Сұхбат • 01 Желтоқсан, 2023

Камалжан НАДЫРОВ: Мақсатымыз – бәсекеге қабілетті дәрігер даярлау

115 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Медицина саласына қай кезде де тәжірибелі маман қажет. Мемлекет кадр даяр­­­лау ісін үйлестіріп отырған оқу орындарына сенім артады. Астана медици­на­­ уни­­вер­­ситетінің ректоры Камалжан Надыровпен сұхбаттасудың сәті түс­кен­­де­ ме­ди­цина мамандарын даярлаудағы жаңашылдықтар турасында сұраған едік.

Камалжан НАДЫРОВ: Мақсатымыз – бәсекеге қабілетті дәрігер даярлау

– Камалжан Талғатұлы, медицина мамандарын даярлау ісіндегі өзгерістер жайында тарқатып айтып берсеңіз.

– Келер жылы университет өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Күні бүгінге дейін осы оқу орнында ғұ­мы­рын медицинаға арнаған білімді, білікті оқытушылар, ғалымдар еңбек етті. Олардың әрқайсысы озат шәкірт тәр­биелеп, білім сапасын арттыруға үлес қосты. Қазір университетте 10,5 мың студент оқиды, оның 2 мыңнан аста­мы – шетелдіктер. Түлектеріміз елі­міз­дің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелдерде жемісті еңбек етіп жүр. Біз осыған қуанамыз. Өйткені универ­ситет – өзінің бәсекеге қабілетті түлектерімен мақ­та­на­ды. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн», деді. Сондықтан біз бәсекелестікті нығайтуға бағытталған жұмыстан қол үзген жоқпыз. Осыған байланысты жұмыс барысында кездесетін кедергілерге, өзге де түйінді мәселелерге егжей-тегжей талдау жүргізілді. Нәти­же­сінде, біз 2026 жылға дейінгі жоба-жос­парымызды түзіп, даму стратегиямызды әзірлеп, бекіттік. Университет алдында тұрған мәселелердің, оның ішінде материалдық-техникалық базаның ескіруі, алаңдардың тапшылығын, білім беру гранты құнының төмендігіне байланыс­ты табыс деңгейінің төмендігі сияқты мәселелерді жою мақсатында жобалық басқару жүйесін енгіздік.

– Оқу орны өзінің бәсекеге қабілетті түлектерімен мақтанады дедіңіз. Олай болса, студенттердің алаңсыз білім алуы­на қандай жағдай жасалған?

– Иә, бұл мәселе де университеттің стратегиялық жоспарында қамтылған. Мұнда ең алдымен студенттерді жатақ­ха­намен қамтамасыз етуге көңіл бөліп отыр­мыз. Елорда әкімдігінің қолдауымен универ­ситеттің оқу ғимараттарын, жатақ­ханаларын салуға қолайлы жер телімі бөлінді. Сол маңда келешекте универ­си­теттің клиникасы бой көтермек. Қазірдің өзін­де «Қаржы орталығы» АҚ-мен ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойып, оның шеңберінде құрылысты суб­сидиялау жолға қойылды. Жалпы ауданы 33,9 мың шаршы метрді құрайтын бұрынғы «Ramada Plaza» қонақүйінің 22 қабатты ғимаратын университетіміздің балансына беру біз үшін маңызды шешім саналады. Себебі онда студенттердің тұруына жайлы жағдай жасалады. Бұл мәселені шешуде Денсаулық сақтау министрлігі және қала әкімдігі көптен-көп қолдау көрсеткенін айта кету керек.

– Медицинада оқып, білікті дәрігер бол­сам дейтін озық ойлы оқушылар көп-ақ. Сіздіңше, осындай талабы тау­дай­ балаларды мамандыққа баулуда неге басымдық берген дұрыс?

– Біз маман даярлауда жастардың білік­тілігін арттырып, кәсіби маман болып қалыптасуына, медицинадағы жаңа­шыл­дықтарды мейлінше меңгеруге бау­ли­мыз. Қуантарлығы, білім беру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жұмыстың нәтижесі жоғары. Мұны Астана медицина университетіне оқуға түсу­ге ниетті жастардың шоғырына қарап білуге болады. Мысалы, кейінгі екі жылда мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен түлектердің саны 654-тен 998-ге дейін көбейді. Нәтижесінде, кейінгі үш жылда ғана университетте студенттер контингенті 19%-ға өсті. Бұл осы оқу жылында бөлінген білім беру гранттарының жалпы көлемінің 45%-ын құрайды. Осы тұста университетте грант бағасының төмендігін айтқым келеді. Мысалы, салыстырмалы түрде айтар болсақ, шетелдерде дәрігердің оқуы біздегі бағамен салыстырғанда 5-7 есе қымбат. Бұл мәселеге жіті назар ауда­ру керек. Университет 59 білім беру бағдар­ла­масын іске асырады. Оның ішінде 8 бака­лавриат, 6 магистратура, 5 докто­рантура және 2 интернатура, резидентура бағ­дар­ламалары қамтылған. Сондай-ақ 56 медициналық мамандық бойынша қосым­ша­ білім беру бағдарламасы бар.

