Аудан тарихына байланысты бір қызық факті айта кетейік. Осы ауданның аумағында соғыс жылдарында Америка одақтасымыз «Аляска-Сібір» әуетрассасы арқылы ленд-лизбен жіберген үш «Дуглас» ұшағы соғысқа дайындалу кезінде 1943 жылы апатқа ұшырап, үшеуінің экипажы да тегіс қаза тапқан. Аудандағы Многоцветное селосында оларға ескерткіш қойылған.
Ауданның тағы бір ерекшелігі сол, оның тұрғындары арасында түрлі этнос өкілдері көп. Қазақ халқының үлесі 30 пайыздай болса, орыс этносының өкілі – 25, поляктар – 20, украиндар – 11, немістер – 10 пайыздай. Барлық халқы 40 мыңнан асады.
Айыртау ауданының да жер көлемі (9,6 мың шаршы шақырым) басқа аудандармен салыстырғанда шағын болғанымен, тарихы өте бай мекен. Бұл аудан да 1997 жылы Арықбалық ауданымен біріктіріліп, бұрынғы Көкшетау облысынан Солтүстік Қазақстанға қосылған. Аудан аумағында қазір қалпына келтіріліп, музейге айналған Ш.Уәлиханов өскен Айғаным ханшаның қыстауы, Сырымбет ауылында Ш.Уәлиханов мұражайы, Ағынтай мен Қарасай мемориалдық кешені, адамзаттың жылқыны алғаш қолға үйреткен мекені Ботай, Кеңащыда Ақан сері композициясы, Үкілі Ыбырай ауылы бар. Әрқайсысы бір ауданға мақтаныш болатын осынша ескерткіштердің бәрі ақын Кәкімбек Салықов «Айыртау – асыл мекен Арқадағы» деп жырлаған осы ауданда орналасқан. Бұл ауданның халқы да көпэтносты, қазақтың үлесі 40 пайыз, ал орыс этносы – 47, украиндар мен немістердің әрқайсысы – 4, татар мен беларусь – 2 пайыздан.
Екі аудан да Көкшетау өңірінің жері құнарлы аймағына орналасқан. Сондықтан да бұл жерлерге көшіп келушілер көп болды.
Экономикалық көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, инфрақұрылымы жақсы дамыған Тайынша ауданының экономикасына құйылған инвестиция көлемі де жоғары. Аудан әкімі Берік Әлжановтың айтуына қарағанда, осы жылдың 10 айында ауданға 32,1 млрд теңге тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19 пайызға артық.
«Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі бөлігі болып саналады. 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 95,3 млрд теңгені құрады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл аудан диқандары үшін ауыр болды. Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы
8,2 ц/га құрады, майлы дақылдар бойынша 5,4 ц/га. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер көп төмен», дейді әкім.
Бірақ ауа райының қолайсыздығына қарамай, аудан көкөніс өнімдері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіпті. Мысалы, «Астық СТЕМ» ЖШС және «Таң ШҚ» картоп алқаптарын тамшылатып суару нәтижесінде әр гектардың өнімділігі орта есеппен 299 центнерді құраған. Жалпы аудан бойынша картоптың орташа өнімділігі 174 ц/га, ал көкөністер 343,6 ц/га болған.
Мал шаруашылығында қарқынды өзгерістер байқалады. Жылдан-жылға асыл тұқымды мал саны көбейіп, өндірілетін өнімнің саны мен сапасы да артып келеді. Соның ішінде биыл «Астық СТЕМ» ЖШС шетелден 400 бас қара мал әкеліп, тауарлы сүт фермасын ашқан. «Асар» ЖШС 600 басқа арналған сүт фермасын салуда, іске қосылуы келесі жылға жоспарланған.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 айда 54,6 млрд теңгені құрады. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 20 пайызға жоғары. Өңдеу өнеркәсібі 46,6 млрд теңгенің өнімін шығарған. Соның ішінде 35,6 млрд теңге тамақ өнімдері өндірілген.
Аудандағы ШОБ өкілдерінің саны қазір 1 905, оның 1 055-і – жеке кәсіпкерлер, 567-сі – шаруа және фермерлер, қалғаны – заңды тұлғалар. Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық бағдарламаларына сәйкес 1,7 млрд теңгеге 12 жоба қаржыландырылған. «Жастар бастамасын қаржыландыру» бағдарламасы бойынша 91,2 млн теңгеге 20 жоба қаржыландырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 139,5 млн теңгеге 14 жоба қаражат бөлінген. Аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында биыл басқа да жобалар іске асырылып жатыр.
Айыртау ауданында аталған кезеңде экономикаға 15,1 млрд теңге инвестиция тартылып, былтырғымен салыстырғанда 8 пайызға артқан. Соның ішінде жеке капиталдың үлесі өте жоғары. Аудан тұрғындарының орташа еңбекақысы былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға артып, 249,5 мың теңгеге жеткен.
«Ауа райының қолайсыздығына қарамай, аудан биыл гектарынан 12 центнерден астық, 7,6 центнерден майлы дақыл алып, барлығы 375,1 мың тонна дәнді және 24,3 мың тонна майлы дақыл жинады. Бұған 265 мың гектар егіс алабына 17 мың тонна минералды тыңайтқыш себудің пайдасы тигені анық», дейді аудан әкімі Ерболат Бекшенов.
