Аймақтар • 30 Қараша, 2023

Нобель сыйлығының лауреатымен кездесті

144 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квонг Чунгпен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, «Қазфосфат» ЖШС-ның қызметкерлері, факультет декандары, ғылыми қызметкерлер және журналистер қатысты.

Нобель сыйлығының лауреатымен кездесті

Белгілі ғалыммен кездесуде университет ректоры Мұхтар Бай­жұманов Рае Квон Чунгтің ғылымда жеткен жетістігі мен оның ғылыми бағыты туралы жан-жақты ой қозғады. 

Басқосу барысында сөз алған әйгілі ғалым жаһандық климат­тың өзгеруі, аймақтағы су және эко­логиялық проблемалар жөніндегі пікірін ортаға салды. Ғалым кел­тір­ген дерекке сенсек, соңғы уа­қыттағы климаттық өзгеріс адамзат үшін зор қауіп төндіреді. Соң­ғы 4-5 жылда ғаламдық температура 1,5 есеге жоғарылаған. 2050 жыл­ға қарай температура 3 есеге дейін артуы мүмкін көрінеді. Оның пайымынша, климаттық өзгерістің зардабы болашақ ұрпақ үшін ауыр соғуы ықтимал. Профессор осы бір өзекті мәселемен күресу үшін оның шығу себебін, түп тамырының қайда жатқанын білу керек екенін тілге тиек етті.

– Мен климаттық өзгеріс туралы 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейінгі сараптамаларға сүйене отырып, проблеманың көзі  еркін на­рық­тық экономиканың салдары деген қорытындыға келдім. Яғни өнеркәсіптен бөлінетін көмір­қышқыл газы климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жылдар бойы көмірқышқыл газы­ның мөлшерін азайту керек деп айтқанымызбен ешбір шара қолданылмай тұр, – деген ғалым ендігі шешім адамзаттың өз қолын­да екенін сөз етті.

Ғалым келтірген дерекке сенсек, жасыл экономиканы өрістетуге кез келген адам қабілетті.

– Жасыл экономиканы қолдай­тын компания қосымша шығын шығаруға дайын болуы керек. Сондай-ақ тұтынушы да бұрын­ғыдай арзан өнім емес, сәл қымбат өнім алуға дайын болғаны жөн. Себебі қоршаған ортаға еш зиян келтірмей, көмірқышқыл газының мөлшерін барынша аз етіп өнім шығару қосымша технологияны, қаражатты қажет етеді. Нәти­же­сінде, өнім де қымбаттау болады. Ал бүгінгі таңда нарық сапаға емес санға, яғни қоршаған ортаның қауіпсіздігін ойламай жұмыс істеп жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, барынша көп, арзан өнім алуға тырысады. Оның салдары ластанған ауа, экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соқтырып жатыр. Жасыл экономика жағдайында нарықта екі түрлі баға жүреді. Қор­шаған орта қауіпсіздігін қолдай­тын тұтынушы сәл қымбат өнімді, табиғатқа зиян тигізбей жасалған тауарды таңдайды. Яғни таңдау адамдардың өз еркінде, – дейді ол.

Іс-шара барысында толғамға толы ойын ортаға салған ғалым «Мен бірінші боламын» деп аталатын бастамасын жиналған көпшіліктің назарына ұсынды. Экологияға еш зиян тигізбей өнім шығарып, өзге компанияларға, өндіріс орындарына үлгі болудың маңызын айтты.

Жиында Рае Квон Чунг Жам­был өңіріндегі қоқыс, қорша­ған ортаның ластануы проблемаларына да тоқталып өтті. Халық саны аз бола тұра қоршаған орта ластануының көрсеткіші жоғары болғанына таңданысын білдірді. Бұл қоқысты қайта өндіретін зауыт­тардың болмауынан және қоқыс үшін қосымша ақы төленбеуінен деп түсіндірді.

Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда өнеркәсіп орындарынан ешқандай қоқыс қалмайды екен. Яғни Оңтүстік Корея елінде өндірістік қалдықтар толықтай қайта өңделеді. Өндіріс орындарынан қалдық қалған жағдайда өнеркәсіп иелері үлкен көлемде айыппұл арқалайды. Тұрмыстық қалдықтарды 2024 жылы толықтай қайта өңдеуді көздеп отыр. Ол елде энергияның 20 пайызы қоқыстан алынады.

Профессор жасыл экономи­каны қолдау елдің өркендеу жо­лының кепілі екеніне бек се­німді. Бұл қадам өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, экономикаға жаңаша серпін беретінін жеткізді. «Мен бірінші боламын» мәртебесі өнеркәсіп ие­лері үшін жақсы мүмкіндік еке­нін тілге тиек етті. Яғни «қор­шаған ортаға зиян тигізбей жасалған» деген кішкене ғана белгі халықтың қолдауына ие болары сөзсіз деп сендірді ғалым.

Іс-шара барысында М.Х.Дулати универ­ситетінің ректоры Мұхтар Қазбекұлы  профессор Рае Квон Чунгқа пайдалы деректермен бө­ліскені үшін алғыс білдірді. Жи­налған көпшілікке алдағы уа­қытта Кореяның технологиялық уни­верситетімен IT мамандарын даярлау бойынша келісімшарт жасау жөнінде уағдаласқанын айтты.

Кездесу соңында универси­теттің ғалым­дары қонаққа көкей­кесті сауалдарын қойды. Корея­дағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жасыл экономиканы жүзеге асыру бойынша қойылған сұрақтарға Рае Квон Чунг кеңінен көсіліп жауап берді.

 

Тараз