Кеше ширек финалдық сайыстар басталды. Бұл межеде Төлебек Нұрасыл (54 кг) румыниялық Михай Ренетоны жақсылап тұрып сабады. Екінші және үшінші раундтарда қандасымыз қарсыласын да нокдаунға жіберді. Оның алдында ол Зимбабвенің өкілі Шон Памбениді бас көтертпей ұтқан еді. Командалық әріптесінің жеңісті жолын Әлихан Әскер (60 кг) жалғастыра алмады. Ол иорданиялық Мұхамад Абулла Зедаға есе жіберді. Кеше Нығмет Нұғыман (48 кг) және Игорь Соловьев (75 кг) рингке шықты.
Ереванның шаршы алаңында ұлдарға қарағанда қыздарымыз әлдеқайда табысты өнер көрсетіп жатыр. Ширек финалда Сила Биболсынқызы (48 кг) Тринидада мен Тобагоның тумасы Рей Джонды үш рет ұрып құлатқаннан кейін төрешінің жекпе-жекті тоқтатудан басқа амалы қалмады. Аяжан Сыдық (54 кг) ресейлік Владислава Силинаны қуып жүріп сабады. Гауһар Зарден (50 кг) мексикалық Валерия Ампаран Писарромен әбден «тіресті». Қазылар алқасы біраз ойлана-толғана келе жеңісті жерлесімізге берді. Толғанай Қасымхан (60 кг) румыниялық Кала Ламура Бронсеадан басым түсті. Ал Панар Сейтханқызы (+80 кг) үндістандық Прачи Токаспен аянбай айқасты. Десек те төрешілер жеңіске Үнді елі өкілін лайық деп тапты.