Қоғам • 27 Қараша, 2023

Еңбекпен тапқан нәсібін

141 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біз әсілі еңбек адамы дегенде егін басында жүрген, қолында кетпені мен күрегі бар ауыл тұрғынын елестетін секілдіміз. Болмаса малдың соңында жүрген, ауыр жұмыстан қажыған жанды нұсқауға оқталамыз. Жоқ, тіршілік бәріне ортақ, демек еңбектің үлкен-кішісі жоқ. Біз бүгін осы ретте еңбекке әуес талай жастың санасына сәуле құйып, жол көрсеткен Көксу ауданының құрметті азаматы Дәлелхан Жаныш жайлы сөз қаузамақпыз.

Еңбекпен тапқан нәсібін

Фото: Ашық дереккөз

Адам еңбегімен сұлу, артында қалдырған өнегелі ісімен өміршең, кісіге көрсеткен жақсылығымен жасампаз. Ендеше Дәлелхан Жаныш жайлы сыр тартуға, солай сипаттауға болады. Қарапайым шаруаның баласы бүгінде зейнеткер, десе де өзі тәрбиелеген інілеріне бағдаршам болып жүр. Мемлекеттік қызметтің ішінде жүріп, жүздеген шаруаның кәсібінің дөңгелеуіне мұрындық болып, ағалық ақылымен ізін басқан жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырды. Қазір солардың басым бөлігі көксулықтарды жұмыспен қамтамасыз етіп, облыстың әлеуетін арттыруға күш салып жатыр.

Кейіпкеріміз жұмыссыз жүрген көптеген жасты қант қызылшасын егуге үгіттеп, мал шаруашылығының көл-көсір пайдасын әспеттеп, аудан халқына адал қызмет етті. Одан бөлек өңірдің қоғамдық, әлеуметтік, саяси, мәдени өміріне білек сыбана араласып, әр саланың жеке-жеке дамуына лайықты еңбегін сіңірген ардагер азамат. Еңбек жолын ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінен бастап, ауданның экономикасының көтерілуі, мәдениет пен спорт саласының дамуы, қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына айрықша үлес қосты. 2007 жылдан бері ауданның идеология саласында көптеген игі іске бастама болып, көксулықтардың қошеметіне ие болды. Сол кезеңнің жаңғырығына айналған өнегелі оқиға әлі де санасында.

«Бірде Көксу ауданына сол тұстағы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов келді. Ондағы мақсат елге танымал Еңбек ері Мәмила Әлімбайқызын құттықтау болатын. Өңір басшысы жылы лебізін жеткізгеннен кейін, апамыздан қандай көмек керегін сұрады. Сонда ақжаулықты әжеміз ел секілді үй, көлік сұраған жоқ. Өзі ескі тамда тұрса да, ауылына мектеп салып беруді өтінді. Қабырғасы сөгітіліп тұрған байырғы білім ошағы көзі тірісінде қайта түлеп, ауыл балаларының еркін білім алуын қалады. Бұл оқиға менің санамда әлі де қатталып тұр. Содан бері ізденімпаз жастарға жол көрсетуден таймадым», дейді Д.Жаныш.

Осы апамыздың үлгілі ісі бүгінгі кейіпкеріміздің қызметтегі бітім-болмысына ізгілік төгіп, ғұмырына рухани сабақ болған. Ауданның бетке ұстар басылымы «Нұрлы Көксу» газеті редакциясының  құрылуына, ел ішінде танымал газет болып қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Жас мамандарды қасына тартып, мемлекет ісінің бір шетіне қазық болып байлануына жәрдемдесті.

Тағы бір айта кететін жайт, ол 1992 жылы Монғолияның ішкі аймағынан ана тілін ұмытып бара жатқан қандастарды елге бастап келген санаулы азаматтардың бірі. Сондай-ақ өз отанына  оралған қандас ағайындарды ортаға бейімдеу  бағытында аудан әкімі аппаратының  саясатын өте іскерілікпен ұтымды және жемісті жүргізді. Аудандық деңгейде азаматтар арасында болатын түрлі талас-тартыс, түсініспеушіліктер, өкпе-арыз айтқан азаматтарды татуластыру, мәселені  ушықтырмай келісіммен шешілу  жолында отыздан астам түрлі дауды реттеп татуластырған. Сол үшін де аудандық, ауылдық ардагерлер, денсаулық сақтау, білім саласы, азаматтық қоғам институттары,  аудандық  имамдар қауымы және жастар арасында зор беделге ие, бәрі де құрметтейді.  Осылай  абыроймен мемлекетке адал және белсенді қызмет етіп, зейнетке шығып отыр. Қазір немерелерінің ардақты атасы, балаларының ақыл дариясы.

