Спорт • 24 Қараша, 2023

Әсем Орынбай – әлем кубогінің жеңімпазы

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қатардың Доха қаласында нысана көздеуден  әлем  кубогі басталды. Жерлесіміз Әсем Орынбай стенд атудың скит бағдарламасының финалдық сайысында 51 ұпай жинап жеңіске жетті, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің  баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Әсем Орынбай – әлем кубогінің жеңімпазы

Turizm_jane_sport_ministrligi

Әлем кубогінің күміс медалі Италия спортшысы Кьяра Ди Марциантониоға бұйырды, қола медальді  АҚШ спортшысы  Дания  Джо Вицци еншіледі. Әлем кубогіне АҚШ-тан тағы бір спортшы қатысқан. Жазғы Олимпиада ойындарының үш дүркін  чемпионы  Кимберли Роуға  жүлде бұйырмады.

«Әсем Орынбайды әлем кубогі жарысындағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Әсем үшін өте табысты маусым болды. Мәселен, ол Қытайдағы Азия ойындарында екі алтын, бір қола медаль жеңіп алса, міне арада көп уақыт өтпей әлем кубогінде қарсылас шақ келтірмеді. Бұл – тамаша көрсеткіш. Отандасымыз алдағы байрақты бәсекелерде де жанкүйерлерін қуантып, үздіктер қатарынан көрінетініне сенімдімін. Нысана көздеудегі бұл жеңіс осы спорт түрімен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) әлем кубогін төрт жылдық үзілістен кейін өткізді. 42 елден келген 179 спортшы сынға түсіп отыр. ISSF рейтингінде Әсем Орынбай 7-сатыда тұр.