Бұл награданы «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушісі Ақжол Геройға қорғаныс саласының басшысы атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыс етті. Іс-шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы, Ақжолдың ата-анасы және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Министр Руслан Жақсылықов «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ақжолға батыл іс-әрекетінің арқасында жол-көлік оқиғасының алдын алғаны үшін алғысын айтып, ізгі тілектерін жеткізген. «Сіздердің ұлдарыңыз сындарлы сәтте атына заты сай нағыз батыр екенін дәлелдеді» делінген Ақжолдың ата-анасына жазылған алғыс хатта.
Айта кетсек, 22 қарашада Алматы облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейдің 8-сынып оқушысы Ақжол Герой №219 бағдарлы автобусқа отырған. Жолай жүргізушінің жүрек талмасы ұстап қалады. Мұны байқаған Ақжол жүргізуші кабинасына жүгіріп жетіп, тежегішті басып үлгереді. Соның арқасында автобус тұрғын үй қоршауына жарты метр ғана жетпей тоқтайды.
8-сынып оқушысының жедел қимылы зардабы ауыр апаттан сақтап қалды. Оқушының бұл батыл әрекеті туралы телеарналар мен әлеуметтік желілерде жарыса айтып жатыр. «Ел қорғаны» медалінен бөлек, жас батырға өз мектебінің әкімшілігі ноутбук сыйласа, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алғыс хат пен соңғы үлгідегі «iPhone 15» ұялы телефонын табыс етті.