Президент • 23 Қараша, 2023

Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясына қатысты

205 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Минск қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты. Беларусь Президенті Александр Лукашенконың төрағалығымен өткен саммитке еліміздің басшысымен қатар,  Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон барған, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев сессия қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Беларусь тарапына және Александр Лукашенкоға ризашылық білдірді.

Президент 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстан Республикасына өтетінін мәлімдеді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйым аясында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға еліміздің елеулі үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды.

– Бірінші, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жылдың 18 наурызында ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтары арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүргізіледі. ТМД мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді құптаймыз. «ҰҚШҰ-ның ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас Ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты ретінде ұсынылды. Қазақстан Президентінің пікірінше, ҰҚШҰ Ұжымдық күштерін жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.

– Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатысты. Сонымен қатар әскери кадрларды даярлау жүйесін және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады. Бұл ретте ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің қызметі зор рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде  халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударылады.

– Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ұйым есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес жүргізуге тиіс.

– ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кеңістігін осы қауіпті заттың енуінен қорғау үшін бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажет. Жұмыс ретін барлық өзекті факторды, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралу аясы кеңейе түскенін ескере  отырып ұйымдастыру керек. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдар жетекшілерінен құралған Үйлестіру кеңесі сияқты механизм маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды ортақ жұмыстың маңызды бағыттары деп санайды.

– Қазіргі жағдайда қауіп-қатердің сипаты мен кибер қылмыскерлер қолданатын қару түрлері де тез өзгеріп жатыр. Мұны біздің негізгі құралымыз – ҰҚШҰ-ның  ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі «ПРОКСИ» операциясын іске асыру кезінде ескеру керек деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде жүзеге асыру үшін айқындалған басымдықтар жуық арада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жолданатынын айтты. Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту және оны одан әрі дамыту үшін кешенді жұмыстар жалғаса беретініне сенім білдірді.

Сессия қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.