Аймақтар • 30 Қараша, 2023

Көктайғақ. Әкім жүрсе көпті ойлап...

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қараша туғалы жаңбырдан көз ашылмады. Кібіртіктеп қар жауғанымен, іле еріп, кеш түсе қатып, түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып жатыр.

Көктайғақ. Әкім жүрсе көпті ойлап...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауа райы күрт өзгерген. Бұл уақытта аяз күшіне мінбегенімен, сіресіп, сықырлаған ақ қар жатар еді. Қала да, дала да құрғақ. Енді, міне, жаз бойы жаумаған жауын елдің берекесін алып тұр. Адам жанын түршіктірер жол апатына байланысты күрт оқи­ға көбейген. Көлік түгілі жаяу адамға қарға адым жер мұң бол­ған. Абайсызда жол жиегіне құ­лап, мертіккендердің саны күн сайын көбейіп келеді. Қаладағы ком­муналдық кәсіпорындар жаяу жүр­гіншілер жолына, көлік көп жүре­тін бұрылыстарға инертті мате­риалдар төккенімен, мардымсыз.

– Орталық көшелерге ғана құм себіліп жатыр. Шеткі көшелер назардан тыс қалып жатыр. Көлік жүретін, жаяу жүргіншілердің жо­лы да сірескен көк мұз, – дей­ді қала тұрғыны Тілеужан Түл­кібаев.

Келеңсіз жайды көз көріп жүр. Соңғы тәуліктерде облыс­тық аурухананың қабылдау бөлмесіне барып көмек сұраған адамдардың саны жүзден асып кеткен. Алпыстан аса адам түр­лі жарақат алыпты. Әсіресе егде адамдар мен мектепке баратын балаларға қиын болып тұр. Өзге­сін былай қойғанда, білім ошақтарының алдындағы көсенің иегіндей жалтыраған көк мұз қауіп төндіріп отыр.

Күні кеше әлдебір шаруаның ыңғайымен шеткі көшенің бі­рінде оқыс оқиғаға тап болдық. Жол жиегімен тәлтіректеп келе жатқан елудің үстіндегі бір азамат шалқасынан түсті. Шақпа тасқа қарақұсымен құлады. Кілт тоқтағанымызбен, қыс­қы доң­ғалақтың өзі көк мұзда тайғанап, көлденеңдей тоқ­тадық. Әлгі па­қырға көмек­тессек деген ниетпен. Іле халық жи­налып қалды. Жедел жәрдем шақырып жатыр. Бейнет аяқ ас­тында деген – осы. Егер уақ­­ты­лы жол тазаланып, табан ас­­тына инертті материалдар тө­селіп, жағ­дай жасалса, мүге­­дек­тер саны кө­беймес еді.

Көпке дейін әлгі көрініс көз алдымнан кетпей қойғаны. Сақтансаң сау қалатының белгілі, әйтсе де, халыққа жанашырлық жасап, сақтау да керек қой.

 

Көкшетау