Облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар екенін айтты. Бір жыл көлемінде, ай сайын, барлық индикатор бойынша тұрақты өсім сақталған. Бүгінде, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 107,5%-ды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд теңгеге жетті. Құрылыс саласында өсім – 141,1%-ға, өнеркәсіпте – 106,3%-ға, ішкі саудада – 103%-ға, ауыл шаруашылығында 101,7%-ға өсім тіркелген. 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 443 отбасы баспаналы болған.
«Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізді. Орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгеге тұрақтады. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсті. Биылғы облыс бюджеті 419,2 млрд теңгені құрады. Сумен жабдықтау нысандарын қаржыландыру 3 есеге, жолдарды жөндеу – 2,3 есеге ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар – 1,2 есеге, денсаулық сақтау – 2 есеге, ауыл шаруашылығы 7 еседен артық өсті. Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51,4%-ға артық. Онда тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру 2 есеге, әлеуметтік қорғау 23%-ға ұлғайды», деді Н.Ұранхаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілгені белгілі. Ондағы инвестиция көлемі – 1,9 трлн теңгеге 102 іс-шара қаралған. Биыл 89,2 млрд теңгеге 45 жобаны іске асыру жоспарланған екен. Қазір тиісті жұмыстар басталып та кеткен. Бес жылға арналған инвестициялық жобалар пулы жасақталған. Оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын, 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы еніпті. Биыл 600 жаңа жұмыс орны бар 3 жоба іске қосылды. Құны – 19,1 млрд теңге. Агроөнеркәсіптік кешенде 5,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асқан. Жылдың аяғына дейін өңдеу өнеркәсібінде 150-ге жуық жұмыс орны бар, 11,9 млрд теңгенің тағы 4 жобасы өз жұмысын бастайды. Ал ауылшаруашылық мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару жұмысы жалғасуда. Жалпы ауданы 387,9 мың гектар жер учаскесі анықталды. Оның 157 мың гектары қазіргі таңда қайтарылды. Қалған 97 мың гектар жыл аяғына дейін алынып, жылдық жоспар толық орындалғалы тұр екен.
«Инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелік мәселелерді шешуге ерекше назар аударылып келеді. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Семейде, оң жағалауда, 125 Гкал жылу энергиясының тапшылығы болды. Оны азайту үшін, екі жылу қазандығы қайта жаңарудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға ұлғайды. Қалған тапшылық – 85 Гкал. Сол сияқты жылу желілерінің тозу мәселесі де бар. Олардың жалпы ұзындығы – 464,5 км. Орташа тозу – 68%. Желінің 279 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді. Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Президент тапсырмасымен, жыл аяғына дейін, жаңа, үшінші жылу-электр орталығының техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп болады», деді өңір басшысы.
Халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 15,5 млрд теңгеге 54 жоба іске асырылып жатыр. Облыста орталықтанған ауыз сумен қамту үлесі – 91,9%-ды құрайды. 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 32 жобасы іске асатын көрінеді. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы саласында Ертіс өзені арқылы жаңа, төрт жолақты көпір құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал аспалы көпірді жапон мамандары тексерді. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Алдағы екі жылда көлік дәлізін кеңейту үшін, 270 км болатын «Бақты – Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған. Әкімдік теміржол салуға арнайы жерлерді белгілеп, резервке қойған. Жоба Қытаймен екіжақты теміржол тасымалы көлемінің жылдық мөлшерін 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 19 мыңнан астам адам бар. Оның 2 442-сі көпбалалы отбасылар санатында. Биылдан бастап жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын, 68 көппәтерлі және жеке тұрғын үй құрылысын салып жатырмыз. Алдағы 3 жылға тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарда бар. Бұл – 6 800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушы орнының тапшылығын азайту үшін, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 5 700 орындық 11 мектеп құрылысы жоспарланды. Биыл 5 мектеп салуға келісімшарт жасалып, екеуінің құрылысы Семей қаласында басталып та кетті. Бұлардан бөлек, облыс орталығында «KAZ Minerals Management» қаржысы есебінен 1 200 орындық мектеп салынып жатыр. Бұйыртса, 2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау Қорының қаражаты есебінен 6 шағын мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады. Сол сияқты, балаларды қосымша біліммен жан-жақты қамту мақсатында көпбейінді Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл 1-қыркүйектен бастап Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыс жоғары оқу орындарына қосымша 500 арнаулы білім гранты бөлінді», деді Н.Ұранхаев.
Облыста денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы үлгілік жобаға өткізу бойынша жұмыстар жүргізілген. Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу көзделіпті. Ал Қарағайлы ауданында жеке инвесторлар есебінен емхана мен нефрология орталығының құрылысы басталған.
«Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттемелер орындалуда. Үш тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыздық орташа республикалық деңгейде сақталды. Биыл 24 926 жұмыс орнын құруды жоспарладық. Қазір – 23 589 орын ашылды. Жоспар 95 пайызға орындалды. Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту үшін 697,4 млн теңгеге 110 жеңілдетілген несие, жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 1,1 млрд теңгеге, 2,5% үстеме ақымен 214 шағын несие берілді. Сол сияқты, кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын аштық. Біз үшін оның маңызы ерекше. Себебі облыста 24 481 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 2 905-і – балалар. Кешенді жоспарға сәйкес, тағы да, Семей мен Аягөзде 150 орындық екі орталық салуды көздеп отырмыз. Қазір, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», деді облыс әкімі.
Өңірде мәдениет және спорт саласында да жетістіктер бар екен. Олар жөнінде айтып өткен аймақ басшысы, театрға арнайы тоқталды. «Семейді, нақты айтқанда «Ойқұдықты», қазақ театрының «қара шаңырағы» деп айтады. Олай болса, бір шаңырақ астында үш бірдей өнер ұжымының жұмыс істеуі ынғайсыз. Сондықтан келешекте, Семейдің Жаңасемей бөлігінде, бұрынғы Алаштың жұртында, заманауи мәдени нысан (конгресс-холлды) салуды жоспарлап қойдық», деп жалғастырды сөзін.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семей қаласын дамытудың Бас жоспары әзірленіп жатқаны мәлім. Сонымен қатар Семейге қарасты 32 елді мекеннің басын қосып, дербес Жаңасемей ауданына біріктіру және Мақаншы ауданын қайта бөлу бойынша да жұмыстар жүргізілуде екен. Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы шаруалар да үздіксіз атқарылып келеді. Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанған. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтіп, 9 үйге мурал салыныпты.
«Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойымен жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құрылды. Аспалы көпір астында, «көпірасты кеңістіктер» пайдалануға берілді. Этно-ауыл құрылысы жүріп жатыр. Жоласты өткелдері жөнделді. Жылы аялдамалар орнатыла бастады. Келер жылы Ертіс өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен Бейбітшілік аралында балалар теміржолын салуды көздеп отырмыз. Осының бәрін ұтымды пайдаланып, тұрғындарға жайлы орта құру бағытында жұмыс істейміз. Ол үшін, әрине, уақыт керек. Сондықтан мәселені мейлінше жылдам әрі тиімді шешуге мүдделіміз», деді Н.Ұранхаев.
Өңір басшысының арнайы баяндамасынан кейін журналистер түрлі сұрақ қойып, тұщымды жауап алды.