Оқушыларды көркем сөйлеуге баулитын байқау жыл сайын өрісін кеңейтіп келеді. Рухани мұрамызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған биылғы сөз додасына еліміздің 12 облысы мен 3 ірі қаласынан (Алматы, Астана, Шымкент) және Назарбаев зияткерлік мектебінен 24 оқушы қатысты. Бала ділмарлар шаршы топ алдында жан-жақты білімі, ақыл-парасаты, ой ұшқырлығы мен сөйлеу шеберлігін сыннан өткізіп, сарапқа салды. Алғаш рет тақырып сайыс үстінде беріліп, жас талапкерлердің тапқырлығы нақты өлшеммен бағаланды. Нәтижесінде, мұндай жоғары деңгейге жету үшін зор ізденіс, мол білім, көп тәжірибенің қажет екені аңғарылды. Сайыстан гөрі сабақ алуға бейім байқауға келген жетекшілер мен шәкірттердің түйгені мен жиғаны мол болды.
Жоба авторы Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың «Шешендік сөз өнері» пәнінің мұғалімі, журналист Жарқын Сәленұлы жыл сайын байқаудың мазмұны артып, қатысушылардың да деңгейі өсіп келе жатқанын айтады. Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Кәмнұр Тәлімұлы, Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Береке Жұмақаева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің ғылыми қызметкері Айдана Жұматаева қазылық еткен сайыста қатысушылар жеребе арқылы жұптасып, таңдалған тақырыптар бойынша ой өрбітті. Оларды бағалауда ой қисынын сақтай отырып, жылдам әрі сауатты пікір білдіру сөз тапқырлығы, логикалық жүйелік, сөз көркемдігі, тіл тазалығы, тақырыпты аша білуі сынды шарттар негізге алынды.
Байқау нәтижесінде Республикалық «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубының мүшесі, «Аягөз-ділмар» үйірмесінің жетекшісі Әли Түрсәлім бас жүлдені жеңіп алды. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірті Үммігүлсім Жабағиева І орынға ие болса, жүлделі II орын Абай атындағы РММИ оқушысы Аяулым Жапас пен Батыс Қазақстан облысынан келген Бекарыс Үмбетқалиға бұйырды. Шымкенттік Жанболат Абдихай, Алматы облысының түлегі Абай Нұбарақұлы, ақтөбелік Әсия Оңдасынқызы, жамбылдық Ақбота Асқарқызы қазылар шешімімен ІІІ орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ Нұрай Шайқыбекова (Павлодар), Әсел Ауғанбай (Маңғыстау), Ақерке Нұржанқызы (Алматы облысы), Әйгерім Қайрат (Абай атындағы РММИ) қатарлы қатысушылар арнайы жүлдеге ие болды. Жүлдегер атанған жеткіншектер байқау демеушісі «KazAgroFeed» компаниясы тіккен қаржылай сыйлықтарға ие болды. Бәсекеде бақ сынаған басқа да қатысушыларға сертификаттар мен кітаптар тарту етілді.
«Жүйелі сөйлей алу – адамның тұлға ретінде қалыптасқанының бір белгісі. «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деген хакім тағылымы – бұған дәлел. Жалпы, сөйлеу мәдениеті өмірдің барлық саласын қамтиды десек, соның ішінде шешен сөйлей алу – адамның рухани болмысы мен табысының да кілті. Себебі бәріміз қоғамда өмір сүріп, күнбе-күн коммуникацияға түсетін жандармыз. Жүйелі сөйлей білетін адамның білімі, кісіні тыңдай алуы, өзін-өзі ұстауы, қисынды ой жүйесі, сөз мәдениеті ерекшеленіп тұрады. Өкініштісі, екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын еркін жеткізе алатын жастардың азайып келе жатқаны жасырын емес. Себебі неде десек, білім беру саласындағы жүйесіз реформалар мен шатқаяқтап тұрған тіл саясатына тірелеміз. Оған қоса технократтық заманда Гутенберг өнер табысын місе тұтпай, Цукерберг әлеміне шұғыл көшіп кетуіміздің де салдары бар. Білімгерлеріміздің көркем шығарма оқудан шектелуі осыны байқатады. Бұл байқаудың бірнеше мақсаты болды. Алдымен тілімізге жанашырлық, сөз өнерімізге құрмет, халқымызда аманат болып келе жатқан рухани мұрамызды ұлықтауға деген құлшыныс десек, сонымен қатар жастарымызды дамытуға, тұлға болып қалыптасуына ықпал ету деп түсінген орынды. Байқауға қазылық ете отырып, қатысушылар тарапынан біраз ізденістің, тың талпыныстың болғанын аңғардық. «Жүйелі сөз қисынды ойдан туады» дейді. Шешендік өнерде сөз ұтқырлығы, ой қисындылығы аса маңызды әрі шұбатпай сөзді анық діттеген нысанаға дөп түсіре алу да шеберлік. «Көп ойлап, жақсы сөйле, нұсқа болсын, қайтарар жауабың да қысқа болсын» дейтін бабамыз әр сөздің қадірін білуді меңзейді. Байқау барысында сөз додасын қолма-қол, талдап-таразылап, әрбір қатысушының әр кезеңдегі сөз саптасына ашық пікір айтылды, әсіресе сөз қолданыстарына, тіл тазалығына, көркемдігіне баға беріліп отырды. Өз орайында қазылар тарапынан айтылған сын-пікір қатысушылармен қоса тұтас көрерменге де айтарлықтай өнеге-сабақ болды. Сөйлеу әрекетімен қатар, тыңдарманын игеру, сахна мәдениеті дегендер де назардан тыс қалмады. Мұндай іс-шаралардың жандануы, дәстүрлі додаға айналуы аса маңызды. Өз ұлтымыздың ерекшелігін айшықтап, ұлттық кодымыздың құнын танытудың болашақ үшін қажеттігі аса зор», дейді ділмарлар додасына қазылық еткен педагогика ғылымдарының кандидаты, Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Береке Жұмақаева.
АЛМАТЫ