Саясат • 28 Қараша, 2023

Қоғам дертімен ымырасыз күресу керек

195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2013 жылы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы бағыт­тағы «Жаңару» сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық тәуелсіз қоғамдық сараптама ұйымы жұмысын бастаған еді. Содан бері жыл сайын қозғалыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүздеген іс-шара мен акция өткізіп, қылмыстың алдын алу­ға бағытталған бірқатар бас­­та­маны батыл ұсынып келеді.

Қоғам дертімен ымырасыз күресу керек

Осыдан бірер жыл бұрын БҰҰ Даму бағдарламасының дерек­терінде дамушы елдерде сыбайлас жемқорлыққа байланысты шы­ғын көлемі даму мақсаттарына арнал­ған ресми көмек көлемінен он есе асып түсетіні туралы айтылған еді. Пан­демия кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп одан сайын үдей түскен. Өкінішке қарай, тамырын жайған парақорлық ел дамуына нұқсан келтіріп, қоғам­ның кежегесін кері кетіріп жатқаны рас. Халықаралық құжатты 2008 жылы ратификациялаған біздің елде жем­қор­лықты жүгендеу күні бүгінге дейін өзекті болып қалып отыр.

Бұл жайында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына 20 жыл: қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін бірікті­рейік» халықаралық конференциясына жиналғандар мәлімдеді. Айталық, еліміз 2003 жылы қабыл­данған БҰҰ Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы Кон­вен­циясын 15 жыл бұрын ратификация­лады. Осы жыл­дардың ішінде атқарылған шаруа көп. Мәселен, бір ғана «Жаңару» қозғалысы 10 жыл ішінде өз қатарына заңгер ғалымдарды, тәжірибелі қоғам және мемлекет қайраткерлерін, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін, журналистерді біріктіре алды. Сондай-ақ жас ұрпақ­тың құқықтық сауатын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда атқары­луға тиіс шара одан да көп.

Форумға жиналған Үкімет, Парла­мент, Конституциялық сот, құқық қорғау органдары, халықаралық ұйым­дардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қай­рат­керлері мен журналистер ұйым қызметіне оң баға бере келіп, сы­байлас жемқорлықты тудыратын се­бептер мен жағдайларды жою бойын­ша жүйелі жұмыс жүргізу қажет­тігін алға тартты. Келелі кеңес­­те елдегі сыбайлас жемқор­лық­­қа қарсы заңнаманы дамыту, халық­аралық шарттардың нормаларын ұлт­тық заңнамаға енгізу, құқық қол­дану тәжірибесін бақылау, мемле­кет­­тік органдардың ашықтығы, қо­ғам­­дық ұйымдар мен мемлекеттік ор­гандардың азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетін және жастардың құқық­тық санасын қалыптастырудағы ынты­мақ­тастығын орнату мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл туралы О.Әбдікәрімов, Б.Мамыраев, т.б. қайраткерлер арнайы пікір айтты.

Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып сыбайлас жемқор­лыққа қарсы заң қабылдады. Бұл бо­йынша, бірнеше заңнамалық акті мен тұжырымдама да қолданысқа енді. Одан бөлек, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік орган жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер мен әдеп жөніндегі комиссия жұмысы жанданды. «Жаңару» РҚБ төрағасы Мэлс Сем­ғалиев алға қойған мақсаттарға жет­тік деу әлі ерте екенін айта келіп: «Біз осы мәселелерді талқылап, кон­фе­ренция қорытындысы бойынша ұсы­ныстар қабылдадық. Қазір мем­ле­кеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы ынты­мақ­тастықты енгізу тәжірибесі бар. Де­ген­мен мемлекеттік органдар мен аз­а­маттық ұйым арасындағы өзара іс-қимыл тұтастығы жоқ», деді.

Оның ойынша, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың жұмысында жариялылық жетіспейді. Мемлекеттік органдардың қызметін қоғамдық инс­ти­туттардың бақылауы көбінесе көрі­неу сипатта. Ал қоғамдық бірлес­тіктер­дің әлеуметтік маңызды бас­тамалары әрқашан қолдау таба бер­мей­ді. Мемлекеттік қызметшілер­дің ара­сындағы құқықтық нигилизм фактілері жойылмай отыр. Жауапты тұлғалар мемлекеттік қызметкерлер туралы қоғамдық резонанс тудырған ақпаратты кеш хабарлайды. Олардың қысқартылған ақпараты әлеуметтік желілерде оқиғаның себеп-салдарын сырттай пайымдауға алып келеді екен. Осы айтылғандарды күні кеше болған қаңтар оқиғасындағы көріністерден анық байқауға болады. Бұл да мемлекет пен бизнестегі сыбайлас жемқорлықтың тереңдеп кеткенін көрсетіп берді.