Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Олардың қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке беру, аграрлық секторды монополиядан арылту, су үнемдейтін тиімді технологиялар енгізу, суғарылатын аймақтар көлемін арттыру мәселесі бар. Президенттің айтуынша, жақын арада суғарылатын аймақ көлемі екі есе көбейіп, жалпы аумағы 2,2 млн гектарға жеткізілмек. 3,5 мың шақырым суару каналын реконструкциялау, 25 жаңа су қоймасын салу, 16 қазіргі су қоймасын қайта жөндеуден өткізу де – іргелі міндет. Су қоймаларының салынуы және қайта жаңғыруы 4 текше метр шақырым суды қосымша жинақтауға мүмкіндік береді.
«Үлкен қалаларға қарағанда ауылдық жерде тұрудың және жұмыс істеудің мәртебесін арттыру үшін аграрлық секторды қайта жаңғыртамыз. Фермерлер біздің экономикамыздың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Мемлекет ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты ауқымды жобаны жүзеге асырады. Кооперативтер өнімді егістіктен алып дүкен сөрелеріне апаратын тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арылуға тиіспіз», деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша елімізде ауылшаруашылық кооперативтер санының өсуі байқалады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 3284 бірлікке жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 137-ге көп. Кооперативтердің басым бөлігі Түркістан (794), Жамбыл (363) және Батыс Қазақстан облыстарында (270) орналасқан. Кооперативтерде еңбек ететін адам саны – 7,3 мың және бір жыл ішінде олардың саны 2 пайызға азайыпты. Былтыр кооперативтер 27,6 мың тонна бидай, 8,8 мың тонна жүгері, 14,6 мың тонна арпа, 26,4 мың тонна жемдік дақыл, 110 тонна бал және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін сатты.
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, кооператив жобасын жетілдіру және жүзеге асыру – кезек күттірмейтін жұмыс.
«БҰҰ-ға мүше 196 елдің 175-і кооперативтер халықаралық одағына кіреді. Бірақ сол одақтың ішінде біз жоқпыз. Сондықтан кооператив құруды халықаралық тәжірибе деп айтсақ болады. Бұл жолмен дамып келе жатқан елдер қатарында АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Швеция, Дания, Израиль, Қытай бар. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да осы тәжірибеге қатты көңіл бөліп жатыр. Өкінішке қарай, бізде бұл жағдай әңгімеден әрі қарай жылжып жатқан жоқ. Енді осы мәселеге Президенттің ерекше ден қойып отырғаны қуантады. Үш аумақты алып, үш қанатқақты жобаны іске асыру жөнінде тапсырма берді. Сайлауалды бағдарламасында да жақсылап жеткізді. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру кооперация жолымен іске асырылуға тиіс. Президент тапсырма беруін береді, бірақ оны бер жақтағы шенеуніктердің қалай іске асыратыны, басқа мәселе», дейді Т.Рахымбеков.
Сарапшының айтуынша, елімізде кооперация мүлде дамымай отыр деуге болмайды. Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында әртүрлі формада жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұл шаруаға ешкім кешенді түрде кіріспей отыр. Кірісуді тежеп тұрған бірнеше түйткілді санамалады.
«Ең бірінші проблема – өткізу проблемасы. Фермер өз өнімін лайықты саудалап, пайда таба алмай отыр. Сатқан күнде де әділетті бағамен сатып отырған жоқ. Сондықтан олардың табысы төмен. Шаруа қожалықтарының да жағдайы осындай. Заңды тұлғалар, яғни акционерлік қоғамдар, ЖШС-лар, өндірістік кооперативтердің жағдайы мәз емес. Кооператив бірінші кезекте осы өткізу проблемасын шешер еді. Әйтпесе, өндірген өнімін әр фермер жеке жүріп, қайда барып сатады? Кабинетте отырған шенеуніктер «базарға барып сатсын, сол жерден орын береміз» дейді. Фермер таңнан кешке дейін базарда тұрса, ауылдағы малын кім бағады, егістігіне кім қарайды? Сөйтсем олар «әйелі мен баласы барсын» дейді. Жарайды, сөйтсін. Бірақ ол ауыл қаладан 5-6 шақырым жерде тұрса жақсы. Ал аудан орталығынан 200-300 шақырым шалғай орналасқан болса ше?! Күнделікті екі шелек сүті мен екі қап картобын автобуспен таситын болса, сүттің бағасы өсіп кетеді ғой. Сондықтан бүкіл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін бір жерге жинап, өнімдерді бастапқы қайта өңдеуден (салқындату, тазалау, жуу) өткізіп, сол жерден үлкен көлікпен сату орнына алып кетуді ұйымдастыру керек. Тауар өндіру үшін жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, техника керек болады. Соның бәрін ауыл тұрғындарына әкеліп беретін кім бар? Ондай жүйе жоқ бізде. Қатардағы кәсіпкерлер ең бірінші пайдасын ойлайды. Ал мына кооператив дегеніміз – коммерциялық емес жүйе. Олар пайда қумайды, тауар өндірушілердің талабын орындауға тырысады. Яғни қажетті керек-жарақты әділетті бағамен әкеледі. Фермердің өзіне және өнімге қызмет көрсетілуге тиіс. Шаруа қожалығында 50-60 сиыр бар, қосалқы шаруашылықта 5-6 сиыр бар делік, соларға ветеринария қызметі көрсетілуі керек. Егістіктегі өнімдерді қорғау жұмысын кім жасайды? Білікті, білімді агроном бар ма? 5-6 гектар жерді жырту үшін дербес трактор ұстамайды ғой. Әрине, мұның бәрін кооператив ұйымдастыра алар еді», дейді ол.
