Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Сырты – бүтін, іші – түтін
Мәселен, күні кеше ғана екпіні 15-20 м/с болатын оңтүстік-батыс желі қаладағы тұрғын үйлер мен мекемелердің қасбетін опырып, шатырларын жұлып әкетті. Салдарынан материалдық шығын келген оқиғалар да, зардап шеккендер де бар. Бірақ ауа райының құбылуын сыныққа сылтау ететін біздегі заңда темірге емес, тірі жанға зақым келсе де, жауапкершілік ешкімге жүктелмейді. Бір қызығы, бар кінәні табиғаттың мойнына іліп қоятындар желге де шыдас бере алмайтын тұрғын үйлердің сапасына бас қатырғысы жоқ. Қайда барса да »Қорқыттың көрін» көрсеткендердің әрекеті айналып келгенде қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып жатыр.
Былтыр Мәжілістің бір топ депутаты республикалық комиссия құрып, барлық облыста проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізуді ұсынды. Баспана кезегіндегілерге берілетін жаңа үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтқан олар кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап еткен еді. Өйткені саны бар, сапасы жоқ тұрғын үйлердің жыл өтпей шатырынан су сорғалап, кірпіші үгітіліп, қабырғасы жарылып, едені көтеріліп, қасбеті түсе бастайды екен.
Ал бастапқыда құрылысқа берілген кепілдеме аясында кем-кетігін жөндеп беріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталғаннан кейін жауапкершіліктен мүлдем босатылады. Бүгінде табиғаттың тосын мінезі түгілі, жаңа тұрғызылған тұрғын үйлердің өзі жыл өтпей қабырғасы қақырап, терезесі сықырлап жатыр. Мұндай үйлерді санамалай берсек, санынан жаңылатынымыз анық. Мәселен, әу баста жарнамасы жер жарған Алматыдағы «Алма Сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ертегіге сеніп қалғанын қоныстанғанда бір-ақ білген. Қаладағы Жетісу ауданында бой көтерген 3 көпқабатты тұрғын үйдің иелері де «сырты – бүтін, іші – түтін» пәтерін жөндеу үшін ай сайын бала-шағасының аузынан жырып ақша шығаруға мәжбүр.
Бас қалада да баспана сапасы басты мәселеге айналғалы қашан. Қала тұрғыны Ирина Александровна: «Қазір құрылыстың сапасын мемлекеттік органдар бақыламайды. Олар бақылаудан шеттетілген. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс алаңдарына тексеріс жүргізуге өздігінен бара алмайды. Бақылау болмаған соң құрылыс компаниясы мен бас мердігер бір-бірінің жұмысын оң бағалайтыны анық. Осылайша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы нысанға бармай-ақ үйді пайдалануға қабылдай салады. Мысалы, «Асылым», «Асылым паркі-1», «Асылым паркі-2», «Асылым Прайм» сияқты тұрғын үй кешендері көптеген кемшілік пен ауытқумен сату бөлімдерінде ұсынылған. Қазір оның зардабын тұрғындар көріп отыр. Құрылыс компаниясын сотқа береді. Бірақ құрылыс компаниялары кепілдендірілген уақыты біткеннен кейін жауапкершілік алмайды. Егер мемлекеттік органдар салынып жатқан үйлердің құрылыс сапасына тексеріс жасағанда, халық әділдік іздеп әр есікті жағалап жүрмейтін еді», дейді.
Елордадағы екі жыл бұрын ғана қолданысқа берілген тұрғын үй кешені МИБ-нің төрағасы Гүлайым Қырықбаева да бұл айтқанды растап отыр. Оның сөзінше, жылдар бойы күткен жаңа баспанасының жыртығын жамаудан көз аша алмай келеді екен. Баспалдағынан бастап шатырына дейін бекітілген ережені ескермей салған мердігерлердің салғырттығы мен үнемшілдігінен құбыры жарылып, біресе жеделсатының астын су басып жатыр. Қақаған суықта қабырғасы қақырап, терезесі сықырлап тұратын үй тұрғындарының түннен аман шыққандарына тәубе еткеннен басқа амалдары қалмаған секілді.
Тексеріске жауапты төрт маман
Елу жылдан аса құрылыс саласындағы қадағалау жұмыстарын жүргізген маман Ерлан Қабденовтің айтуынша, қазір жаңа салынған тұрғын үй құрылысына бұрынғыдай 10-15 адам емес, құрылыс сапасын қарайтын тапсырыс беруші, мердігер компания, авторлық және техникалық бақы-лаушыдан құралған 4-5 адам төрелік етеді. Олар құрылыс басындағы күнделікті атқарған жұмыстан бастап қолданылған материалдың маркасына дейін тексереді. Темірдей тексерістің қалай жүретінін қайдам, бас қаланың өзінде әлгінде айтқандай үйлер «үп» еткен желге де шыдас бере алмайды. Ал тұрғындардың тыныштығын бұзып, қалтасына салмақ салғаны құрылыс компаниясының да, олардың жұмысын қабылдап алған әкімдіктің де басын ауыртып, балтырын сыздатпайды.
