Қоғам • 29 Қараша, 2023

«Қар жаумаса да». Заңгер қысқы доңғалағы жоқ көлік иелеріне қандай шара қолданылатынын айтты

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заң талаптары бойынша 1 желтоқсаннан бастап көлікті жазғы доңғалақпен жүргізуге тыйым салынады. Дегенмен биыл елімізге қыс кеш келіп жатыр. Оңтүстік өңірді айтпағанда, Аста­наның өзінде әлі қар жоқ. Жерде қар болмаса да, желтоқ­сан­нан бастап қысқы бүрлі доңғалақ салу міндетті ме?

«Қар жаумаса да». Заңгер қысқы доңғалағы жоқ көлік иелеріне қандай шара қолданылатынын айтты

Бұл сұраққа ІІМ М.Есболатов атын­дағы Алматы академиясы Әкім­шілік-құқықтық пәндер кафедрасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әсем Қырғызбекқызы жауап береді.

– 1 желтоқсан жақындаған сайын көлік құралдары иелері тарапынан өзекті сұрақтарының бірі – қысқы доңғалаққа ауысу туралы сұрақтар көптеп қойылып жатады. Кеден одағының 018/2011 «Доңғалақты көлік құралдарының қа­уіп­­сіздігі туралы» техникалық рег­ла­менті 8-қосымшасының 5.5-тар­ма­ғына сәйкес қысқы кезеңде (жел­тоқ­сан, қаңтар, ақпан айларында) 5.6.3-тармағында көрсетілген талаптарды қанағаттандыратын қысқы доңғалақтармен жабдықталмаған М1 және N1 санаттағы көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Көлік құ­ралының барлық доңғалағына қысқы шина орнатылуға тиіс. Аталған тар­мақта: «Жазғы кезеңде (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы ши­налармен жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады» деген норманың барын да атап өткен жөн.

Техникалық регламентте жыл­дың басқа айларында қандай доңғалақтарды қолдану талаптары белгі­лен­бе­ген­діктен, доңғалақ ауыс­тыру уа­қы­тын, жол қауіпсіздігін ескере отырып, көлік құра­лы­ның иесі өзі шешеді. Дегенмен техникалық регламентте ауа райы (қардың болуы немесе болмауы) ерекшеліктері көрсетілмеген. Сон­дық­тан қандай жағдай болса да, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарының иелері Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 590-бабы 5-тармағына сәйкес жауап­кер­шілікке тартылады.