Әдеби кеш оқушыларды Мағжанның өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстыру, жастардың көркем шығармаларды оқып-үйренуге ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Іс-шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Топжарған» ақындар клубының мүшелері, М.Жұмабаев атындағы халықаралық колледжінің студенттері мен елордалық мектептердің оқушылары қатысты.
Жиналған қауым М.Жұмабаевтың өлеңдерін, ақынға арнаған жалынды жырларын оқыды. Абзал Мақаш бастаған домбыраны жанына серік еткен жас ақындар Мағжанның кестелі жырларын төгіп, арнау орындап берді. Ал Ә.Бөкейхан атындағы Бином мектебінің 1-сынып оқушылары «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, жиналған жұртшылықты тәнті етті.
Ақындығымен қатар Мағжанның өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосқан үлесі зор. №67 Ілияс Есенберлин атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Ақшолпан Әнәпия ақынның «Педагогика» еңбегіне кеңінен тоқталды. Мұнда тәрбие өнерінің негізгі қағидаттары қазақы таным шеңберінде түсіндірілген. Ұстаз Мағжан Жұмабаевтың бұл еңбегі заман өзгерсе де, өзектілігі жоғалмайтын құнды дүние екендігін атап өтті.
Ерекше атап өтетін жайт, Ұлттық музейде балдырғандардан бастап студенттерге дейінгі жас аудиторияға арналған кешенді мәдени-білім беру бағдарламасы қарастырылған.
Мәселен, «Менің Қазақстаным» орталығында балдырғандар мен оқушылар қазақтың киіз үйі, тұрмыстық заттары, дәстүрлі музыкалық аспаптармен танысады, садақ тартып, асық атады. «Музейдегі мектеп күні» жобасы аясында 5-9 сынып оқушылары Қазақстан тарихы бойынша білімдерін экспонаттарды зерттеу арқылы тереңдетеді. «Дана» жобасының аясында өтетін әдеби, музыкалық, поэзиялық кештердің мақсаты – студенттердің шығармашылық алаңын қалыптастыру.
Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалмайды. «Қолжетімді музей» жобасы аясында зағип және нашар көретін келушілер тактильді экспонаттарды қолымен ұстап, аудиогидтер көмегімен қажетті ақпаратпен қамтылған. Ал «Мейірім» жобасы аясындағы «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды өнерге баулу арқылы қол моторикасын дамытып, әлеуметтік ортаға бейімдеуге көмектеседі.