Өйткені халықтың тұрмысына жауаптылар елдегі ереже біткенді өздері жасап, заңнамалардағы өзгерістердің денін өз ыңғайларына қарап қабылдатады. Айталық, құрылыс саласының ардагері атанған Фарид Акбердиев «құрылыста бақылау жоқ» дейді. Есесіне тұрғын үй құрылысы саласына бақылау жасауға тиіс тұлғалардың салғырттығы сыналмайды. Сыналған күннің өзінде құжатта бекітілген ережені алға тартады. Алайда құрылыстың барлық кезеңі құрылыс бақылауын жүргізетіндердің көзінен таса қалуға болмайтынын айтқан ол: «Сметалық жобаны іске асыру мерзімдерін қадағалайтын және құрылыс жобасын іске асыру уақытын ұзартудың заңсыздығы туралы бақылау және құқық қорғау органдарына хабарлайтын техникалық қадағалау инженерлері болуы керек. Мемлекеттік сатып алу кезінен бастап қадағалау комиссиясы дұрыс жұмыс істесе, құрылыс компанияларының салғырттығынан халық табаннан таусылмас еді. Өкінішке қарай, құрылыс бақылауының жоқтығына бірнеше себеп бар», деп отыр. Оның айтуынша, келмеске кеткен кеңестік кездің өзінде адамдардың шағымы мұқият қаралған. Қазір жұрттың жанайқайына құлақ түретін құзырлы орган табу қиынға соғып отыр.
Екі жылға берілетін кепілдік
Бұрын құрылыстың сапасына байланысты шағым түссе, құрылысты салған компаниямен бірге комиссиялық кездесу өтеді екен. Алматыдағы тұрғын үй құрылысына қатысты шағымды қарау үшін Мәскеуден республикалық органдардың қызметкерлері келетін көрінеді. Ал қазір тұрғындар кілтін жаңа алған үйдің тесігін жамата алмай жауаптылардың ортасында доп секілді тебіліп жүр. Себебі мемлекеттік қабылдау комиссияларының жұмысында нақты жүйе белгіленбеген. Сондықтан қолданысқа берілген су жаңа үйлердің құрылыс материалдарының сапасы сын көтермейді. Бұрынғы және қазіргі құрылыс нормалары мен ережелеріндегі айырмашылық жер мен көктей. Бұрын үйлер арасындағы алшақтықтан бастап, құрылыс сапасына дейін барлық санитарлық нормалар бір ережеге енгізілген. Ол қазіргі құрылыс нормалары мен ережелерінде жоқ. Бұл құрылыс компанияларын еш нәрсеге міндетті емес етіп көрсетеді. Салдарынан әлгіндегідей техникалық қадағалау комиссиялары арматураның қалыңдығын бақыламайтынын, цементтің қандай маркасы қойылғаны да қызығушылық тудырмайды. Ал бұрын құрылыс бөлімшелерінің әрқайсысында бетон сынамаларын алып, зертханалық жағдайда сапасын тексерілген. Қазір құрылыс сапасы сан сүзгіден сөз жүзінде өткенімен, іс жүзіне келгенде қатаң шара қабылдауда жауапкершілік жоқтығын аңғартады. Демек сапасы сын көтермейтін тұрғын үй кешендерін қабылдап алған әкімдік пен бақылау комиссиясымен бірге құрылыс компаниясының жауапкершілігін арттырмай, қолдан жасалған қолданыстағы ереже жұрттың жиған-тергенін тұрғын үйді жамауға жұмсауға ғана кетеді. Ал қазіргі заңнама бойынша әрбір құрылыс компаниясы үйдің сапасына екі жылға ғана кепілдік алады. Екі жылдан кейін ақаулықтары байқалса, оны жөндеу, күтіп ұстау ПИК немесе МИБ-тің өздеріне жүктеледі. Күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге халықтың қалтасы көтермесе, мемлекет қайтарымды түрде күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға несие береді. Ол да айналып келгенде тұрғындардың қалтасын теспей соруға жұмыс істейді. Себебі несиені төлейтін тұрғындардың өзі.
Айтпақшы, біздің елде басында айтқандай, тұрғын үйдің сапасына жауаптыларды шырақ іздеп таппайсың. Сапасыз тұрғын үйдің қасбеті құлап, жазым бола қалсаң, тағы жазықты жоқ. Өйткені табиғаттың болмашы мінезіне шыдас бермейтін үйлердің шатыры құлауына кінәлі – ауа райы ғана. Табиғаттың тосын мінезіне технологиясы мың жерден мықты елдердің өзі де тойтарыс бере алмайтыны рас. Алайда алдын алуға мүмкіндік болмаса да адам өлімін азайтып, ел экономикасына орасан шығын болмаудың жолын қарастырып отырған елдер көп. Алапат цунамиге төтеп бере алатын жапондықтардың технологиясын қажетке жаратпасақ та, құрылыс технологияларынан бастап қажетті материалдарына дейін қатаң сынақтан өткізетін қадағалаушы органдардың әдіс-тәсілін өзгертуге кедергі жоқ шығар дейсің.