Қоғам • 27 Қараша, 2023

Жаңашыл ұстаз жолы

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әр өңір креативті индустрия бағытын дамытуға тиісті. Бұл – заман талабы. Тіпті, білім саласына да ілгері қағидаттар қажет. Яки, заманауи жастардың тілін жаңашыл ұстаз ғана таппақ. Осы орайда Сарқан ауданына қарасты №1 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Іңкәр Рахманованың оқыту әдісі көпті таңғалдырып отыр. Жан-жақты маманның жасампаз тәсілдері мен экспериментке бейім болмысы оқушыларға үлкен жігер сыйлауда.

Жаңашыл ұстаз жолы

Фото: Ашық дереккөз

​Әуелі, мына сұраққа жауап іздеп көрейікші. Жаңа ғасырдың жаңашыл ұстазы қандай болу керек? Біздіңше, күн санап түрлі кейіпке енген, сан аулан ақпараттарды ешқандай сүзгісіз қоғамның санасына құйған заман үдерісіне еркін бойлайтын жан ғана өз ісінің кәсіби шебері атанбақ. Ұстаз уақытпен қатар толассыз дамып, тауыс құсындай түрленіп отыруы шарт. Әйтпесе сіз шәкіртіңізді қызықтыра алмайсыз. Біз мұндай ерекшеліктерді облыстық «Жетісу ұстазы – 2023» байқауының жеңімпазы Іңкәр Рақманованың бойынан көре алдық. Білім бәйгесінде өзінің сабақ беру әдісі арқылы саланың білікті мамандарының ыстық ықыласына ие болды. Ұстаздық жолға түскеніне көп болмаса да креативті идиялары арқылы өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Осылайша өңірлік білім бәсекесінде оқ бойы оза шауып, автокөлік иесі атанды.

«Жетісуда заман өрісінен өз жолын таба білген, дарынды мамандар көп. Десе де Іңкәр жаһандық білім кеңістігіндегі жаңашылдығымен дара шапты. Біз байқауда педагогтің дарын деңгейін, шығармашылық қабілетін, зияттылық шеберлігін бағамдадық. Қазір, өңірде креативті жастар білім саласына басқа ракурстан қарап, құндылығын еселеуде. Біз осындай ұстаздарымыз барына қуанамыз», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Іңкәрдің басты қасиеті – iзденiмпаздық. Қай уақытта да сын тұрғысынан ойлай алатын, iскер һәм шығармашыл жас. Айрықша идеялар беруге, ойлаудың дәстүрлі схемаларынан басқа жол табуға, проблемалық жағдаяттарды тез шешуге қабілеттілігімен өзгеше. Өз мамандығын жанындай сүйетін адам ғана өзгемен еркін тіл табыса алады. Бүгінде оқушы жүрегіне жол таба білу де үлкен өнер. Мұны пайымды педагог жетік меңгерген. Университетте оқып жүрген кезінен білімге құштарлығы қатарының алды болуға жетелейді. Мұны тәлімгері Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Татьяна Михайловна Станкевич те мойындап отыр.

«Тәуекелшіл талаптың қанатын еркін қағуына көмек беру әрбір мұғалімнің парызы. Біз ғылым мен техника дамыған, өнер-білімнің түрлі саласында тың жаңалықтар аса қарқынды үрдіспен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек осы кезеңде заманына сай ұрпақ тәрбиелеп, жетілдіріп шығару үшін жан-жақты білім және тәрбие берумен айналысу өте жауапты іс. Мен Іңкәрдің бойынан осы мінезді көремін», дейді Т.Станкевич.

Білікті педагог 2016 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін биология мамандығы бойынша үздік бітірген. Қолына дипломын ала салып, өзі туып өскен мекенге қызмет етуге бел буады. Көп ұзамай Сарқан қаласындағы №1 мектеп-гимназиясына биология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Бүгінде жалпы жұмыс өтілі – 8 жыл, біліктілік санаты – педагог-сарапшы. Осы уақыт аралығында өз кәсіби шеберлігінің нәтижесінде жеткен жетістіктері жетерлік. Соның дәлелі – Жетісудың үздік ұстазы атануы.

«Қазір жаһандық ақпараттың дамыған кезеңі. Заманға сай  еліміздегі барлық салада жаңашылдықтар енгізілуде. Мәселен, білім беру мекемелері  сандық жүйеге көшіріліп, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды  қолға алуда. Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін ең басты қажеттілік», дейді кейіпкеріміз.

Оның халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, ауданның ғана емес, өңірдің білім саласына үлкен жаңалық әкелгені көптің көңілінде. Жеке авторлық жобалары шетелдіктердің де қызығушылығын тудыруда. «Biology in English» факультативтік курсы бағдарламасының авторы ретінде әріптестерінің құрмет-қошеметіне ие болды. Біз жаңашыл ұстаздың әлі де алар асуы алда екеніне күмән келтірмейміз. Креативті маманның қоғамға берер құндылығы көп, бұл заман ағымына ілескен әрбір оқушы үшін де маңызды.

 

Жетісу облысы