Бұл жерде ескеретін айрықша фактор бар. Астана немесе Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген маман біздің ауданның бір ауылына келіп, жұмысқа орналасатын болса, біз онда міндетті түрде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ол адамға бір реттік жәрдемақы және баспана береміз. Өйткені ол адам қаладан ауылға жұмыс істеуге келіп тұр. Қазіргі уақытта бір жолғы жәрдемақының көлемі – 345 мың теңге. Айлық есептік көрсеткішке байланысты бұл сома жыл сайын өзгеріп отырады», дейді.
Сұранысқа ие салалар қатарына мемлекеттік қызметтің де қосылғаны көпшілікті қуантты. Аталған өзгеріс 2020 жылы жүзеге асқан еді. Нақтылап айтар болсақ, тиісті бұйрық 2020 жылдың 10 қазанында шықты. Оған сәйкес, тек 2020 жылдан бастап жұмысқа орналасқан қызметшілер бағдарламаға құжат өткізе алады. Мемлекеттік қызметке 2021 жылы қабылданып, бағдарлама игілігін көрген жастың бірі – Нүркен Дүйсенбі. Ол қазір Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылындағы әкімдікте бас маман болып жұмыс істейді.
«2014 жылы мектеп бітіргеннен кейін Тараз қаласындағы Тараз инновациялық гуманитарлық университетіне құқықтану мамандығына оқуға түстім. Оқуды ойдағыдай тәмамдап, бір жыл Астана қаласында әскери борышымды өтедім. «Айбын» президенттік әскери полкында қызмет еттім. 2019 жылы қазан айында туған жеріме келіп, жастар тәжірибесі бойынша ауылдық әкімдікке жұмысқа орналасудың сәті түсті. 2021 жылы мемлекеттік қызмет тестін тапсырып, одан сәтті өтіп, жаз айында жұмысқа қабылдандым. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына бұрын тек дәрігер, мұғалім мамандар ғана қатыса алатын еді ғой. Бұл қатарға мемлекеттік қызметкерлердің де қосылғаны қуантты, әрине. Сол жылы 295 мың теңге көлемінде бір реттік үстемеақы төледі. Кейін өзім туып-өскен және қазір еңбек етіп жатқан Талас ауданындағы Ойық ауылынан үй іздеп, тауып, сол үйді рәсімдедік. Үй бағасы 4 млн 908 мың теңге болды. Жетпегенін өзіміз қостық. «Отбасы банктің» ұсынып отырған пайыздық мөлшерлемесі өте төмен, сондықтан тиімді. Ай сайын 28 мыңнан төлем жасаймыз. Бұл – біз сияқты туған жерге туын тіккен жастар үшін өте қолайлы бағдарлама. Өзіміз жақсы көріп істейтін жұмысымыз, жайлы баспанамыз бар. 2022 жылы отбасын құрғанмын. Қазір кішкентайымыз бар. Бізге осындай кең көлемді қолдау көрсетіп жатқаны үшін мемлекетке алғысымды білдіремін», дейді Нүркен бізбен әңгімесінде.
Нүркеннің әкімдікке жұмысқа орналасып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қаныққанына да екі жылдан асты. Үйренерімнің әлі де көп екенін түсінемін, дейді жас маман.
«Қазір әрбір аудан, ауылдың мәртебесі көтеріліп, өзіндік басқару жүйесі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде әкімдіктегі мамандардың да жауапкершілігін арттыра түседі. Біз де қойылып жатқан талапқа сай болуға барынша тырысып жүрміз. Қазіргі атқарып жатқан жұмысымның мол тәжірибе сыйлайтынын, өмір жолымда, қызмет жолымда үлкен белес саналатынын жан-дүниеммен сезінемін», дейді.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының тағы бір кейіпкері – Нұрбақыт Елеубек. Түркістан облысындағы Түлкібас ауданында, Тұрар Рысқұлов ауылында №1 спорт мектебінде баскетбол үйірмесінің жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. Жұмыс өтілі үш жыл толғанда бағдарламаға құжаттары сәтімен қабылданып, баспаналы болған.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына ілініп, туған жерімде қызмет етіп жатқаныма қуаныштымын. Білгенімізді балаларға мейлінше үйретіп, өзіміз де солармен бірге кәсіби тұрғыда өсіп жатырмыз. Жалпы, осы мектептің ашылғанына 15 жыл болды. Ал менің осы оқу ордасында жұмыс істеп жатқаныма төрт жылдан асып кетті. 12 оқушымен жұмыс істеймін. Әрдайым облыстық, республикалық жарыстарға қатысамыз. Оқушыларымның разрядтары бар. Жетер жетістіктеріміз де әлі алда деп ойлаймын. Мемлекеттің берген ақшасына өзіміз үстеме қаржы қосып, көңіліміз қалаған үйді сатып алдық. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Келіншегім, қызым бар. Үйдің ауласы да, қора-жайы да кең. Бақша еккенге де, мал ұстағанға да ыңғайлы. Ауылда тұрған соң, өзімізге тән осындай игіліктерді де кәдеге асырған дұрыс деп ойлаймын», дейді Нұрбақыт.
Түлкібас ауданы әкімдігі экономика және қаржы бөлімінің экономика секторының меңгерушісі Базарбай Әлімбетовтің айтуынша, биыл аудан бойынша 10 маман баспаналы болыпты.
«Бұрын азаматтар бұл бағдарламаға өтінімді Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тапсыратын. Қазір мұның бәрін үйде отырып, eGov порталы арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл, әрине, үдерісті ыңғайлы, жедел әрі сапалы етеді. Биыл біздің аудан бойынша 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін қаржы бөлінді. Жалпы, 16 адам тапсырған. Бірақ алтауының құжаты талапқа сай келмеді», дейді.
Әкімдік өкілі сұранысқа ие мамандықтар тізімін аудандық экономика бөлімі қалыптастырады. Сол арқылы қаржы жоспарланып, беріледі деді.
«Жастар барып жатқан елді мекендерден сатып алатын үй табылып жатыр. Бірақ мемлекет бөліп отырған қаражат толыққанды бір баспана сатып алуға жетпейді. Сондықтан қалған қаражатты бағдарлама қатысушысы өзі қосады. Енді бағдарламаның келесі жылғы кезеңіне дайындаламыз. Қазір аудандық білім, денсаулық, ветеринария, мәдениет және спорт бөлімдерінен қажетті мамандықтар тізбесін сұратып жатырмыз. Қандай мамандар ауылдық жерге келіп, жұмысқа орналасады, соларды тізімге енгізіп, жоспарлауды біртіндеп бастаймыз», деді Б.Әлімбетов.
Мамандар да, қатысушылар да көптің көңілінен шыққан тиімді бағдарлама ауылдық жердегі еңбек нарығын дамытуға септігін тигізіп жатыр деп есептейді. Бұған кез келген азаматтың үміткер атана алатынын жоғарыда айтып өттік. Ең бастысы дипломы және ауылға келіп, кемі бір жыл жұмыс атқарғанын растайтын құжаты болуға тиіс. Сонымен қатар бағдарламаға іліккеннен кейін сол ауылдан табан аудармай жұмыс істеуге міндетті. Бұл шалғай елді мекендерді сапалы еңбек күшімен қамтуға да, еңбек жолына енді қадам басқан маманның жауапкершілігі мен тәжірибесін нығайта түсуге де мол үлес қосады дейді сарапшылар.