Төртжылдықтың басты додасының алғашқы 90 жолдамасы биыл қыркүйек айында Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында таратылды. Келесі жылдың көктемінде әр құрлықта лицензиялық турнирлер ұйымдастырылады: Америка (28 ақпан – 1 наурыз, Акапулько, Мексика), Африка (22-24 наурыз, Александрия, Мысыр), Еуропа (5-7 сәуір, Баку, Әзербайжан) және Азия (19-21 сәуір, Бішкек, Қырғызстан). Осы бәсекелерде ақтық сынға дейін алқынбай жеткен 144 балуан Олимпиадада бақ сынау мүмкіндігіне ие болады. Сол себепті финалдық сайыстар өтпейді.
Соңғы жаһандық жарысты Түркияның Ыстанбұл қаласы қабылдайды. 9-12 мамыр аралығында Анадолы елінде жалауы желбірейтін жарыста 18 олимпиадалық салмақтың әрқайсысында үш жолдамадан сарапқа салынады.