Әуелгі өмірлік танымдар балабақшадан басталады. Облыста қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жемісті жұмыс істеп тұр. Бұрын жабылған балабақшалар қайта ашылып, жаңадан салынғандары іске қосылып, балдырғандардың мектепке дейінгі білім алуына септігін тигізіп жатыр. Сондай игілікті іс Талдықорған төрінде орын алды. Қаладағы №6 балабақшаның ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашты. Тоқырау кезінде облыстық архив орналасып, кейіннен бос қалған екі блок балдырғандарға берілді.
– Балабақша – кішкентай бөбектеріміздің білім сапарына бастайтын алғашқы қадамы. Жаңа ғимарат заманға сай барлық жабдықпен қамтылған. Маңайдағы ата-аналар енді алысқа сабылмай, жаңа нысанға әкеледі, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Жөндеу жұмыстарын «Нұр шапағат» құрылыс компаниясы жергілікті бюджет қаржысына жүргізген. Ғимарат 4 блоктен тұрады. Бүгінде 270 балаға арналған 11 топ жұмысын бастады. Бір бөбекжай тобы ашылып, мекеменің атауы өзгерді. Кадр мәселесі де шешіліп, жұмысқа конкурс арқылы 20 педагог-маман, 21 кіші қызметкер тартылды. Сонымен қатар балабақшаның материалдық базасы жақсартылған.
Айта кетейік, биыл облыста жалпы орын саны 2 260-ты құрайтын мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Оның ішінде 755 орындық 10 жекеменшік балабақша, аудандар бойынша 1 505 орындық қосымша топ жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде Талдықорған қаласындағы «Ерсұлтан», «Монтессори», «Самила», Панфилов ауданындағы «Дарынды сәби», Кербұлақ ауданындағы «Мирас» балабақшаларын атап өтуге болады. Оған қоса Сарқан ауданында – 75, Ескелді ауданында 76 орындық қосымша топ ашылған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елімізде 1 мың мектеп салу міндетін жүктеген еді. Бұл бағытта елімізде игі қадамдар жасалып жатыр. Осы қатарда Сарқан ауданындағы жаңадан пайдалануға берілген Бірлік орта мектебін атап өтуіміз керек. Бірлік ауылындағы орта мектеп ыңғайластырылған үйде орналасқандықтан, оқу үрдісін жетілдіруге, жылдар бойы оқушыларға сапалы білім беруге жан-жақты мүмкіндік болмағаны белгілі. Міне, биыл көпшіліктің күткен үміті жанды. Жұртшылық тілегі ескеріліп, Бірлік орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Мектепті «Құрылысшы-ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, ауқымды құрылысқа бөлінген 1 млрд 300 млн теңге толық игерілді. Қарашаның 14-і жаңа мектеп ресми түрде ашылып, ауыл тұрғындары қуаныш көзайымы болды.
Салтанатты іс-шарада Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев болашаққа қадам басқан шәкірттердің ата-анасын қуантып, жаңа мектепте тек қана жақсы үлгерімге жететініне, мектеп түлектерінің ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ахметова, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлшат Түменбаева, Бірлік орта мектебінің ардагер ұстазы Шара Дүтбаева ұжымға сәттілік тілесе, Сарқан ауданының құрметті азаматы Тілеулес Досанаманов ақ батасын берді. Жаңа мектептің лентасы қиылып, жұртшылық білім негізін қалайтын алтын ұяны аралап, заманауи кабинеттермен танысты.
Жетісу облысы