Спорт • 27 Қараша, 2023

Атажұрттағы баскетбол жарысы

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атажұртқа алыс-жуық шетелдерден келіп, білім алатын қазақ жастарының қатары азайған емес. Жыл сайын қандастар арнау­лы 4 пайыздық квотамен ғана грант конкурсына қатысып, білім алып жатыр. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» бүгінде қандас жастардың тек білім алып қана қоймай, қарашаңырақ Қазақ еліндегі қоғамдық ортаға бейімделуіне және саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр.

Атажұрттағы баскетбол жарысы

Осыған орай «Отандастар қоры» КеАҚ және С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ұйым­дас­тыруымен Астанада студенттер арасында «Otandastar cup» ха­лықаралық баскетбол турнирі өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Сенат және Мә­жіліс депутаттары Ғалиасқар Тө­лендіұлы, Болат Бақбергенұлы, Амангелді Ғабдылкәрімұлы, «Отан­дастар қоры» ұйымының басшысы Абзал Сапарбекұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу универ­ситетінің басқарма мүшесі, Сту­денттер ісі жөніндегі проректор Жай­нагүл Айтмағанбетқызы қан­дастарға сәттілік тіледі.

вп

«Бұл турнирдің басты мақ­саты – атажұртта білім алып жат­қан қандас жастардың арасында достық қарым-қатынас орнату, бауырмалдық пен бірлікті насихаттау, сондай-ақ саламатты өмір салтына баулу, ең мықты спортшыларды шаршы алаңда анықтау. Жарысқа «Sine Midas Stroy» құрылыс компаниясы демеушілік жасап отыр», деді Абзал Сапарбекұлы.

Мәліметке сәйкес, биыл үшін­ші рет өтіп жатқан дәстүрлі турнирде Өзбекстан, Моңғолия, Қытай қатарлы алыс-жақын шет­елдерден келген 200-ге жуық студент бақ сынады. Сайысқа 16-25 жас аралығындағы ұл-қыздардан құралған 22 команда қатысты. Ер балалардан 16 команда, қыз балалардан 6 команда жасақталып, солардың ішінен сайдың тасындай іріктеліп шыққан 6 команда үздік атанды. Жеңімпаздарға арнайы сертификат пен ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен, ұлдар арасында 1-орынды – Еуразия ұлттық университетінің «IMS Astana» командасы (Моңғолия), 2-орынды – Павлодар облысында білім алып, кәсіп бастап жүрген жастардың «Reggion 14» командасы (Моңғолия), ал 3-орынды ЕҰУ, Астана медицина университеттерінің «Қобда» командасы (Моңғолия) алды.

Ал қыздар арасында, 1-орынды – «Miamі» Моңғолия, Өзбек­станнан келген қыздар құрама командасы, 2-орынды – ЕҰУ, Астана IT университетінен құ­ралған «Jas qazaq» командасы (Моңғолия), ал 3-орынды Еу­ра­зия ұлттық университетінің «Eagle» командасы (Моңғолия) иеленді.

Сонымен қатар «Үздік спорт­шы» номинациясына Өзбек­стан­нан келген қандасымыз Ару­жан Какенқызы, моңғолиялық Үм­бет Әскерханұлы лайық болды.