Сонымен қатар ауданның шаруашылықтары биыл 5,8 млрд теңгеге 263 дана жаңа техника сатып алып, машина-трактор паркін 6,2%-ға жаңартқан. Құрғақ жылдарға қарсы тұру үшін суармалы егіс жұмыстары қазір қызу қолға алыныпты. Мысалы, «Агро Елецкое» ЖШС 1 млрд теңгеге суару жүйесін салып жатыр. Кейінгі екі жылда аудандағы суармалы жерлер үлесін екі есе арттырып, 1 093 гектарға жеткізу көзделіп отыр екен.
Айыртау ауданы биылғы 10 айда 4,6 млрд теңгенің өнеркәсіп тауарларын шығарған, соның 80 пайызы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің үлесіне тиесілі. Мысалы, «Теzis» ЖШС тәулігіне 2 тонна өнім шығара алатын құрал-жабдықтарымен ірімшіктің 40 түрін шығарады. «Саумалкөл SUT» ЖШС халықтан шикі сүт сатып алып, оны өңдеу арқылы сарымай, қаймақ, айран, қатық, брынза сияқты 5 түрлі сүт өнімін шығарады. Қазір бұл кәсіпорын жаңартылған жаңа цехын іске қосу жолында.
Ауданда 1 699 ШОБ қатысушысы бар. Биыл олар 980 млн теңгенің 15 жобасын іске асырып, 39 жұмыс орнын ашты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 243 млн теңгенің 33 жобасы қаржыландырылды.
Айыртау ауданында туризм саласының әлеуеті зор. Кейінгі бес жылда осы салаға 3 млрд 750 млн теңгеден аса инвестиция салынды. Имантау-Шалқар курорттық аумағының инфрақұрылым жүйесін дамыту – қазір басты назарда. Биыл бұл аймаққа 95 мыңнан артық турист келді. Жалпы, аудан бойынша туризмнің 44 нысаны жұмыс істейді, олар тәулігіне 4 мыңға жуық туристі қабылдай алады. Солардың ішінде «Изумрудное», «Адель», «Дом у озера», «Адам», «Имантау», «Қазығұрт» және т.б. туристік нысандардың жұмысы біршама жақсы жолға қойылған.
Тайыншада аудандық маңызы бар 114 шақырым жолдарды орташа жөндеуге бюджеттен 2,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстар аяқталуда, нәтижесінде 20 ауылды елді мекендердің 8,8 мың тұрғынын сапалы жолмен қамтуға қол жеткізілді. 7 елді мекеннің 26,6 шақырым ішкі жолдары орташа жөндеуден өткізіліп, оған бюджет есебінен 911 млн теңге қаражат жұмсалды.
Әлеуметтік сала бойынша Тайынша ауданы басқалардан біршама алда болғанымен, мұнда да өзіндік мәселелер бар. Ауданда барлығы 64 медициналық мекеме бар. Онда 52 дәрігер, 262 орта деңгейдегі медициналық маман еңбек етеді. Алайда ауданға бір-бірден анестезиолог, травматолог, онколог, оториноларинголог, хирург, екі-екіден акушер-гинеколог, педиатр дәрігер жетіспейді.
Аудан аумағында 48 мектеп жұмыс істейді, оларда барлығы 5 722 оқушы білім алады. Соның 1 225-і қазақ тілінде білім алады, қалғаны орыс тілінде оқиды. «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасы бойынша аудан аумағына барлығы 175 адамы бар 52 отбасы қоныс аударған. Олар еліміздің 8 өңірінен келді. Соның ішінде ең көбі Түркістан облысынан 10 отбасы келген. Олардың арасынан 62 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Тиесілі көші-қон қаражаттары төленген. Аудан әкімі Берік Әлжанов: «Қазір біздің ауданның алдында зор міндет тұр. Кез келген мәселені ынтымақтастықпен, ақылдаса отырып, бірлесіп шешудің маңызы зор», дейді.
Облыстың туризм орталығы саналған Айыртау ауданында жолдарды жөндеуге 2023 жылы 3,1 млрд теңге бөлінді. Алайда әлі де жөндеуді күтіп тұрған жолдар көп. Биылғы бөлінген қаражат аудандық маңызы бар 33,6 шақырымдық «Саумалкөл – Сырымбет – Қарақамыс – Светлое», «Лобаново – Зеренді», Ақан сері ауылының кіреберіс жолын және облыстық маңызы бар «Саумалкөл – Новоишимка» жолын және т.б. жолдарды жөндеуге жұмсалды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша жыл бойы 1 990 адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтуге болады. Оның ішінде 573 адам ауыл шаруашылығы саласына орналастырылып, 237 адам жеке кәсіпкерлікке жұмылдырылған. Биыл ауданға 182 адамы бар 41 отбасы көшіп келген, олардың бәріне тиесілі көмектер жасалған.
Ауданда барлығы 45 мектеп бар, онда 4 820 оқушы білім алады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде биыл Дәуқара, Ақан, және Новосветлов ауылдарының мектептеріне 387 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан аумағында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын Айыртау агротехникалық және «Зейнеп» көпсалалы колледждері жұмыс істейді, оларда 597 студент оқиды.
Ауданда бір аудандық аурухана, 10 амбулатория, 45 медициналық пункт және 3 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Оларда 55 дәрігер, 233 орта дәрежелі медициналық қызметкер бар. Алайда мұнда да травматолог, офтальмолог және т.б. дәрігерлер жетіспейді. Биыл аурухананың бас корпусына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Міне, облыс халқына танымал, тарихы терең аудандардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қысқаша айтқанда осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы