Театр • 28 Қараша, 2023

Биапа театры – түрікмен төрінде

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірлік театрлардың ішінде көзге түсіп жүрген Б.Римова атындағы Талды­қорған театры – көрерменнің көңілін таба білген өнер ұжымы. Театр жаңа премьералармен қуантып жатыр. Жақында Түрікменстанда өткен халықаралық байқаудан да жүлделі оралды.

Биапа театры – түрікмен төрінде

Жетісу руханиятының алтын қазығы театрдан басталса керек. Сондықтан өнер ұжымының әр қадамы халықтың көз алдында. Биыл 7 түрлі халықаралық һәм республикалық додаларда бақ сынап, қанжығалары бос қайтпады. Классикадан модернге қарай бет түзеген өнер ордасы келер жылы да көрерменді көзайым етуге асық. Мәселен, былтыр театрдың қойылымдарын тамашалауға 47 мың адам келсе, биыл 60 мыңнан астам театрсүйер қауым жиналған.

«Осы жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен I Халықаралық «Almaty puppet festival» қуыршақ театр­лары фес­ти­валіне В.Воробьевтың «Қырсық» эксперименталды қуыршақ қойылымымен қатыстық. Бұл жарты ғасырға жуық тарихы бар киелі орда үшін үлкен жаңалық болып отыр. Себебі театрымыздың репертуарында алғаш рет қуыршақ қойылымы сахналанса әрі аталған қойылым тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткен қуыршақ театрлары фестиваліне қатысты», дейді театр директоры Ерлік Жуасбек.

Бүгінде киелі орда жастарға қолдау көрсетіп, жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Бұдан тәлім алған шәкірттер тек театр сахнасында ғана емес, отан­дық фильм, сериалдарда да төбе көрсет­іп жүр. Атап айтсақ, Еркебұлан Айдым­баев «Ағайынды», «Әділеттің жолы», «Қарасу», «Coco & Jambo»-ға, ал Мейір­жан Нұров «Брат или брак 3», «Батыр из прошлого», «Нвп Ағай», «Бозторғай Жылы ұя» туындыларында өнер көрсетіп, экран сыртындағы халықтың қошеметіне ие болды.

«Осы жыл біз үшін есте қалатын жыл болды. Жалпы, 7 фестиваль­ға қатыс­тық. Бұл актерлер үшін өте үлкен мүмкін­­дік болды. Басқа режис­сер­лердің еңбе­гін көріп, әртісте­рі­нің өсу деңгейін біл­дік. Біздің дең­гейі­міз қандай, қай тұста өзі­мізді қамшы­лауымыз керектігіне мән бердік. Көк­шетау қаласында өткен «Сәлем» халықаралық театр фестиваліне «Қаза­қы комедия» қойылымымен қатыс­тық. Өнер бәйгесіндегі қойылым көкше­тау­лық­тардың көңілінен шықты. Жұрт­шылық қазақы комедияны жақсы қабыл­дады», дейді театр актері Еркебұлан Айдымбаев. Театр қолына енді дип­ло­мын алған жастарға мүмкіндік беріп келеді. Мәсе­лен, «Мұғалім» спек­таклін­де 90 па­йыз жас актерлер өнер көрсетеді. Бұл да – өңір­­­лік театрда бұрын-соңды болмаған үрдіс.

«Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне де қатысқан болатынбыз. Онда бақ сынаған Г.Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымы қазылар алқасы мен көрермен қауымның көңілінен шығып, «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» аталымын иеленді. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Себебі мұнда театр әлемін­дегі кіл мықтылардың басы бірікті. Фестивальдан тәжірибе жинап, өзімізге керегін алып қайттық», дейді жас актер Мейіржан Нұров.

Сонымен қатар жақында күллі түр­­кі халықтарының басын қосқан Түрікмен­стан жерінде өткен фестивальда театр­ ұжымы облыстың ғана емес, бүкіл елі­міздің намысын қорғап келді. Ел ішін­де алғаш рет фестивальға қатысқан об­лыстық театр ретінде есте қалды.

«Ашхабад қаласында өткен IV халық­аралық фестивальда «Қорғансыздың күні» қойылымын ұсындық. Бұл өнер бәй­гесіне қатысу арқылы театрымыз шетел­дік әріптестерімізбен тәжірибе алмасты», дейді Айгерім Бектемірова.

Айта кетейік, халықаралық фес­ти­вальға Татарстан, Қырғызстан, Өз­бек­стан, Тәжікстан мемлекеттерінен ондаған театр қатысқан. Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен Талдықорған драма театры министрлік пен фестивальдың арнайы кубогімен және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.

 

Жетісу облысы