Сонымен қатар денсаулық сақтау сала­сын­дағы IT мамандар мен заңгерлерді даяр­­лау бағдарламалары әзірленіп жатыр. Универ­ситеттің білім беру бағдарламалары Дүние­жүзілік медициналық білім беру феде­рациясы тарапынан халықаралық агент­тіктерде аккредиттеуден өткенін айта кету керек. Университетте маман даярлау сапа­сының жоғары екеніне тағы бір дәлел, «Атамекен» ҰКП рейтингінде (іс жүзінде универ­ситеттердің барлық рейтингінің ішіндегі ең объективтісі саналады) біздің білім беру бағдарламамыздың жетекші орынға ие болуы десек артық айтқандық болмас.

– Университетте сапалы білім алу­мен­­ қатар, ғылыммен айналысып,­ ме­ди­­­ци­наның өркендеуіне үлес қоса­мын дей­­тін жастар көп пе?

– Иә, баршылық. Ең алдымен, оқы­ту­шы­лардың ғылыми қызметпен айналысуға ын­та­сын оятып, осы саладағы құзыретін нығайту арқылы кадрлық әлеуетті күшей­ту­ге баса назар аудардық. Ғылым қоры құрыл­ды. Оның бюджеті былтыр 100 млн теңгеден асты. Бұл қаражат ғылыми белсен­ділікті ынталандыру және қолдау үшін жұмсалады. Жұмысымыздың тағы бір бағыты оқытушылар мен студент­тер­дің алаңсыз ғылыммен айналысуы­на­ инфрақұрылым қалыптастыруға негіз­делді. Университетте үш сынақ зертханасымен қоса Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми зерттеу инс­ти­туты, елорданың 90-нан аса жетекші кли­никасының базасында орналасқан 64 кафедрасы бар. Ғылыми қызмет үшін мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында университет кафедраларында қалыптасқан ғылыми мектепті ғылыми институттарға трансформациялау бойынша жүйелі жұмысты бастадық. Осы жылдың сәуір айында салтанатты түрде академик Е.Дәле­нов атындағы профилактикалық меди­цина ғылыми зерттеу институты ашыл­ды. Институт превентивті медицина, ауруларды диагностикалау және ауру­дың алдын алу саласындағы зерттеулермен және әзірлемелермен айналысады. Қазір академик Ж.Хамзабаев атындағы радиология ғылыми зерттеу институтын ашу жұмысы жүріп жатыр. Енді мұндағы мамандар сәулелік диаг­ностика, сәулелік терапия және ядролық медицина саласында жаңа технологияларды әзірлейді, ғылыми негіздемелерді қолданысқа енгізуді қамтамасыз етеді. Бүгінде Kazakh National H-index Ranking 2023 тәуелсіз рейтингісінің деректері бо­йынша университетіміз – ғылыми әлеуеті жоғары ұйымдардың қатарында.

– Студенттердің теориялық білімін жетіл­діретін әдістемелерден бөлек, практикалық машықтарды меңгергені абзал. Осы бағытта нендей жұмыстар іске асты?

– Теория мен практика бір ағаштың екі бұтағы секілді. Сондықтан жетекші әлемдік университеттердің тәжірибесі бойынша біз модернизацияланған симу­ля­циялық орталықта практикалық дағды­лар­ды пысықтау арқылы теориялық білімді нығайтуға мүмкіндік жасадық. Симу­ля­циялық орталықты жаңғыртуға кіріспес бұрын біз Израиль, Сингапур, Түркия, Ресей сияқты елдердің тәжірибесін зерттедік. Әлемдік стандарттарға сәйкес озық технологиялар бойынша симуля­ция­лық орталықты жабдықтадық. Қазір ол заманауи фантомдардың, тренажерлер мен симуляторлардың, жабдықтар мен медициналық бұйымдардың кең арсе­налымен қамтылған. Дағдыларды пысықтауға және кез келген клиникалық жағ­дайды модельдеуге қажетті 500-ден аса жаңа техника сатып алынды. Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, қимыл-қозғалыс функциясы бұзылған пациент­тер­дің өмір сүру сапасын жақсарту мақ­­са­тында консорциум құрылғанын атап өткім келеді. Консорциум аясында уни­вер­ситет Mbıonıcs компаниясымен бірлесіп жарақат салдарынан қимыл-қозғалыс функциясы, тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан пациенттерді оңалтуға арналған «Экзоскелет» жабдығын әзірледі.

– Медицина мамандарын даярлау ісінде жаңашылдық көп екенінен хабардар болдық. Тағы қандай жоба-жоспар­ла­рыңыз бар?

– Біз жоғары оқу орнында­ зерт­теу­ жұмыстарына басымдық бере отырып, білім, ғылым мен прак­ти­ка­ның үштұғырлылығы негізінде жұмыс істейтін интеграцияланған акаде­мия­лық медициналық орталық ретінде жұмысымызды үйлесімді жалғас­ты­рамыз. Үкіметтің, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен универ­си­тет­тің 800 төсектік орын клиникасын салу жайы пысықталып жатыр. Ол жерде ТМД елдеріндегі ең ірі симуляциялық орталық салынбақ. Президент Әкімшілігі жобалық кеңсесі (President Delivery unit) және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен біздің университеттің базасында Акселерация орталығын құруды бастадық. Акселерация орталығы ден­сау­лық сақтау саласындағы кез келген стартаптарды және жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты ұсынысты тал­қы­­лайтын алаң болмақ. Сондай-ақ телемедицинаны дамыту жөніндегі құзыреттілік орталығын құруды қолға алдық. Бұл орта­лық елімізде (шалғай аймақтарды қоса алғанда) медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Сәндібек АСАНӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan»