Өндіріс • 29 Қараша, 2023

Киік етінен консерві шығара бастады

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқалықтағы «Торғай ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі киік етін өңдеп, консерві шығаруды қолға алып отыр. Ет комбинатындағы жаңа өндіріс 11 қарашадан бастап жұмыс істеп жатыр. Содан бері кәсіпорын 4 мыңнан аса консерві жасап шығарып, қала дүкендеріндегі сауда сөрелеріне қойған.

Киік етінен консерві шығара бастады

Қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімовтің айтуынша, Арқалық ет комбинаты бүгінге дейін 800-ге жуық киік етін қабылдап алған. Оның 398-інің етке жарамайтыны анықталып, арнайы өлексе көметін жерде жойылған.

«Қалған 355 бастың жалпы салмағы 11 мың тоннаға жуықтайды. Таза ет күйіндегі салмағы – 6 725 кг. Осыншама ет өңдеуге жіберілді. Кәсіпорын 1 кг киік етін жеткізушіден 315 теңгеден сатып алып жатыр, әр киіктің салмағы шамамен 30-35 кг болады. Есептеп көрсек, бір бас киіктің ғұмыры 9 450 мың мен 11 025 мың теңгенің аралығында ғана екен.

Кәсіпорын директорының орынбасары Сергей Маловтың айтуынша, киіктің еті жалпы ет өңдеу саласында қалыптасқан үрдістер шеңберінде өңделеді.

– Алдымен киікті бүтіндей қабылдап алып, мүшелеп тастаймыз. Одан кейін етін сүйектен ажыратып, турауға жібереміз. Сүйек пеште өртеледі немесе арнайы өлексе көметін орынға жөнелтіледі. Терісі қазірше ет комбинатының аумағында сақталады. Киік терісін кәдеге асыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Туралған етті құтыларға салып, бір сағатқа автоклавқа залалсыздандыруға қоямыз. Кон­серві осы автоклавта 120 градус ыстықта дайындалады, – дейді С.Малов.

Арқалық ет комбинаты барлығы 3 мың басқа жуық киік қабылдауды жоспарлап отыр. Ет өңдеу, консерві шы­ғару өндірісі еттің келіп тү­суіне қарай жүреді. Кәсіпорын бас­шыларының айтуынша, киік еті қоғам белсенділерінің, полиция мен волонтерлердің қатысуымен қабылданады. Ар­қа­лықта шығып жатқан кон­сервілер алдағы уақытта облыс көлеміндегі өзге қалаларда да сатыла бастауы мүмкін.

 

Қостанай облысы