Иә, кейде біреулер: «Бала деген – еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы, қоғамның бір-бір бөлшегі», деп сайрай жөнелгенде аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Айтылғанның бәрі рас. Алайда ақиқатына жүгінсек, бала деген, ең алдымен, өз отыңды өшірмейтін үмітің, өз шаңырағыңды құлатпайтын уығың, өз жаныңа демеу болар тынысың емес пе?! Үмітіңді үрлей білсең – отың өше ме?! Уығыңды көбірек шанышсаң – шаңырағың құлай ма?! Тынысыңды кең алсаң – тынбай қалар жұмысың бола ма? Ертеректе үлкендер: «Әкесіне қарап баласын таны» деуші еді, енді баласына қарап әкесін танитын кез келген. Дәл солай. Дәлелхан ағаның бұдан мүлт кеткен тұсы жоқ. Кейде құрдастарының балаларының әнтек әрекетін көргенде, құлындарына қарап іштей «тәубе» дейді сыйынып. Кіндігінен тараған ұл-қыздың қызығын көріп, қолынан қымыз ішіп отыр. Шүкіршілік, өз алдына бәрі де жібектей есіліп, қыздай сызылып тұрғаны. Қазақ өзі ұрпағымен мақтанады ғой! Өз алдында өсіп келе жатқан кішіпейіл ұрпағы бар адам өзгенің алдынан қиып өтер деймісің...

Жайсаң ағаның ендігі қуанышы мен жұбанышы, базары мен байлығы сол соңынан ерген тұяқтары ғой. Маң даланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, әйтеуір, олардың ешбірін қатарынан қалдырмай өсірді, жеткізді. Енді өздері де бір-бір үй болып, жеке шаңырақ көтеріп, оны төңіректей түтінін түтетіп отыр. Бірақ мұнымен парызым бітті деп ойламайды. Білген жанға ұрпақты өсіріп қою аз, олардың алдынан өнер-білім өрісін де ашу керек. Және ұрпақ деген – тек өз кіндігіңнен өрбіген жаңағы тұяқтарың ғана емес, немере атты шұнақтарың және бар. Олардың да оқып, білім алуына жағдай жасаған жөн. Міне, енді қарттықтың жағалауына жақындай түсті. Ұрпағым деп, ел мен жер деп өрікпіген көңілдің бұл жақтан табар қызығы шамалы сияқты. Десе де бойындағы қуаты әлі сарқылған жоқ. Ел жасаған жастың бірі ғана деп түсінеді. Балалары елге сыйлы, жұртқа жұғымды болса, ол – кішкентай күнінен өзіне қолқанат еткен, қозы өсіріп, қой өргізген, айналайын, сол еңбектің арқасы шығар. Мүмкін еңбек үстінде адамдық, аяушылылық сезімдерін оята білгендерінен де болар.

«Маған жол нұсқаған ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, қоғам қайраткері  Тынышбай Досымбековтың еңбегі зор. Көксуға келгенде мемлекеттік қызмет ұсынып, ел ішіндегі жұмысқа белсене араласуыма себеп болды. Біз әкеден 9 бала едік, бүгінде көзі тірі үшеуі қалды. Жаһандық індет кезінде зайыбымнан айрылдым. Қазір ұл-қызымның қасындамын. Еңбекке құмар інілеріме ақылымды айтып жүрмін. Бәрін өзім істедім деген азамат емеспін. Таза қазақы тәрбиеде өстік, әуелі ағайының қамы қашанда маңызды. Мен – кіндігі халыққа байланған адаммын», дейді Д.Жаныш.

Сонау көкжиектен көрініп қалған қазына қарттық жақындаған сайын адамның көңілі әлденеге алаңдап, әлденеге қобалжи бергені рас-ты. Бірақ бұл ертеңгі күні еңбекпен қалай қоштасам, маңдай тер – мәуелі кәсіпті қалай қиып тастаймын деген жалаң ойдан тумаған. Жаратылысынан жасанды сөйлеп көрмеген ол аудан, облыс басшыларына көптен бергі шешімін көлгірсіз-ақ жеткізген: «Бойымдағы барымды аяп қалған жерім жоқ. Күш-қуатым барда ел игілігі үшін қызмет істеуге бармын. Артымдағы ұрпағымның аспаны ашық, болашағы баянды болуына жол ашуға тиіспін. Ұлт мүддесіне еңбек еткеннен артық не бар? Менің халықтың кішкентай бастамасының басы-қасында болуды жақсы көремін. Өйткені әр қазақ елдің жүрегі іспетті».

 

Жетісу облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Нағыз ғалым еді...

Тұлға • Кеше

Көршінің наны

Қоғам • Кеше