Бұл мәселе облыс әкімі Серік Шәпкенов өткізген жиында арнайы қаралды. Мақсат – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, жыл басынан бері шаруа қожалықтарының жетекшілерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынушыға тиімді бағамен әрі жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында 284 меморандумға қол қойылыпты. Бірақ тұрғындардың басым бөлігі сатып алатын бұл азық-түліктің бағасын өсіріп отырған тиімсіз делдалдар бар. Маусымаралық кезеңде импорттық тауарлардың бағасының көтерілуінен 8 азық-түліктің қымбаттағаны байқалады. Азық-түлік бағасына 15 пайыздан үстеме қосып, дүкенге дейін тасымалдаған 19 кәсіпкерлік субъектісіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылған.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Данияр Тахановтың айтуына қарағанда, тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 2020-2022 жылдары 3,1 млрд теңге бөлінген. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті сауда нүктелерімен 10 келісімшарт жасалған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрін сатуға екі сауда желісімен үш келісімшарт жасалды. Келісімшарттың сомасы – 968 млн теңге. Азық-түліктің сату бағасы нарықтық құнынан 10 пайызға төмен. Мұндай азық-түліктер 38 сауда нүктесінде сатылады. Мәселен, Атырау қаласында – 32, Жылыой мен Қызылқоға ауданында – 2, Мақат пен Индер ауданында 1 сауда нүктесі бар. Тауарлардың бағасына апта сайын тексеру жүргіземіз», дейді Д.Таханов.
Алайда облыс әкімі аппаратының испекторлары жүргізген талдау нәтижесіне сүйенсек, тұрғын үйлер жанындағы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы қымбат екені анықталған. Демек облыс әкімі С.Шәпкеновтің пікірінше, сала басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыра алмай отыр. Азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіне қатысты делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.
«Біздің басты міндетіміз – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңында инфляция деңгейін 10%-дан аспайтын дәлізде ұстап тұру туралы тапсырма берді. Бағаны өсірмеу туралы жасалған меморандумдарда бәрі керемет. Ал оның талабы қаншалықты орындалып отыр? Осы кезге дейін жасалған әр меморандумның орындалысын тексерген жөн. Үстеме бағаны 15 пайыздан артық қосатын делдалдарды жауапкершілікке тарту керек. Атырау қаласындағы, аудандардағы негізгі сауда нүктелерінде баға бірдей болуға тиіс. Ірі супермаркеттерде азық-түлік төмен бағамен сатылып жатыр. Бірақ тұрғындар арзан азық-түлікті іздеп жүрмейді ғой. Үй маңындағы дүкендерден сатып алады. Мұнда тауар бағасына екі есе қосылып отыр», деді С.Шәпкенов.
Атырау облысы