Айтуынша, шаруаларға білім үйрету, консультация беру функциясын да кооператив атқарса игі.
«Мемлекеттік қолдау, арзандатылған субсидия мен кредит те осы кооперативтер арқылы ұсынылуға тиіс. Шенеуніктер ереже бар, фермер құжат жинап, ауданға барсын дейді. Тағы да айтамыз, ол кабинет аралап, құжат жинап жүргенде кәсібі қараусыз қалады. Оны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Меніңше, мемлекеттік қолдау фермердің үйіне дейін, фермердің қорасына дейін баруы керек. Оны апарып беретін – кооператив. Егер осының бәрі ретімен орындалса, онда ауыл тұрғындарының табысы кем дегенде 3-4 есе артушы еді. Сәйкесінше, өнімділік өседі. Біздің айтып отырғанымыз баяғы колхоз секілді өндірістік кооператив емес, сервистік кооператив. Бұл жерде де тауар өндірушілердің деңгейіне қарай, кооперативтің өзі ең аз дегенде үш түрге бөлінгені жөн. Біреуі – әр ауылдық округте (Қазақстанда екі мыңнан аса округ бар) бір-бір кооператив қосалқы шаруашылықтар үшін құрылуы керек. Екіншіден, майда шаруа қожалықтары үшін аудандық кооператив керек. 166 аудан бар болса, 166 кооператив қажет деген сөз. Үшіншіден, ірі шаруа қожалықтары, заңды тұлғаларға бөлек кооператив қызмет көрсетсін. Бұларға арнап 17 облыста 17 кооператив құрылсын. Сонда ел бойынша ең аз дегенде екі жарым мыңдай кооператив қажет екен. Сөйтсек ғана ауыл шаруашылығының жұмысы алға басады», дейді.
Президент сайлауалды бағдарламасында шаруаларға су жеткізу мәселесін де көтерген. Үкімет есебінше, қазір фермерлердің жеріне судың 60 пайызы ғана жетіп отыр. Инфрақұрылымның жоқтығы суару мәселесіне орасан тежеу жасайды. Осы бетімен кете берсе, 2040 жылға таман елдегі су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетпек.
Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының мәлімдеуінше, Орталық Азияның көп бөлігі ылғалдың жетіспейтін аймағында орналасқан. Сондықтан бұл өлкеде, оның ішінде Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту суармалы егіншілік арқылы ғана мүмкін болмақ. Қазір суарылатын аумақ көлемі – 2,2 млн гектар. Бұл – барлық өңделетін жердің 7,6 пайызы. Әрине, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Керісінше, көршілеріміздің ахуалы біршама тәуірлеу екен. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 96, Түрікменстанда – 90, Қырғызстанда – 75, ал Тәжікстанда 73 пайызды құрайды. Климаттың жыл сайын құрғап, су ресурстары тапшылығының ұлғая беруі азық-түлік қауіпсіздігіне, халықты жұмыспен қамтуға және кедейлікті азайтуға үлкен қатер төндіреді.
«Өзгеріп жатқан климатқа бейімделу үшін Қазақстан жаңа ирригациялық жүйе мен технологияны дамытуы керек. Проблемаларды шешу үшін ирригациялық инфрақұрылым мен жабдықтарды модернизациялау, су және жер сапасы есебін жүргізу, ауыл шаруашылығы құрылымын оңтайландыру өте маңызды. Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен біз Түркістан облысында 19 тік дренажды ұңғыманы қалпына келтірдік және сумен жабдықтайтын автоматты жүйені, арнайы есептеу құрылғыларын орнаттық. Бұл жүйе келіп түсетін жерасты сулары мен жауын-шашынның мөлшерін есептейді және егістік алқапқа түсетін судың мөлшерін анықтайды. Осылайша, суды үнемдеуге болады», дейді орталықтың бас экономисі Фируз Иброхимов.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты мамандарының пікірінше, бір гектар жерді күтіп-баптау үшін 800 мың теңгеден аса қаржы қажет болады.
«Климаттың өзгеруіне және антропогендік әсерге байланысты су ресурстары үнемі азаяды. Алдағы уақытта Жамбыл облысындағыдай су ресурстарымен қамтамасыз етудегі осындай күрделі жылдар жиі қайталанады. Бұдан шығудың бірден-бір жолы – суды үнемдейтін суару технологияларын енгізу», дейді институт басшысының орынбасары Тұрсын Ибраев.
Мемлекет басшысы агросекторға үлкен мән береді. Алдағы үш жылдағы міндет – агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу. Жақын жылдарда 115 су-тауарлы фермасы, 15 ірі құс фабрикасы салынбақ. Одан бөлек, алдағы бес жылда жалпы сомасы 2,7 трлн теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жоба қолға алынады деп жоспарланып отыр.