Жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар жастарды жұмысқа орналастыру, алған дағдыларын монетизациялау және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту. Онда кәсіби маманданудан тыс, жобаға қатысушыларға әлеуметтік, психологиялық төзімділікті, ортада жұмыс істеуді, шығармашылық, көшбасшылық, өзін өзі таныстыру секілді дағдылар үйретіледі. Қазір онда 120-дан аса студент оқуды сәтті аяқтап, өздерінің жобаларын «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС Ақпараттық жүйелерді пайдалану және пайдаланушыларды қолдау департаментінің директоры Ребрикова Алена, SMM lab маркетинг агенттігінің директоры Степан Баев, ABC Design директоры Сұлтан Маликов қатарлы қазылардың алдында қорғап шықты.
Аталған салтанатты марапаттау рәсіміне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов, «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова, «EPAM Kazakhstan» директорының қаржы жөніндегі орынбасары Галима Кари қатысты.
Былтыр «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңдағы терминдерге түзетулер енгізілді. «Мүмкіндігі шектеулі адам» деген тіркес «мүгедектігі бар адам» деп ауыстырылды. Яғни олардың ешқандай мүмкіндігі шектеулі емес, қоғамның тең хақылы мүшесі. Тек ерекше қажеттіліктеріне, яғни медициналық-әлеуметтік мәртебесіне қарай «мүгедектігі бар адам» деп аталады.
2023 жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша елімізде 711 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады. Алайда олардың басым бөлігі еңбекке жарамды, бәсекеге қабілетті екен. Оның бір куәсі – әлемдегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі «Шеврон» компаниясының қолдауымен ITeachMe қорының мүгедектігі бар жастарды әлеуметтік оңалту жобалары заманауи цифрлық технологияларды тегін үйренуге мүмкіндік беруі дер едік.
– Мүгедектігі бар адамдар күйзеліске көп ұшырайды. Адам үйден бір күн шыға алмай қалған жағдайда не болады, ойлаңызшы. Ал олар үшін білім алуға, жұмысқа баруға мүмкіндік аз. Қазір мемлекет осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін пысықтап жатыр. Кедергісіз орта мәселесі бойынша шешілмеген нәрсе әлі де көп, – дейді ITeachMe қорының директоры Захира Бегалиева.
Сондай-ақ ол биыл мамыр айынан бастап цифрлық технологияның қыр-сырын меңгергісі келетін мүгедектігі бар жастарды тегін оқыту мүмкіндігі туралы ақпараттандыру мақсатында ел бойынша 40-тан аса кездесу өткізілгенін жеткізді.
– Бұл тізімде ірі қалалармен қатар шағын елді мекендер де бар. Мысалы, бағдарлама туралы білуге Қосшы қаласында 7 адам ниет білдірді, ал ең белсенді Шымкент қаласынан 110-нан аса адам қызығушылық танытты. Кездесу қорытындысы бойынша 1 500-ден аса өтінім келіп түсті. Тек 178 студент үш кезеңдік іріктеу турынан сәтті өтіп, ITeachMe жастар инклюзивті жобасының жетінші маусымының студенті атанды, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Жиында жеңімпаздардың ішіндегі ең тиімді 20 жұмыстың авторлары, қазылар алқасының бағалауы бойынша 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін қаржылай сыйлықпен марапатталды.
– ITeachMe бағдарламаcының біз үшін де, қоғам үшін де маңызы зор. Білікті сарапшылардың әдістемелерін жинақтап, осындай мықты қолдау орталығын құру арқылы жастардың мамандық меңгеруіне жол ашады. Осылайша, олар жақсы орта, жаңа достар тапты. 4 жыл ішінде бағдарлама жаңашылдықтың ошағына айналды, – дейді Л.Айтмұханова.
P.S. Мүгедек арбасында отырса да, қиялы қиядағыны алған алғыр жастардың бұл салтанатты іс-шарасына арнайы барып қайтқан едік. Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ. Бір жайтқа көңілдің күпті болғанын несін жасырайық. Бұл тіпті жалпы технология саласында жүрген жастар арасында белең алып бара жатқан құбылыс па, кім білсін? Әйтеуір, іс-шара бастан-аяқ орыс тілінде өтті. Ондағы технолог қазақ жастарының көбі өзара орыс тілінде сөйлесетіні байқалады. Мүгедектікті жеңгенімізбен, тілдегі мүкістікті жеңе алмай отырғанымыз қынжылтады.