Қоғам • 29 Қараша, 2023

Астанада балаңызды тегін үйірмеге қалай жазуға болады?

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала – болашақ. Олардың уақытын тиімді үйлестіріп, өнерге баулу, спортпен айналысуға үндеу ізгі қоғам қалыптастырудың алғышарты. Балалардың қабілетін танып, қанатын қатайтуға ата-анамен қатар мемлекет те мүдделі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі қызметке кіріскен алғашқы жылы-ақ «кішкентай тұрғындардың» толық адам болып өсуі үшін өнегелі бастама көтерді.

Астанада балаңызды тегін үйірмеге қалай жазуға болады?

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Олардың жарқын болашағы үшін үйірмелерді үйлестіруді тапсырамын», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты, өнерді дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау мәселесін айтқан болатын.

Халықты спортқа тарту, ұлттық құндылықтардың құнын құлдыратпай бағалауға бейімдеу  және оны миллиондаған халық үшін қолжетімді ету мақсатында 2021 жылдың 1 мамырынан бастап бүкіл елде мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі іске қосылды.

Бүгінде ел территориясында тұтас игі бастамаға айналған миссияны бас қаланың Дене шынықтыру және спорт басқармасы да іске асырып отыр.

Мегаполистегі мыңдаған баланың белін буып, үйретері көп үйірмелерге тарту мәселесі шешімін тапқан. Ынтасы бар кез келген астаналық тегін спорттық, шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатысып шеберлігін шыңдай алады.

Бас қалада бұл бағытта атқарылып отырған шараларды Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Агзамовтан сұрап, білдік.

«2023 жылдың қаңтарына дейін мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру аrtsport.kz «SoftDeCo» ЖШС платформада жүзеге асырылды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдарға Бағдарламаны іске асыру үшін платформаны таңдау мүмкіндігі бойынша өкілеттіктер берілді. Өткізілген Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижелері бойынша 2023 жылғы мамырдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру damubala.kz. сайты арқылы қолжетімді», деді Азамат Агзамов.

Астаналық бүлдіршіндер үшін шаһарда спорттың 30 түрі бойынша 945 секция жұмыс істейді.

Тұрғындар тарапынан ең көп таңдалатын танымал секциялар: шахмат, дзюдо, футбол және көркем гимнастика.

«Әкімдік 2024 жылға мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру үшін 26 000 ваучер ашты. Сонымен қатар, бүгін, 29 қараша, балаларды спорт секцияларына жазу үшін кезек ашылды. 30 қараша сағат 00.00-де кезекке тіркелу аяқталады. Тегін үйірмелерге тіркелу туралы толық ақпарат Damubala.kz сайтында қолжетімді», деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, DamuBala.kz 4 пен 17 жас аралығындағы балаларға арналған жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша үйірмелерді іздеу және оларға жазылуға арналған платформа. Жүйеге тіркелу арқылы балаңызды өзіңіздің тұрғылықты орныңызға жақын жерде орналасқан спорттық, шығармашылық бағыттағы тегін үйірмелерге еркін тіркей аласыз. Платформа арқылы тіркелу төрт сатыдан тұрады. Бірінші басқышта баланы тіркейсіз, одан кейін қалауыңыздағы үйірмені таңдап, сабаққа жазыласыз. Соңғы сатыда баланы секцияға тіркеу аяқталғанын бақылап отыру керек.

Тегін үйірмеге тіркелу барысында ЭЦП кілттің болуы шарт. Сондай-ақ тіркелу барысында ата-ананың жеке куәлігінің көшірмесі мен баланың туу туралы құжаты сұралады.

«Үйірме таңдарда баланың қызығушылығын ескерген жөн. 4 жас - баланың тілі шығып, ойындағысын айта алатын кезең. Сондықтан ата-аналарды өз арманын балаға таңудан аулақ болуға шақырамын. Үйірмеге жазбас бұрын баламен сөйлесіп, тілегіне құлақ асып, біршама уақыт бақылаған абзал. Сабақтан тыс уақытта баласын үйірмелерге таситын ата-аналарды жиі көреміз. Бұл бала жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін маңызды болғанмен, шектен тыс жүктеме арту, бос уақыт қалдырмаудан сақтану керек», деді Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Құрметті ата-ана, ұрпағыңыздың болашақта ұтылмай, жаһандануға жұтылмай жетілуі үшін дарынын дамытып, талабын тануды бүгіннен бастаңыз!