Осы нақты да зор міндетті шешу үшін еліміздің бас аграрийіне саладағы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге, шаруаларды жеңілдетілген қаржыландырумен және субсидиямен қамтамасыз етуге, егіс алқаптарын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға бағытталған құрылымдық және институттық реформалар жүргізу тапсырылды. Бұл ретте отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қазіргі кезде, әсіресе жеңілдетілген қаржыландыру мен субсидияға қол жеткізу мәселесі өте өзекті болып отыр. Оған Парламент депутаттары мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұдайы назар аударып, Үкіметке өз ұсыныстарын енгізіп жүр. Соның бірі – он жылдан аса уақыт бойы сөз болып келе жатқан аграрлық банк құру туралы.
Араға он тоғыз жыл уақыт салып Парламент Мәжілісіне қайтып оралған «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясының биылғы 12 сәуірде Үкіметке жолдаған алғашқы депутаттық сауалы да оны жариялаған депутат Жигули Дайрабаев айтқандай, «280 мыңға жуық фермердің, мыңдаған сала маманы мен ауыл кәсіпкерінің талабына айналған агробанк құру мәселесіне» арналды.
«Біз аграрлық банктің қажет екеніне сенімдіміз және мынадай дәлелдерді келтіреміз: біріншіден, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары бар болса да, олар арқылы берілетін кредиттің көлемі өте аз. Фермерлердің бүгінгі қажеттілігі – кем дегенде 2 трлн теңге. Елімізді аграрлық державаға айналдырамыз десек, бұл қажеттілік 5 трлн болады. Ал аталған қаржы институттары арқылы берілетін кредит оның оннан бір бөлігіне де жетпейді. Толыққанды банк болмағандықтан, олар қосымша кіріс көзін аша алмайды. Сондықтан әкімшілік шығындарын, жұмыскерлерінің алатын жалақысын, жинайтын провизиясын өздері шаруаларға берген кредиттің үстемеақысына қоспағанда не істейді?
Екіншіден, жеке банктердің аграрлық саланы қаржыландыруға ынтасы өте төмен. Статистикаға сүйенсек, олардың кәсіпкерлікке берген кредиттерінің 97%-ы құрылыс, сауда сияқты салаларды қамтиды. Ашық айтайын, банктер ауыл шаруашылығын менсінбейді. Бірақ аудандарда филиалдарын ашып, фермерлердің есепшотын жүргізіп, комиссиялық пайда табудан, депозит жинаудан қашпайды. Оларды аграрлық саланы кредиттеуге міндеттейтін заң нормасы да жоқ. Бұл қалай?
Агробанктің құрылуына қарсы адамдар ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі төмен, тәуекелдері көп екенін алға тартады. Біздің айтарымыз – олардың дәл осы жауабы агробанктің құрылуына бөгет емес, керісінше, негіз болуға тиіс. Себебі екінші деңгейдегі банк қана сан түрлі банктік операцияларды атқару арқылы сондай тәуекелдерді еңсере алады.
Сонымен қатар қазір фермерлер кредит алу үшін 35-ке жуық құжат жинауға мәжбүр. Шалғай ауылдардағы шаруалар қай мекемеге барып ақша алатынын да білмей, жаңылысып жатады. Агробанк құрылса, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол жерде есепшотын ашып жұмыс істейді. Сол шоттардағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие бере алады. Қай жағынан қарасақ та, агробанк құру өте тиімді.
«Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мемлекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынамыз. Еліміз аграрлық державаға айналуы үшін ең алдымен өзінің дербес аграрлық банкін құруға тиіс», деді мәжілісмен Ж.Дайрабаев.
Осы депутаттық сауалға Үкімет берген ресми жауапта: «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын қоспағанда, мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банктерді құруға жол берілмейді. Мемлекет экономиканың аграрлық секторының проблемаларын шешу үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі кредит беруші ұйымдары «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ (лизинг). 2023 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша 330 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарына – 140 млрд теңге. Бұған қоса «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның 2023 жылға арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспары 170 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ жемшөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін қаржыландыру үшін 20 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік инвестициялар тартылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын масштабтау бойынша жұмыс басталды. Жобада сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын, ең ұзақ мерзімі 7 жылға дейінгі микрокредиттер беру көзделген. Қанатқақты жоба бойынша биыл 17 мыңнан аса микрокредит беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Баяндалған жайларды ескере отырып, аграрлық банк құру жөніндегі ұсынысты орынды емес деп санаймыз», делінген.
Бұл жауаппен келіспеген депутаттар: «Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Агробанктің ауыл шаруашылығына керек екенін әлі де дəлелдейміз», деп биылғы 6 қыркүйекте Үкімет пен Ұлттық банкке тағы бір депутаттық сауал жолдады. Алайда Үкімет өз ұстанымын өзгертпейтінін мәлімдеді. Ал Ұлттық банк: «Қазақстанның қаржы жүйесі тарихында ауыл шаруашылығы саласын кредиттеуге мамандандырылған қаржы институттары болды, бірақ олар ұзаққа бармады. Мысалы, 2000 жылы «ҚазАгроПромбанк» АҚ сенімсіз кредиттер үлесінің көп болуы салдарынан шығынға батып, банкротқа ұшырады. Оның қарыз алушыларының едәуір үлесін шаруа қожалықтары құрады. Осыған байланысты агроөнеркәсіпті қаржыландыруды және осы саладағы төлемге қабілетті қарыз алушылардың санын ұлғайтуды корпоративтік басқару сапасы, кәсіпкерлік бастама және жалпы аталған саладағы мемлекеттік саясат тұрғысынан алып қарау керек», деп екіұштылау жауап қайтарды.
Шынтуайтында, халықаралық тəжірибеге зер салсақ, Беларусьте «Белагропромбанк», Қытайда «Agrocultura Bank of China», Өзбекстанда «Агробанк», Ресейде «Россельхозбанк», Францияда «Credit Agricoi», басқа елдерде де аграрлық банктер бар. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің ішінде Ресей мен Беларусьтің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері аграрлық банктерге жері мен мүлкін кепілге қойып, ұзақ мерзімге арзан несие алғандығының нәтижесінде біздің еліміздің нарығын да сапалы әрі арзан өнімдерімен толықтырып отыр.
Бір айта кетерлік жайт, биыл еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі агробанк ашу жөніндегі ұсынысты қолдағанымен, өзге мүдделі мемлекеттік органдардың кейбірінің қарсылық білдіруіне байланысты бұл мәселені шеше алмағанын мәлімдеген еді.
Осы орайда қаржы сарапшысы Айбар Олжаев: «Агробанк құру идеясы жақсы. Алайда оны құру үшін көп қаржы, кем дегенде 1,5 трлн теңге қажет. Оның үстіне халықаралық стандарт бойынша кез келген агробанк тәуекелі ең көп банк болып саналады. Сондықтан оның беретін кредитінің мөлшерлемесі жоғары болуға тиіс. Сол себепті агробанктің кредиті шаруаларға қолжетімді болмайтынына байланысты бюджеттен субсидиялауды талап етеді. Бүгінде республикалық бюджетте қыруар қаржы дефициті туындап отырған жағдайда Үкіметтің тағы бір мемлекеттік банк ашуға қарсылық білдіруін түсінуге болады. Бұл мәселені әзірге жылы жауып қойып, жоғары инфляция төмендейтін кезді және Үкіметтің қазынаға қарап алақан жайып отырған басқа да қаржы институттарының жұмысын ретке келуін күте тұру керек», деген пікірін білдірді.
Сонымен, шаруалардың арманына айналған агробанктің қашан құрылатыны әзірге белгісіз.