Өндіріс • 30 Қараша, 2023

Жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттік көзқарас керек

218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздегі нарықтық бәсекелестікте өз қабілетін таныта алмай отырған жеңіл өнеркәсіп тауарларының ішіндегі отандық киім мен аяқкиім өндірушілерінің үлесі 6,5%-ға төмендеген.

Жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттік көзқарас керек

Үкімет назарындағы бұл өн­діріс мемлекет тарапынан то­лық­­қанды қолдау көре алмай отыр­ғаны анық. «QazIndustry қазақ­стандық индустрия-экспорт орта­лығы» АҚ мамандары киім және аяқкиім нарығындағы жет­кі­зу­шілер құрылымының өзге­руі ел­дегі импортты, оның ішінде элек­­тронды коммерциялық арна­лар арқылы қарқынды ілгер­іле­ту­де­гі тұрған жайт екенін айтады.

Еліміздегі тоқыма және тігін фабрикалары Қытайдан өзге, көршілес Орталық Азия елдері арасында бәсекеге түсе алмайтыны шикізатты өңдеу деңгейінің төмен­дігінен көрінеді. Біздегі негі­зінен мақтамен айналысатын өңір – Түркістан облысы. Мұндағы жиналған мақта шикі­за­тының тек 15%-ы ғана республи­ка­да терең өңдеуге жіберілсе, қал­ғаны өңделмеген күйінде Өзбек­стан, Ресей мен Түркияға жөнелтіледі. Кейін олар қосымша құны бар дайын өнім түрінде елімізге қайтарады.

Аталған өңір алдағы уақытта инвес­тициялық жобаларды жүзе­ге­ асыруды жоспарлап отыр. Де­ген­­мен аймақтағы мақташылар мен өзбек инвесторы арасындағы келісімшартқа қарағанда, біздегі бұрынғысынша шикізат базасы ретінде әрекет ететін жобалармен жұмыс жүргізіп отырғанын айтуға болады. Өзбекстанның Global Textile Group тоқыма компаниясы біздің диқандарымызды сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп, егін жинаған соң олардан мақта сатып алады. Ұлттық статис­тика бюросының ресурстар мен өнімді пайдалану балансы жеңіл өнеркәсіптің көптеген бабы бо­йынша импортпен салыстырғанда отандық өнімнің үлесі өте төмен екенін, мәселен, кейбір қарапайым тоқыма бұйымдарының ішіндегі шұлықтар мен колготкилер өзі­­міз­­де арзымайтын көлемде шы­­ға­­рылып, нарықтың 4,1%-ын­ ғана (ақша­лай түрде) қамтитынын біл­діреді. «Сырт киім» санатында он айда елде 107 млн-нан аса тауардың 0,4%-ы ғана «Қазақстанда жасалған» брен­ді­мен сатылған. Ал кілем нарығында жер­гі­лікті өндірушілер үлесі 26,1%-ды құрайды.

ЕАЭО киім брендіне үміткер Қырғыз­станның тоқыма, киім-кешек және аяқкиім өндірісіндегі табыс көзі айтарлықтай аз. Елдегі өндіріс көлемі шамамен 10,5 млрд сомды немесе 124,3 млн дол­лар­ды құрайды. Өзбек­станнан айыр­ма­шылығы – Қыр­ғыз­стан­­да­ғы өндіріс панде­мия­ның бірін­ші жылында күрт төмен­деген. Қыр­ғыз­станның жеңіл өнер­кәсі­бі­нің ерекшелігі – Қазақ­стан мен Ресейден келген тапсырыс беру­ші­лер үшін келісім­шарт­тағы тігін өнді­рісін дамытуға бағыт­тап отыр­ған­дығында.

Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп тауар­ларын өндірушілер өткен жылы өнім көлемін 7,2%-ға ғана ұлғайтып, жалпы сомасы шамамен 178 млрд теңгеге немесе 386,5 млн долларға жеткен. Биылғы үш тоқсанда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 139,6 млрд теңгені құрады. «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ өңдеу өнеркәсібінің бұл сегменті жыл сайын 25% өскені, кілем өндірісіндегі көрсеткіштің 25,8 есеге өскенімен байланыстырады. Еліміз жеңіл өнеркәсібінің өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – өте аз, бар болғаны 0,9%.

