Талапты да талантты жастың жыр кітабы, аудармалары мен мақалалары топтастырылған қос жинақтың тұсауы Астанадағы Ұлттық мұражайда кесілді. Жас ақын әдеби кеш атауын «Айдың аппақ жүрегі» деп атапты. Сол жүрекке кіршік түспесе, өлең де мөлдір.
Ақын-жазушылар – Сұраған Рахметұлы, Айгүл Кемелбаева, Қалқаман Сарин, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мақпал Мыса жас дарын кітаптарының тұсаукесер рәсімін жасады. Алпамыс ортаға Оралын жырлап шықты. «Оралда бәрі өзгеше» деген оның жырларынан туған даласының өсімдігіне дейін тыс қалмағанын көреміз. Гректердің даласына барып Байбарыс сұлтанның сағынышын жыр еткені сүйсіндіреді. Қыпшақ даласының бір түп жусанына іңкәр болып өткен ұлы жүректің рухын бүгінге жалғауға тырысқан жастары бар ел өркендесе керек. Ұлы мұрат, армандары тереңнен тамыр тартқан ұлт уақытқа төтеп береді, талантты жастарының арқасында. Алдыңғы буын ағалар жас ақынға сондықтан үміт артып келіп отыр.
Кеш барысында сөз сөйлеген «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Ғабит Мүсіреп: «Бүгінгі жастарға қуанамыз. Көздерінен жалын көреміз. Жастардың бұлай кеш өткізгені қазақ әдебиетінің ертеңінен үміттендіреді. Үлкен-үлкен ағаларың келіп қолдап жатқанының өзі әдебиетке деген көзқарас пен жауапкершілікті көрсетеді. Жаңа өлеңіңде айтып жатырсың ғой, «доп қуған бала бүгін ой қуып жүр» деп. Ойың да, өлеңің де өзгеше болып, әдебиеттен өз орныңды алу жазсын», деді.
Жиында белгілі журналист Серікқали Мұқашев та сөз сөйледі. Әдеби кеш жас ақын жырларымен көмкеріліп, әндер шырқалды.