Облыс әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өңірде мүгедектігі бар 45 601 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш облыс халқының 3,7 пайызын құрайды.
«Осы жылы мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының жартысы республикалық бюджеттен қарастырылса, қалғаны жергілікті бюджеттен берілді. Ал өткен жылы 1,9 млрд теңге бөлінген еді. Кейінгі 10 айда әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 93 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында көш бастап тұрмыз. Яғни порталға тіркелген азаматтардың 24 719 өтінішінің, 22 967-сі қанағаттандырылды. Жалпы алғанда, өңіріміз бойынша 45 601 мүгедектігі бар адам тіркелген болса, оның 6 824-і – балалар. Өкінішке қарай, бұл санаттағы балалардың саны жылдан-жылға артып бара жатыр. Олардың 2 мыңға жуығы тірек-қимыл аппараттары бұзылған және жүйке ауытқулары бар балалардың санатына қосылып отыр. Өткен жылы басқармаға қарасты 12 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 291 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді», дейді басқарма басшысы.
Г.Жауынбекова келтірген дерекке жүгінсек, 3 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында мүгедектігі бар 755 адамға, 9 жартылай стационар жағдайында мүгедектігі бар адамдарды және балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 536 азаматқа қызметтер ұсынылған.
«Мемлекетіміздің қолдауының нәтижесінде кейінгі жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту жұмыстарына айрықша ден қойылған. Осы жылы Сарысу ауданында сыйымдылығы 25 орындық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылса, бұған дейін хабарлағанымыздай, Тараз қаласында 150 орындық оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда оңалту орталығында 110 азамат қызмет алып жатыр. Ғимараттың басты ерекшелігі сол, барлық жаңа технологиялар енгізілген, заманауи талаптарға сай түрлі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бассейн, арнайы ванналар, спорт зал, мәдени іс-шаралар өтетін мәжіліс залы бар», дейді Г.Жауынбекова.
Оның айтуынша, желтоқсан айында Тараз қаласында 110 орындық аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылмақ. Қазіргі кезде ғимарат толықтай жөндеуден өткізілген. «Қамқорлық» қорының қолдауымен қажетті жабдықтар толықтай сатып алынған.
«Жаңадан ашылатын ғимараттың қоғамға пайдасы зор. Бұл орталық аутизмі және басқа да психикалық ауытқуы бар балалардың әлеуметтік проблемаларын шешуге жағдай қалыптастырады. Сондай-ақ олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер қарастыруға бағытталған қызметтер кешенін ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, ерекше балалардың мәселелерін шешу жолында орталықтың қызметкерлері аянбай еңбектенуге әзір. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 14 бөлімше және 1 бөлімшеден тыс қызмет қарастырылған. Қазіргі кезде үйде қызмет көрсету жағдайында 711 мүгедектігі бар азаматқа және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылып жатыр», дейді Г.Жауынбекова.
Өңірде мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдар да айрықша атсалысып жүр. Олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында түрлі қызметтер ұйымдастырып жатыр.
«Бұл азаматтардың табыс табуына тең мүмкіндік қарастырған абзал деп есептейміз. Өйткені олардың да еңбек етуге толықтай құқығы бар. Қазіргі кезде оларды жұмыспен қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, әкімдердің қаулыларына сәйкес осы жылға 51 мекемеде 86 орынға квота аясында жұмыс орындары белгіленіп, бүгінде 68 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 3 024 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Олардың 726-сы тұрақты жұмыспен қамтылса, 508-і ақылы қоғамдық жұмысқа, 18-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 45 азамат жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданды. Бұл көрсеткіш, әрине, көңіл көншітеді. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда «Алғашқы жұмыс орны» жобасының да пайдасы тигенін атап өткен жөн. Бүгінде 15 азамат аталған жобаның шарапатын көрсе, 43 азамат «Күміс жас» жобасына қатысып отыр. Жалпы алғанда, мүгедектігі бар азаматтардың өзін-өзі дамытуына да айрықша назар аударып отырғанымызды айта кеткен ләзім. Мәселен, қазіргі кезге дейін онлайн оқыту курстарына 77 азамат жолданып, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері арқылы 1 270 азамат оқудан өтсе, кәсіптік оқыту курстарына 53 азамат жолданды. 269 азамат жеке кәсібін ашуға грант алды», дейді Г.Жауынбекова.
Басқарма басшысы келтірген деректерден ұққанымыз, мүгедек азаматтарға жергілікті атқарушы билік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл бағыттағы ізденістер алдағы жылы да лайықты жалғасын таппақ.
Жамбыл облысы