Бұл ретте Өзбекстанда тоқыма өндірісінің үлесі 13,7%, тігін өнеркәсібінің үлесі елдің өңдеу өнеркәсібінің 3,8%-ды құрайды. Екі елдегі жеңіл өнеркәсіптің эко­но­микалық дамуының көптеген пара­метріндегі айырмашылық аса жоғары деп отыр сала сарапшылары. Олардың айтуынша, жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шаралары да республикаларда мүлдем салыстыруға келмейді. Өзбекстанда президенттік би­лік ауысқаннан кейін жеңіл өнер­кәсіптің даму векторы күрт өзге­ріп, бұл сала басымдыққа ие болған. Өзбекстан үкімет дең­­гейінде мақта шикізатын экспорттауға толық тыйым салатын бағдарламалар қабылдап, 2026 жылға қарай билік елден жіп шығаруға тыйым салуда. Мемлекет сыртқы нарыққа да­йын өнімді жеткізуді ұлғайту үшін барынша әрекет жасайды. 2027 жылы тоқыма және тігін экспортының көлемін 10 млрд долларға жеткізуді міндеттеп отырғаны бар. Шетелде мемлекет өзбек тоқыма компания­ларына да қолдау көрсетеді. Оларға дүкен немесе қоймаларды жалға алу ақысының 100%-ын төлейді. Фирмалар өз тауарларын Еуропаға, Түркияға, Америкаға, Кореяға және Жапонияға жө­нелт­се, көлік шығындарының 70%-ы өте­ліп отыр.

Елімізде мемлекеттік қол­дау азырақ. Елімізде екі салалық одақ — «Жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орын­дары» қауымдастығы мен «Qaz Textile Industry» жеңіл өнер­кәсіп кәсіпкерлерінің ұлттық қауым­­дастығы жұмыс істейді. Ұйым мамандары үкімет пен депу­­тат­тарға саланы қолдаудың қо­сымша шараларын енгізу туралы­ өтініш­термен жүгінсе де, одан қай­ран жоққа ұқсайды.

«Qaz Textile Industry» басшысы Гүлмира Уахитова: «Еліміздің жеңіл өнер­кә­сіп саласындағы қазіргі инвес­ти­циялық сая­саты импорттық өнім­дердің басым­дық­пен орын алуына мүмкіндік беріп жа­тыр. Біз үкіметпен үнемі байла­ны­сып тұрамыз, қаншалықты өтініш жасап, шағымдансақ та жа­уап ретінде сөзбұйдалыққа салын­ғаннан өзге толыққанды жауап ала алмаймыз. Отандық тауар өндірушілерді қолдайтын мем­ле­кеттік саясат керек. Шенеу­нік­­тердің кінәсінен бізде әлі күнге дейін терең өңдеп, дайын өнімді шы­ғарудың бірыңғай жүйесі жоқ», дейді.

Биыл Индустрия және инфра­құрылымдық даму минис­трінің бұйрығымен жеңіл өнер­кә­сіпті жандандыру мақ­са­тында инвес­тициялық жобаларды 3%-дық сыйақы мөлшерлемесінде қаржы­лай қолдау тетігі қарас­ты­рылған еді. Мұндай инвес­ти­циялық жобалар пулында қазірдің өзінде 60 компания­ тіркеліп отыр. Жарияланған басқа ынталандыруларға арнайы экономикалық аймақтардың рези­дент­тері үшін тартымды салық префе­ренцияларын жасау және компа­нияларды технологиялық жаңар­туға жұмсалатын шығын­дар­ды субсидиялау кіреді. Мұндай мемлекеттік реттеу жұмыс істей ме, жоқ па, бұл 2024 жылдың көктемінде жеңілдетілген несие беру туралы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін бір жылдан соң белгілі болары анық.