Жеребе жерлестерімізді Жапониямен жолықтырды. Бұл кездесу 12-13 сәуір күндері Күншығыс елінде өтеді. Бұған дейін аталған жарыстың іріктеу сайыстарында аталған командалар өзара бес мәрте күш сынасты. Сол бәсекелердің төртеуі жапондардың жеңісімен аяқталды. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте Қазақстан командасы 9-орында тұрса, қарсыластарымыз 20-сатыға тұрақтады. Бұл күндері Жапонияда жекелеген теннисшілер арасында жасындай жарқылдап жүрген ешкім жоқ. Олардың ең үздік ойыншылары WTA тізімінде мынадай орындарға жайғасты: Нао Хибино – 95-орын, Маи Хонтама – 117-орын және Моюка Учиджима – 198-орын. Өзгелердің көрсеткіштері одан да төмен.
Кезінде Жапония құрамасын әйгілі Наоми Осаканың өрге сүйрегенін жақсы білеміз. 2018-2021 жылдар аралығында ол АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктерін екі реттен ұтып, WTA турнирлерінің жеті дүркін жеңімпазы атанды. Алайда келесі жылы декреттік демалыстан кейін қайта кортқа шығуды жоспарлап отырған Осаканың бірден бабына келуі екіталай.