Жетісу руханиятының алтын қазығы театрдан басталса керек. Сондықтан өнер ұжымының әр қадамы халықтың көз алдында. Биыл 7 түрлі халықаралық һәм республикалық додаларда бақ сынап, қанжығалары бос қайтпады. Классикадан модернге қарай бет түзеген өнер ордасы келер жылы да көрерменді көзайым етуге асық. Мәселен, былтыр театрдың қойылымдарын тамашалауға 47 мың адам келсе, биыл 60 мыңнан астам театрсүйер қауым жиналған.
«Осы жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен I Халықаралық «Almaty puppet festival» қуыршақ театрлары фестиваліне В.Воробьевтың «Қырсық» эксперименталды қуыршақ қойылымымен қатыстық. Бұл жарты ғасырға жуық тарихы бар киелі орда үшін үлкен жаңалық болып отыр. Себебі театрымыздың репертуарында алғаш рет қуыршақ қойылымы сахналанса әрі аталған қойылым тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткен қуыршақ театрлары фестиваліне қатысты», дейді театр директоры Ерлік Жуасбек.
Бүгінде киелі орда жастарға қолдау көрсетіп, жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Бұдан тәлім алған шәкірттер тек театр сахнасында ғана емес, отандық фильм, сериалдарда да төбе көрсетіп жүр. Атап айтсақ, Еркебұлан Айдымбаев «Ағайынды», «Әділеттің жолы», «Қарасу», «Coco & Jambo»-ға, ал Мейіржан Нұров «Брат или брак 3», «Батыр из прошлого», «Нвп Ағай», «Бозторғай Жылы ұя» туындыларында өнер көрсетіп, экран сыртындағы халықтың қошеметіне ие болды.
«Осы жыл біз үшін есте қалатын жыл болды. Жалпы, 7 фестивальға қатыстық. Бұл актерлер үшін өте үлкен мүмкіндік болды. Басқа режиссерлердің еңбегін көріп, әртістерінің өсу деңгейін білдік. Біздің деңгейіміз қандай, қай тұста өзімізді қамшылауымыз керектігіне мән бердік. Көкшетау қаласында өткен «Сәлем» халықаралық театр фестиваліне «Қазақы комедия» қойылымымен қатыстық. Өнер бәйгесіндегі қойылым көкшетаулықтардың көңілінен шықты. Жұртшылық қазақы комедияны жақсы қабылдады», дейді театр актері Еркебұлан Айдымбаев. Театр қолына енді дипломын алған жастарға мүмкіндік беріп келеді. Мәселен, «Мұғалім» спектаклінде 90 пайыз жас актерлер өнер көрсетеді. Бұл да – өңірлік театрда бұрын-соңды болмаған үрдіс.
«Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне де қатысқан болатынбыз. Онда бақ сынаған Г.Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымы қазылар алқасы мен көрермен қауымның көңілінен шығып, «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» аталымын иеленді. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Себебі мұнда театр әлеміндегі кіл мықтылардың басы бірікті. Фестивальдан тәжірибе жинап, өзімізге керегін алып қайттық», дейді жас актер Мейіржан Нұров.
Сонымен қатар жақында күллі түркі халықтарының басын қосқан Түрікменстан жерінде өткен фестивальда театр ұжымы облыстың ғана емес, бүкіл еліміздің намысын қорғап келді. Ел ішінде алғаш рет фестивальға қатысқан облыстық театр ретінде есте қалды.
«Ашхабад қаласында өткен IV халықаралық фестивальда «Қорғансыздың күні» қойылымын ұсындық. Бұл өнер бәйгесіне қатысу арқылы театрымыз шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасты», дейді Айгерім Бектемірова.
Айта кетейік, халықаралық фестивальға Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен ондаған театр қатысқан. Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен Талдықорған драма театры министрлік пен фестивальдың арнайы кубогімен және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.
Жетісу облысы