Жыр сайысына еліміздің әр өңірінен 7 жыршы-термеші қатысты. Екі кезең бойынша бақ сынаған өнерпаздарға құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Ұлжан Байбосынова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Хатимолла Бердіғалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер конкурстарының лауреаты Фархат Оразов, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев бар қазылар алқасы төрелік жасады. Әуелгі кезеңде Махамбетке арнаған жыр-толғауды ортаға салған жыршылар даңқты батырдың өз шығармаларын да ортаға салды. Соның ішінде «Күн қайда?», «Әй, Махамбет, жолдасым!», «Тарланым», «Соғыс», «Еменнің түбі – сары бал», «Нарында», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», «Адыра қалған Нарынның», «Еңселігім екі елі», «Арғымақ, сені сақтадым» сынды толғауларын жатқа айту міндеттелді. Ал екінші кезеңде сайысқа қатысушылар Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанынан 20-30 минуттық үзінді орындады.
Аса тартысты өткен сайыстың бас жүлдесіне тігілген 1 000 000 теңге Қызылорда облысынан келген Нұрайым Ерталапқа бұйырды.
I орын және 800 мың теңге жүлдені ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева жеңіп алды. II орын (700 мың теңге) батысқазақстандық Сәтжан Ғалымжановқа тисе, ІII орын мен 500 мың теңге Қызылорда облысының тағы бір өкілі Ұлдана Нұртуғанның қанжығасына байланды.
Өзге қатысушылар да құр қалмады. Махамбет Өтемісұлы атындағы арнайы жүлде мен 220 мың теңге – Маңғыстау облысының жыршысы Айсұлтан Есенғалиевке, Исатай Тайманұлы атындағы арнайы жүлде мен 220 мың теңге – Атырау облысынан келген Аманжол Дауылбаевқа, ал кәсіпкер Ермек Мәлікұлының арнайы жүлдесі (200 мың теңге) – Батыс Қазақстан облысының өкілі Темірлан Әкімжановқа табысталды.
Қазылар алқасына және барша қатысушыға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхат табысталды.
Батыс Қазақстан облысы