Дауылдың зияны
Аталған өңірде барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілген. Павлодар облысы еліміздегі бүкіл электр энергиясының 42,5%-ын және көмірдің 60%-ға жуығын өндіретіні мәлім. Индустриялды аймақтың қуат-қарымын осыдан-ақ көруге болады.
«Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары ұлттық және өңірлік стратегияларға, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Десек те, әуелі 18-19 қарашада облыс аумағында 37 м/с екпінмен тіркелген дауылды желдің зардабы жөнінде айтып өткенді жөн санадым. Өңірдің 3 қаласы мен 6 ауданында 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі және 84 жеке тұрғын үй зардап шекті. Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарында 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені түрлі ахуалда бүлінді, бұзылды. Сондықтан табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы «Төтенше жағдай» жарияланды. Келтірілген зақым мен шеккен зиянды бағалау жүргізілді. Бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жылдың 5 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған», деді А.Байханов.
Есте болса электрмен жабдықтау желілерінде 246 авариялық ажырату мен 100-ден аса зақымдану салдарынан 117 ауылдық елді мекен жарықсыз қалған еді. Әйтсе де бірінші күні жарық 99 ауылға берілді, қалған тиісті жұмыстар жедел атқарылып болған соң 22 қарашада электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.
Инвестиция әкелген игілік
Тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,2%-ға өсіп, 730,1 млрд теңгені құрады. Оның 85%-ы – жеке инвестициялар. Онда 32 жобаны іске асыруға және 1 500-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Әлі жыл соңына дейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 291 млрд теңгеге 20 жобаны іске қосу жоспарда бар.
«Стратегиялық маңызды жобалардың қатарында келесі жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отырған Екібастұз маңындағы ферроқорытпа зауытының құрылысы тұр. Бұл зауыт Қазақстанға Қытайдан кейін (240 мың тонна) ферроқорытпалардың ірі өндірушісі болуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірлік биліктің жұмысында 9,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2,1 трлн теңге сомасына 127 инвестициялық жоба бар», деді облыс әкімі.
Аймақ елдегі 5 көшбасшы облыстың қатарында тұрғанмен, өкіндіретін тұстары да жоқ емес. Абайлап айтқанда, атмосфераны ластау бойынша да Кереку өңірі аймақтар арасында алдыңғы лекте екені жасырын емес. Осы орайда облыста кешенді экологиялық шешімдерге біртіндеп көшу жұмыстары нықтап жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 2,6%-ға немесе 13,2 мың тоннаға азайыпты.
Шаруаның мәселесі шешілген
Өңірде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Егістік алқабы 1,650 мың га құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 80 мың га артық. Облыс фермерлері үшін ағымдағы маусым оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы кері әсерін тигізді.
«Осыған байланысты фермерлерді қолдау және құрғақшылықтың салдарын азайту үшін барлық қажетті шара қабылданды. Бірінші – жергілікті бюджеттен фермерлердің жемшөп дайындауға жұмсаған шығындарының құнын арзандату үшін 3 млрд теңге бөлінді. Бұл мемлекеттік көмекті 1,5 мыңнан аса фермер алды. Екінші – шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4-тен 10 мың тоннаға дейін көбейді. Арзан баға – 232 теңге, бұл дизельдің нарықтық құнынан 21%-ға төмен. Үшінші – шөп дайындау үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен ауданы 25 мың гектардан асатын қосымша шабындық алқаптар бөлінді. Бұл шамамен 20 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік берді. Төртінші – «Павлодар» ӘКК жанынан малды қолда ұстайтын кезеңде халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Бесінші – Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен инвестициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға 6,8 млрд теңге бөлінді», деді өңір басшысы.
Әлеуметтің әл-ауқаты көтерілді
Облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер 1,5 млрд теңгеге 192 шағын несие алып, 350 жаңа жұмыс орны ашылған.
«Өңірдің аграрлық бизнесін әртараптандыру бізге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға көмектеседі. Азық-түлік тауарларының 19 позициясындағы 14-інің бағасы республикалық бағадан төмен. Сондай-ақ жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі. Президент әр 10 мың тұрғынға жыл сайын 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеді. Осы жылдың 10 айында 26 533 адам жұмыс орнын тапты. 63 кәсіпорын 57 мың қызметкерінің еңбекақысын көтерді», деді А.Байханов.
«Жайлы мектеп» жобасымен Павлодарда 1 200 және 600 орындық екі мектептің құрылысы басталған.
«Өңірдің ірі өнеркәсіптік компанияларының қаражаты есебінен апатты мектептердің мәселесі шешілді. Биыл Железин ауданының Моисеевка және Баянауыл ауданының Қаражар ауылдарында 2 жаңа мектеп салынды. Үшінші жаңа мектеп осы жылдың соңына қарай Павлодар ауданының Сычевка ауылында ашылады. Өңірде барлығы 6,5 млрд теңгеге 54 мектеп жаңартылды. Шағын ауылдардың балаларын тасымалдау үшін 46 мектеп автобусы сатып алынды», деді өңір басшысы.
Биыл 20 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 400 бірлік медициналық техникалар мен жабдықтар сатып алыныпты. Жаңартылған 37 бірлік санитарлық көлік осы жылғы жарақтандыру көрсеткішін 51%-дан 68%-ға дейін ұлғайтқан. Спорттық инфрақұрылымды дамыту, оның барлық халық үшін қолжетімділігін арттыру жұмыстары қарқын алған. 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жекпе-жек орталығы салынды, 198 спорт алаңы орнатылды. 14 нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстың 3 қаласында 22 млрд теңгеден аса қаражатқа 128 км жылу желілерінің құрылысы, қайта құру және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 35 мың адам тұратын 26 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылды.
Облыс әкімі Екібастұз қаласын жылу беру маусымына дайындау мәселесіне жеке тоқталды.
«Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың алтауына күрделі жөндеу және екеуіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. ЖЭО штаттық режімде жұмыс істеп тұр және жылудың қажетті параметрлерін беріп жатыр. Қалған екі қазандық бойынша жұмыстар аяқталды. Осы айдың соңына дейін іске қосу, баптау жұмыстары жүргізіледі. ЖЭО жөндеуге 17 млрд теңге бөлінді, оның ішінде бюджеттен 8,5 млрд және «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 8,5 млрд. Биыл Екібастұз қаласында ЖАО мен «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 70 шақырымнан аса жылу желілері жөнделді. Бүгінгі таңда барлық жұмыс аяқталды. Қаланың жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге барлығы 5,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2,1 млрд теңге облыстық бюджет қаражаты, ал 3 млрд теңгені «ЭЖЭ» ЖШС меншік иелері бөлді», деді А.Байханов.
Өңірде сумен жабдықтау мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. 18,4 млрд теңгеге 60 жобаны іске асыру жүргізіліп жатыр. Облыс қалаларындағы көрсеткішті биыл 97%-ға, ауылдарда 98,8%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ал тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасы өзекті әрі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Әлеуметтік тұрғын үйдің кезегін азайту үшін қалаларда 1,551 пәтерлі 14 көп қабатты тұрғын үй салынды. Бұған қоса Павлодар облысында жергілікті жолдар желісін дамыту жөніндегі мемлекеттің басым міндетін ескере отырып, 27 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 692 км болатын елді мекендердің автокөлік жолдары мен көшелерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша 141 жоба іске асырылды.